ОРМАН – ОЙДЫҢ ОЛЖАСЫ

151

0

Орынбасар
Әлжіктің аты қазақ әдебиеті сатирасындағы қадау-қадау есімдердің қатарына тұрып
алғалы қаш-шан. А.Тоқмағамбетов, О.Әубәкіров, У.Уайдин, К.Әмірбек, Т.Әлімбек,
О.Әлжік… Базардан сатып алып сыйлық сыйлауды бәріміз де білеміз. Ал, тамам
жұртқа күлкі сыйлап көрдіңіз бе? Күлкі – қан тамырлары, жүйке жүйесі, бас, ас
қорыту, буын ауруларының емі. Мұны зерттеушілер айтады. Жақсы жазушы бізге
осыншама баға жетпес байлық сыйлап жүр екен ғой.

Осы
ризашылықты күнде жанымызда жүрген, облыстық тіл басқармасы басшының орынбасары
Орынбасар Әлжікке арнап жеткізгіміз келеді.

Орынбасар-Орман
өмірде өте қарапайым. Айтпақшы, Орман О.Әлжіктің әдеби лақап аты. Оның
қарапайым сөздерінің өзіне-ақ езу тартып тұрасың. Кейде Орекеңнің қасында
күлмейінші осы деп ойлайсың. Бірақ езуіңнен қашқан күлкі көтеріліп көзіңе
жетеді. Бәрібір күлесің.

Жақында
Орынбасардың «Есік көрген еркек” деп аталатын жаңа кітабы қолымызға тиді.
Ашпай-ақ, атына күлдік.

Өмір неден тұрады?

Өмір жеуден тұрады. Шах­мат­шы фигураны жейді, же­бір
ақшаны жейді, бастық қыз­мет­керін жейді, қызметкер үйіне ке­ліп әйелінің миын
жейді. Түбі «страдать” ететін әйел.

Солдаттың сұрағы

– Егер соғыс болса кімді қорғаймын?

– Отанды.

– Отан деген не?

– Ол жер.

– Жердің бәрін алпауыттар бөліп алып, сонда мен
солардың жерін қорғамақпын ба?

– Онда қаланы қорға.

– Қала толы бизнесмендердің ресторан, казиносы соларды
қор­ғаймын ба?

– Осы басың өзіңдікі ме?

– Иә.

– Онда басыңды қорға.

Таңдау

– Арақ беріңізші?

– Қандай?

– Мас қылатын.

Рұқсат сұрау

Жігіт: – Сіздің жүрегіңіздің акционері болсам ба
деймін.

Қыз: – Активтік үлесіңіз көп болса, байқап көріңіз.

***

Нарық заманы күшіне мін­ген­де Орманның айтқаны: – На­рық
социализмнің талтаңын көтер­мейді екен.

***

Руы қара күшік Орманның сәбиіне айтқаны: – Дай лапу!

***

– Әкеңіз нендей өсиет айтты? – деп сұрағанға Орманның
айтқаны: – Әкем арақ пен темекіні тартпа, домбыраны тарт деп еді. Соңғысының
соры бар екен, алдыңғы екеуінің бағы жанды.

***

«Көзімізге көрінбей кеттің ғой” деген әкімге Орманның
айт­қаны: – Көрінейін деп келіп тұрмын.

***

– Қасқыр жарасын өзі тілімен жалап емдейді екен, – деп
таңыр­қағанға Орманның айтқаны: – Енді ол «жарамды емдеңдер” деп больницаға
барады деп пе едің.

***

Отырыстан жалыққан Орман­ның айтқаны:

– Біраз бас жаздық, енді аяқ жазайық.

***

Орманның дәрігерден тәу­ір палата сұрағандағысы:

– Теле­визор көріп жатып ауырғым ке­леді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз