Құдайдан соңғы – Құдайың менмін…

1413

1

БИ АЛАҢЫ

Біз тосыннан жолықтық…

Би алаңы.

Қыз билейді. 

Ал, жігіт ұялады.

Ағаңның ауласы еді. 

Бәрі есімде,

Көңілім сол сәтті еске жиі алады.

Икемсіз мен сияқты пақырды әрең,

Сен биге шақырған ең.

Қара-құба қызды ойлап дәл сол түні,

Көз ілместен таңымды атырған ем.

Иә, иә, сенің ағаңның үйінде еді,

Тілашар той ма, қандай жиында еді?

Қонақтарды билету міндетің бе,

(Па, шіркін, саған сол да қиын ба еді?)

Қандай ғажап!

Сен үшін еленгенім,

Қолымнан ұстап сүйрей жөнелгенің…

Қалғаны еміс-еміс.

Білетінім:

Би бітіп қалмаса деп елеңдедім.

Сол қандай музыка еді?

Заттыбек пе?

Жеменей ме? (әйтеуір, жақты көпке…)

Жел жағымнан алмасып бара жатсаң,

Мас болдым деміңдегі тәтті лепке.

Би бітті.

Шалқтаған асқақ үміт,

Арманды ару айға тастады іліп.

…Есімді енді жиып сені іздесем,

Орынымда жүр екен басқа жігіт…

«Сезімнің иемденген қонысын кім?»,

Өлуге де бар едім сол үшін мың.

Қайта айналып келдім де батылсынып,

Өзіңе қол ұсындым.

Расында, арманым айға қонды,

Біз таныстар болмадық жәй ғана енді.

Ертеңінде телефон тізімінде,

«Гүлбану» деген есім пайда болды…

МЕНМІН

Бұл өмірдегі тылсымың – менмін,

Жүрегіңдегі дүрсілің – менмін.

Сағынғаныңда тәтті мұң – менмін,

Жаным, жаныңда шаттығың – менмін.

Нұрланбақ болашағың да – менмін,

Жырланбақ жаңа сарын да – менмін.

Тайғанда серттен, жексұрын – менмін,

Қайраңда шерткен өксігің – менмін.

Ұйқыға кетсең, түсің де – менмін,

Титыға кетсең, күшің де – менмін.

Оянғаныңда өңің де – менмін,

Жәй алдадың ба, өлім де – менмін.

Аяңдадың ба, сыңарың – менмін,

Аялдадың ба, тұрағың – менмін.

Қарасаң көкке шынарың – менмін.

Адасқан сәтте шырағың – менмін.

Бір айдан соңғы жұбайың менмін,

Құдайдан соңғы – Құдайың менмін!

Ғабит Кәдірбай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<