СЫРЛАСУ БАЯНЫ

178

0

СЫРЛАСУ БАЯНЫБүгінгідей кино, бейнетехниканың жоқ­ты­ғынан әрі
құнтсыздығымыздың ке­сі­рі­­нен кезінде Мұхтар Әуезов секілді ұлы­ла­рымыздың
небір асыл сөздері жазылып алынбай қалды.

Сол кемшіліктің орнын толтырайын, еліміздің көзі тірі
қайраткерлерін сөйлетейін, естеліктерін, толғаныстарын жазып алып, кейінгіге
сақтайын деген мақсатпен Еуразия университетінде телестудия ашқан едім.

Сол студияда әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл
Нұрпейісовті ғана жазып алып­пын. Мен университеттен кеткен соң, әттең, осы бір
пайдалы іс жалғаспай қалды.

Әбең 2003 жылдың 25-29 шілдесі ара­лы­ғында бес күн
бойы университет сту­диясына келіп жеті
жарым сағаттық бай­тақ әңгіме айтып берген еді. Қасына Ақселеу Сейдімбекті
отырғызып қойып едім.

Әбдіжәміл ағамыз ауызекі сөзге сараң, кірпияз, кез
келген жерде сөйлей бермейтін, әркімге ашыла бермейтін томаға-тұйық, тұңғиық
аспандай терең кісі ғой, құданың құдіреті, сол жолы ағынан жарылып, ше­шіліп
сөйледі.

Жеті жарым сағаттық бейнетаспа­ларды таяуда қайта
қарап, рахат сезіміне бөлендім. Суреткерді жаңаша, өзге қырынан танығандай
болдым. Абыз ағамыздың ау­зынан шыққан жауһар лебізді сыр сандықта сақтай
бермей, екшеп, ықшамдап, желісін де бұзбай, қаз-қалпында қағазға түсіріп, көп­шілікке
ұсынғанды жөн көрдім. Мұ­ның әдебиетіміз үшін де, Нұрпейісов мұ­ра­сын
зерттеушілер үшін де пайдалы болатындығында күмән жоқ.

Былайғы әңгімені Әбдіжәміл ағамыздың өзі баяндайды.

I

– Мен өзім ауызекі, шаппа-шап сөзге жоқпын,
теледидардан қысыласың, аузыңа дұрыс сөз түспейді. Ал мына тізелесіп отырып
әңгіме шертудің жөні бөлек. Ыңғайы келген сияқты. Әуелі бұл шіркінді бастау
қиын, арғы жағы көзін ашсаң, бұрқылдап шыға беретін естелік бұлағы секілді.
Менің өмірім жазылған хаттай, артыма бұрылып қарасам болды, көз алдыма сайрап
шыға келеді.

Біздің ру Жақайым, одан Бәйдібек, одан Бәйімбет
шығады. Бәйдібек батырлау, бір тайпа елдің басшысы, көсем болған кісі.
Әбілхайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай, алшайысып жүретін
өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды
делінген. Батырды жерлеуге Нұралыхан және Есет батыр келіпті.

Бәйімбеттен біз тараймыз, інісі Көлім­беттен қазіргі
Қырымбек Көшербаевтар та­райды. Жетінші атамыз Тайқожа батыр. Тай­қожа атамыз
құба қалмақпен біраз шайқасып, қолы басым түсіп, жеңіспен оралады екен.

О заманда қалмақ та, қазақ та көшпелі, бір соғыста
атамыздың санына садақ жебесі тиеді. «Жау марқайып кетеді» деп жарасын жасырып,
жаралы санын қанжығаға қайырып байлап, соғыса берсе керек. Сөйтіп жарасы
асқынып кетеді. Ағасы Қыдырбай дереу сынықшы алып келіп көрсетеді. Сынықшы:
«Аяқты кесу керек, әйтпесе өледі. Ол үшін төрт жерге төрт қазық қағып,
аяқ-қолын байлап, екі жігіт кеудесінен басып отырсын» – дейді. Өткір пышақ,
тұзды су, түйенің шудасын алдырып, ем-дом жасауға кәдімгідей дайын­далады.
Сонда Тайқожа: «Көзім тіріде кеудеме ешкімді мінгізбеймін, шыдаймын, төзімім
жетеді!» – деп дес бермей, аяқ-қолын кергізбей, тақиясын тістеп, ақырына дейін
шыдап жатса керек. Сынықшы оқ тиген аяғын кесіп, байлап, сырт­қа шығады.
Жігіттер батырдың қарысып қалған жағын қылыштың ұшымен ашса, тістелген тақия
қырқылып қалыпты. Содан әлгі атамыз Ақсақбөрі атанған. Бұл кісінің мінезін «Қан
мен тер» романындағы Еламанның бәзбір тұстарына қиыстырып келтірдім.

Мына қызықты қараңыз. Қыдырбай атамыздың кескін-келбетін
алып «Соңғы парызға» кіргіздім. Қыдырбай би бірде шөл ішінде ауылына қайтып
келе жатса, алдынан тепсең көгі бар ойдым-ойдым қақ шығады. Сайға қырық шатыр
тігілген, қырық нөкер, қырық қызыл нарды шөгеріп тастаған. Керуеннің иесі сол
кездегі айтқаны жүріп тұрған, елден салық жинап оралған Мәмбет правитель екен.

Есік аузындағы нөкерді серпіп тастап, атамыз
правительдің үстіне кіріп келеді.

– Ассалаумағалейкөм, – деп екі қолын ұсынса, тәкаппар
правитель қолын беруге ерініп, оң аяғын ұсыныпты дейді. Намысқа шыдай алмаған
би әлгі аяқты қамшымен тартып жіберіпті.

Правитель қаһарға мінеді. Сол жерде Қыдырбайды
ұстатып, дүре салады. Дүренің ауырлығы сонша – би: «Ай, мына жазадан өлетін
шығармын, Ақсақбөріге бір талатармын сені деп», – кейі­ген екен. Көп ұзамай көз
жұмады.

Шындығында біраз уақыт өткен соң ауылының тұсынан өтіп
бара жатқан Мәмбетті Ақсақбөрі жекпе-жекке шақырады. Ақсақбөрінің күші басым
боп, Мәмбетті сауырға сыпырып бара жатқанда, әлгі правитель сауға сұрайды.
Жекпе-жек соңынан екеуі биге жүгінеді. Би: «Бірі – батыр, бірі – правитель,
татуластырайық» – дейді. Мәмбет правительге айып салады, Қыдырбайдың қызын
Мәмбетке айттырып беруге кесім шығарады.

Алтыншы атамыз Қалдан – жуас, қой аузынан шөп алмас
момын кісі болыпты. Дегенмен, өз жөнін ақылына бағындырып отырады екен. Бесінші
атамыз Арғынбай – заманында би бол­ған, сөз білетін, от ауызды кісі деседі.
Бірде жол жүріп келе жатқан Арғынбай ауыл шетіндегі үйге келіп түседі. Үй иесі
дастарқан жайып: «Ареке, алдыңыз­ға жібек дастарқан жайдық, зерен қойдық, сол
зерендегі асқа ат қойып ішіңіз», – депті. Ыдыстағысы боза болса керек. Сонда Ар­ғынбай
тұрып: «Мынау мойтап деген ас екен, Ішіп ал да ой тап деген ас екен, Ақылды
ішсе – дана болатын ас екен, Ақымақ ішсе – диуана болатын ас екен», – деп ерніне
тигізіп, қайтарып беріпті деседі. Арғын­байдың басында құлпытас бар, оны баласы
Сыланбай кірешілерге ілесіп Орынборға барған кезін­де әкеліп орнатқан.
Сыланбайдан – Нұрпейіс, Нұрпейістен – Кәрім, Кәрімнен – өзім.

Нұрпейіс 1878 жылы дүниеден өтті. Сыланбай өте бай
болған. Орынборға кіре салған.

Тағы бір оқиға есіме түседі. Арғынбайдың кіші әйелі
жас, емізулі баласы бар екен. Кенеттен қол ойнатқан биқұт қалмақ тиіпті. Жау
жағадан алған кезде, әлгі жас келіншек дереу есін жиып, баласын бір кемпірге
ұстата салып, белін буып, бұрымын төбесіне түйіп, жиде қаданы қолына алып, әйел
басымен соғысқа кірісіп кетеді. Қалмақтарды тықсыра жөнеледі. Ат үстінде
ерлерше шайқасып дес бермейді. Бір мезетте омырауы ашылып кетіп, әйел екені
сезіліп қалыпты. Екі қалмақ кеудесіне қосыла найза салып, сол ұрыста анамызды
өлтірген екен.

Әлі есімде, Сыланбай атамыз қызыл жүзгеннен мұрындық
жасап отыратын. Маңайына жуық­таған жігіт-желеңге: «Сен­дер ғой жаспын,
мықтымын дейсіңдер, кеу­делеріңе нан піседі, шығыңдар, белдесейік», – деп
түрегеледі екен. Жігіт-желең үлкен кісінің қаһарынан қаймығып, беттемейді екен.
Әлі есімде: «Кеме қалған – кеме бар… Бір комендат келтірер» деп ыңылдап ән
салып отыратын жарықтық. Әсте Орынбордан кіре тартып, орыстармен беттескен
кезеңін еске алғаны болар, сірә. Жыра салып, қар суын тоқтатып, тары егіпті.
Әлгі жерді «Сыланбай қазған» деседі.

Әлім, шекті – жауынгер, өнерлі халық. Көтібардың әкесі
Бәтен, ал баласы Есет ба­тыр. Көтібар Шалқардан терістікте 74 ша­қырым жерде
жатыр. Есет батырдың бес ұлы болған, кіші ұлы Дәу кемтар, құныс болыпты. Батыр
әлгі ұлына Тілеу­дің әнші, ақын, сұлу қызын айттырып алып бермек болады. Өзінің
кіндігінен шыққан бір қызы болады. Ұзатамын дегенше әлгі қызы екіқабат болып
қалады. Тілеудің қызы – есімі Таразы, келін болып түскенде екіқабат екен. Іште
келген баланы бірде, «тәйт», деп қағып жібергенде, келіні ауыз жиғанша болмай:

Әй, ата, сен де кәріп, мен де кәріп,

Сен-дағы тұрған жоқсың тектен жарып.

Бұл үйге келген де екеу, кеткен де екеу,

Кетіпті үлкен үйге қыдыр дарып, – деп айтып салыпты.
Өле-өлгенше келінін сыйлап өтіпті, өсекшілерге бет қаратпапты. Көші-қон кезінде
Есет батыр келініне бұ­рылып, өзінің баласы кемтар Дәуді нұс­қап, өлең шығаршы
депті. Таразы сонда мүдірмепті:

Құйрығы келте келер торы тайдың,

Сықпытын көрмеймісің біздің байдың.

Құдайым жақсы болса алар еді,

Ғұмыры ұзақ болар осындайдың!

Сонда Есет батыр: «Мына келін жаман балама келген жоқ,
аруағымды сыйлап келген екен ғой», – депті. Сол Таразы – жазушы Ахтановтың
апалары.

Батақтың Сарысы деген болған. Ахмет Жұбановтың «Замана
бұлбұлдары» кітабында Батақтың Сарысы туралы бір тарау бар. Өзі батыр, өзі
әнші, орыстар атып өлтірген. Әндері шырқау, асқақ, биік ре­гистрде. Жастайынан
Шыманмен ұстасып үш рет түрмеде отырып шығады. Соңғы рет түрмеден шығып елге
келе жатып:

Басына шықтым шауып Айырықтың,

Дауысымнан құйқылжыған

айырылыппын,

Он екі ай қыз көрмеген сорлы басым,

Қатынға тезек терген қайырылыппын, –

деген сөздері әлі күнге ел аузында.

Баласы мен Батақтың атым Сары,

Кеудесі әрі-сәрі елдің бәрі.

Он екі ай қараңғы үйде жатқанымда

Қара шай бір қайнатым болды дәрі.

Баласы мен Батақтың ұзын мұрын,

Қараңғы үй көргенім жоқ бұдан бұрын.

Ат мініп, ала шапан киіп алып,

Сәндікке шығушы едік кешкіқұрым, –

деген өлеңі есімде қалыпты. «Қыз қосқан», «Тарлан»,
«Аттың сыны» деген әндері әлі күнге халықтың аузында. Бұлардың маған тікелей
қатысы болмағанымен, өзім сол Сары ақынның тұқымымын.

Өзім туған 1924 жылымды білгеніммен, айы-күнін
білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: «Қай күні тудым», – деп сұраған едім, «Оны
қайтесің», – деді. «Комсомолға өтейін деп едім». «Ит біліп пе. Теңіз жағасына
қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жар­ған қара
өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін»,
– деген еді жарықтық.

Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың
ортасында мешіт ұстаған. Имамы Бұхардан бітіріп келген Үмбет ақын. Беларан
деген аласа тау бар. Қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге
сұғып жатады. Сол жердегі ауылда оқыдым. Бізде Арқадағыдай аштық болған жоқ,
теңіз жағалап балық аулаған ашықпайды екен.

Зәт дегеннің үйін жалдап оқыдық. Кейде әйелі шығып:
«Бүгін сабақ болмайды. Қожайын ауырып қалды», – дейтін. Ол күні қуанып үйге
қайтамыз. Ақерке есімді сұлу апайымыз сабақ берді. Нұрпейіс ерте 53 жасында
қайтыс болды. Қаңтарда әжем қайтыс болды. Мен де шешемді мойындаған жоқпын.
Нұрпейістің кенжесі болып өстім. Сол жылы өзім жалаңаяқ болған соң мектепке
бармадым. Келесі жылы екінші сыныптан оқыдым. 3-ші сыныпты Құландыда, 4-ші
сыныпты Көкаралда оқыдым. Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-ші сыныптан
бастап дұрыстап оқыдым. 6-шы сыныпта интернатта жаттым. Әр мектепке ауысып
жүргендіктен сауатым шамалы болды. Әлі күнге дейін жазған сөйлемімнен көп қате
жіберемін.

10-шы сыныпты оқып жүріп, повесть жазғалы бел будым.
Әскерден қайта оралсам, – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді,
жоғалғаны жақсы болды.

Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп
ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде: Сол кездегі көп нәрсе көз
алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да
көп болды. Аштықта есектің етін жегендер болыпты. Мектепте оқып жүргенімде
күнде маған сүтке салып, бір кесе сөк беретін. Әкемнің екі әйелі болды.
Кешқұрым туыс­тар біздің үйге жиналады. Көшелі атамыз кіріп келіп, екі келіні
тазалап отырған шикі қаздың басын алып, тұмсығынан ұстап, аузына салып, ұзақ
талмап шайнайтыны есімде қалыпты. Бұл аштықтың тіршілігі еді.

1943 жылы мартта лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар
курсын оқытты. Курс маған қиын болды. Ұшқан кезде көп құсатын едім. Ұшақты
қондыру да маған қиын еді.

II

Әдебиеттің жолы мен үшін сәтті жол болды. Бәрі
алақанына салды, баладай әлдиледі. Әдебиет­ті жастайымнан жақсы көріп өстім.
Ақерке апайымыздың өзі ша­ла сауатты еді. Өзім сауатсыз болсам да, кейіннен
апайдың біреуге жазған хатын оқы­ғанда көз жеткіздім. Қатесі көп екен. Тіл
сындыртқан сол кісіге өмір бойы қа­рыздармын.

Алғашқыда қолыма түскен кез келген кітапты оқыдым.
Таңдау, талғау жоқ. Тасқа басылғанның бәрін оқыдым. Ең қатты әсер еткен кітап
С.Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» еді. Есімде қалғаны: «Мына жазушы әр кейіпкерімен
бірге жүріп жаза ма екен» деп ойлайтын едім. Сана шолақ еді. 10-шы сыныпта
«Балуаншолақ» повесін оқыдым. Мен 16 жасымда әлгі кітаптан алған әсерімді өзек
етіп «Балуаншолақты» жаздым. «Социалистік
Қазақстан» газетіне жазған С. Мұқановтың оқырмандарына жауабы көп сабақ
болып, көзімді ашты. Жазудың қиындығын ерте түсіндім.

«Қан мен терді» жазғанда Тәңірбергенге өзімнің әкемнің
інісі Нәжім көкемнің бойындағы бар қасиетін, болмысын беруге тырыстым. Сүйеуді
Сүйеубай дейтін кісінің болмысынан алдым. Ештеңе қосқаным жоқ. Көшіре салдым.

Шалқарға келгенде шешем мені көшеде жетектеп келе
жатты. Кенет кілт тоқтады. Есімізді жисақ, бір байдың үйінің ық тұсынан
жүріппіз. Бай үйінде пісіріп жатқан нанның иісі бізді есімізден тандырған екен.

Соғыстан кейін оқушы дәптеріне 12 бет етіп «Курляндия»
деген роман жаздым. Дәптерге қара қаламмен жаздым. Поезбен Алматыға келдім.
Күту залында жаттым. Ақшам болса да қонақ үй дегенді білмеймін. Көшеге шығып
ұшырасқан адамнан: «Мұқанов қайда, Әуезов қайда, Мүсірепов қайда», – деп үшеуін
кезек-кезек сұраймын, ешкім білмейді. Үшінші күн дегенде бір кісі: «Сен бұлай
жүріп таппайсың, Жазушылар Одағына бар», – деп жөн сілтеді. Сонымен Панфилов
паркінің төменгі жағында бір келте көшеден Одақ үйін тауып алдым. Есік аузында
тұрмын. Басынан желегі түспеген жаңа түскен келіншек секілдімін. Бір кезде
Тәжібаев келді, ақынды көргенде бойымды үрей билеп, тіпті, бұрышқа тығыла
түстім. Бір кезде Әбішев келді, Кәкімжанова келді. «Вильс» деген мәшинемен
Мұқанов келді. Ол кезде хатшы емес, төраға дейді. Мұқанов бөлмесінен шығып мені
көрді. «Неге келдің?» – деп сұрады. «Сізге келген едім», – дедім. Өзімде іштей
екі жоспар болды. Егер жазғаным ұнаса, өз аты-жөнімді айтамын, егер ұнамаса,
жалған аты-жөн айтамын ғой деп ойладым. Мұқанов аты-жөнімді сұрағанда мен:
«Каримов» дедім. «Қазір менің қолым тимейді, шаруам көп, Ғабиден Мұстафин деген
жазушы бар, соған жіберсем ренжімейсің бе, менің баяндамам бар еді», – деді.
Мұстафинге тілдей хат жазып берді. «Ғабиден! Мына Кәрімов жолдастың шығармасын
оқып, маған ертең түстен кейін келіп пікіріңді айтуыңды өтінемін, Сәбит» –
деген записка.

Ол кезде Ғабиден Мұстафин «Әдебиет майданы» деп
аталатын журналдың бас редакторы екен. Ғабиденнің үйін тауып алып, Сәбең берген
хатты ұсындым, оқушы дәптеріне қара қарындашпен жазылған шимай-шатпағымды
ұсындым.

«Бұл не?» – деді. Мен бетім бүлк етпестен: «Роман», –
дедім. Мырс етіп күлді: «Шырағым, роман деген үлкен нәрсе, мынауың 12 бет, не
айтуға болады», – деп тосылып қалды. «Тамақтан кейін ұйықтап алатын едім, бір
жарым сағаттан кейін кел», – деді. Ұйқыдан өліп бара жатырмын.

Вокзалдың күту залында үш күн шала ұйқы болған
адаммын. Көшеге шығып әр есікті қағамын. «Ұйықтап алайын», – деп өтінемін.
Ешкім кіргізер емес. Әлден уақытта бір орыс әйелі есігін ашып бетіме қарап
ойланып тұрды да, бәлкім, үстімдегі лейтенант киімім әсер етті ме, мүсіркеген
сыңаймен үйіне кіргізді. Қуықтай қараңғы бөлмесіне өткізді. Сынық диванға құлай
кетіп едім, қандала ду еткізіп түтіп қоя берді. Соған қарамай қатып ұйықтаппын.
Ертесіне Сәбит Мұқановтың бөлмесінде кездестік. Мұстафин: «Жазу қолыңнан келеді
екен», – деп айтқаны сол, қуанып кеттім. «Ағайлар, кешіріңіздер. Менің фамилиям
Каримов емес, Нұрпейісов» деп шынымды айттым сол жерде.

Мұқанов осы оқиғадан кейін біраз ойланып отырып қалды:

– Бала, енді не істейсің? – деді.

Мен:

– Елге барып романымды жазсам, – дедім. – Әкем соғыста
өлген. Елде бір немере апайым бар еді, соғыстың алдында татардан сатып алған
үйі бар еді, күйеуі соғыста өлген.

Сол жерде Мұқанов телефонды біраз бұрап Талалаев деген
кісіге телефон шалды, сөйтсем, әлгі кісі сол кездегі Главиздаттың бастығы екен.
Жарықтық Сәбең сол жерде қадалып отырып, мен үшін қалам, қағаз сұрады. Дереу
жеңіл мәшинесін беріп, әлгі телефон шалған бастыққа барып қайтуымды өтінді.
Талалаев маған 11 кіле қағаз босатты. Қайтып оралдым.

Сәбең иығына ауыр жүк түскен кісідей біраз ойланып
отырды:

– Ауданнан райкомды танисың ба? – деді.

Мен райком дегеннің не екенін білмейтінімді айттым.
Жазушы ағамыз көп әуреленіп, тағы бір қосымша жігіттерді жұмсап, Шалқар
аупарткомының бірінші хатшысының аты-жөнін сұрап біліңдерші деді. Ертесіне
келсем, Мұқанов Шал­қардағы Букешев Дәден деген райкомның бірінші хатшысына хат
жазып қойыпты.

Әлгі хатты ерінбей машинкаға басқы­зыпты.

«Мына жігіт дарынды, болайын деп тұр, роман жазады,
шығармасын аяқтағанша жәрдем беріңіздер» – деп жазыпты.

Рахмет айтып, хатты алып, қоштасып шығып бара
жатқанымда Сәбең қарлығыңқы даусымен:

– Бала, Пролетарская 11 деген адреске хат жазып тұр,
жоғалып кетпе! – деп қатты тапсырды.

Шынымды айтсам, сол кезеңде өзімнің тарапымнан қозғау,
сұрау, жалыну болмапты. Мен үшін күйіп-жанып, өзі ойланып, өзі кесіп-пішіп, бар
істі тындырып жүрген Сәбең ағамыз екен. Мұндай жақсылықты әкемнен де көрген
емеспін.

Сол кезде үлкен жазушы ағамыздың жойқын қызметін я
балалықпен, я шала­лықпен сезіне бермеппін. Осының бәрін кейінше ойлап,
өз-өзімнен қысыламын баяғы.

Қаңтардың бірі күні жол қапшығымды арқалап елге
шықтым. Шалқардан ауданның басшысын көп іздедім. Райком кеңсесін іздеп жүріп
тауып алдым. Букешев әкеліп берген хатымды асықпай оқып шықты. Хизматулин деген
қалалық сауда бөлімінің бастығын шақырып алды. Ерінбей отырып тізім жасады. 22
зат, ішінде тұз, сіріңке, сабын, тағы сондайлар толып жатыр. Таңғалғаным сонша,
талып түсе жаздадым.

Әскерде жүргенде тамақ байдан, өлім құдайдан деп жүре
беріппіз. Төрт жыл соғыста елдің жағдайын еш білмейді екенбіз. Коммунизмде
жүріппіз. Енді келіп қарап тұрсақ, елдің жағдайы өте ауыр, тұрмыс жұтаң, нан,
тұз, сабын бәрі карточкамен беріледі. Елде жылан жалағандай, түк жоқ. Ішетін
тамақ жоқ. Қарындаш-қағаз жоқ. Кілең жамау-жасқау, киім өрім-өрім.

Апайым барып әлгі 22 түрлі затты алып келгенде,
көршілер кілең ебіл-себіл, жалаңаш, аш, аспаннан шұға жауғандай сезінді.
Сонымен мен 1947 жылы бірінші қаңтар күні романға отырдым.

Көшеге шығып бір қызбен танысып, аздап жүріп қойдым.
10-шы сыныпты бітірген әп-әдемі қараторы қыз екен. Алдында мектеп директорымен
байланысы болған секілді. Екіқабат болып қалды.

Ұзамай Аралға кетіп қалдым. Бізге шөбере, Рыбсоюзда
бас бухгалтер болып істейтін, үш бөлмелі үйі бар, тұрмысы тәуір ағай бар еді,
соны сағаладым. Мамыр айында Сәбит мені шақырды. Бардым. Жазғанымды көрді де,
Т.Нұртазин есімді сыншыға оқытуға жіберді. Қонақ үй қымбат, жатқанда – вок­залда
күту залында жатамын. Сағат екіден кейін ғана ұйықтауға болады. Нұртазин жазба
түрде пікір жазып берді. Қайта айналып Сәбитке келдім. Кешқұрымғы уақыт. Сәбит
кетейін деп жатыр екен: «Мәшинеге мін, жо­лай апарып тастайын», – деді маған
бұрылып: «Қай қонақ үйде жатырсың?»

Мен екінші вокзалда, күту залында қонып жүргенімді
айттым.

– Ойбай, көтек, – деді, сөзінің сияғы сон­дай еді
Сәбеңнің, – ендеше, Өксікбай, үй­ге тарт, біздің үйге барамыз, – деді жүр­гізушісіне.

Сәбеңнің үйі Артиллерийская, 35, осы күнгі Құрманғазы
мен Фурманов көшесінің бұрышында, особняк үйде екен. Мәриям жеңгей күліп қарсы
алды. Ұйқыдан өліп бара жатырмын.

– Мәке, мынау пақыр бала вокзалда жатады екен. Бүгінше
үйде қонып шықсын, – деді Сәбең.

Ғұмырымда бірінші рет, 47 жылы мамырда, ас үйдегі
диванда, асты-үстім әппақ сейсеп, рахаттанып қатып қалыппын. Ертеңгісін
бауырсақпен шай іштік. Сәбең сөз бастады.

– Мәке, пақыр бала вокзалда жатады екен, әдебиетші,
шығармасын оқыдық. Кеткенше біздің үйде жатсын, – деді.

Сонымен, Сәбеңнің алты баласы бар екен, жетінші баласы
болдым. Астымда әппақ төсек, алдымда ыстық шай, жылы үйде жатамын. Ұйқыдан өліп
қалған басым күнұзаққа домалап жата беремін. Төрт күн­нен кейін қайтатын болдым.
Жол жүрерде Сәбең:

– Сен бала, телефонды жазып ал, енді келетін болсаң
42-15 телефонға званда, я хат жаз, я хабарлас, – деп қатты тапсырды.

1947 жылдың қазан айында жас жазу­шылардың
Республикалық кеңесі өтті. Семейден – К.Оразалин, Ақтөбеден – Т.Ах­танов,
соғыстан жақында оралған беті Мәу­ленов, Молдағалиев, Шәймерденов, ығай мен
сығай сеңдей ығысады. Мендей емес, керемет дайындығы бар ма, Тахауи сөз
сөйледі. Сол сөзімен-ақ Союзға мүшелікке өтті. Зейнолла бір өлеңімен мүшелікке
өтті. Сол жолы Кәмен одаққа мүше болып өтті. Мен өткенім жоқ.

Елге қайттым, баяғы романды аяқтасам дей­мін.

Аралдың шет жағында, ауданда, ағайдың үйін­де тұрып
жаттым. Таң қараңғысынан оянамын, үй мұздай. Отын аз. Сығырайтып майшам
жағамын. Әлі күнге ерте тұратыным содан. Саусағым, мұрным қатып қалады. Көр­пеге
оранып отырып жазу жазамын. Ағай мен жеңгей қолдан келген жағдайын жасап ба­ғады.

1948 жылы наурыз айында бірінші хатшы Шаях­метов,
идеология хатшысы Омаров ел-елден жазушыларды шақырып жиналыс өткізді. Сол
жиналыста Сәбит сөйлеп:

– Нұрпейісов әскерден келді, роман жазып жатыр,
талантты, менің қазақ әдебиетінде жиырма жыл күткен адамым енді келді! – деп
жұртты елең еткізіпті.

Бұл жолы жазғанымды тағы қарауға Нұртазинге жіберді.
Артынша Мүсіреповке жіберді. Мүсірепов ыңыранып сөйлейтін кісі екен, наурыз
айында ЦК-да өткен жиналыста болғанын айтты: «Сәбит бүлдірмей жүрмейді. Жиырма
жыл күткен адамым келді деді». Сонда Шаяхметов: «Сәке, жас жігітті бұлай
мақтауға болмайды», – деп қайырып тоқтатып тастады», – деді.

Сәкең бұдан бұрын бұл оқиғаны өзіме айт­қан: «Сол
сөзім Мүсіреповке тиіп кетті», – деген еді. Ішім қылп ете қалды.

Әңгімеміз жүйесіздеу болып бара жа­тыр ма, қайдам. Бұл
өзі архивке берілетін материал, қажетіңе жарайтын болса, маңызы табылса –
осынау ажарсыз әңгімеден бір­деңе шығып қалар. Бір аңғаратын, астын сызатын
жайт: кішкентайымнан, көзімді тыр­нап ашқаннан талпыну, ынта, жігер те­гіс
айтылды. Сол кездегі Сәбең, Ғабиден, Нұртазиннің ықылас-пейілі, қамқорлығы,
адам­шылығында шек жоқ. Сәбең жарты жыл­да алдына бір шақырып алады. Шақырып
ала­ды да былай дейді:

– Мына қағазды ал, арыз жаз, менің атыма, 3мың
сом сұрап жаз, – дейді.

Арыз жаза алмайтынымды айтамын. Сонда өзі айтып отырып
жазғызады. Бұрыш­тама соғып ылғи қолыма үш мың сом ұс­татады. Бұл не қылған батпан
құйрық деп ойлаймын. Сөйтсем, литфондыда жас жазу­шыға арналған қайтарымсыз
жәрдем болады екен. Кейінше білдім.

1948 жылдың мамырында болар, Сә­беңнің үйінде жатам.
Бір жолы Мұста­финнің үйіне қондым. Ертесіне қайтып айналып үйге келсем, үстел
үстінде қағаз жатыр. Сәбеңнің кіші қызыл тілі келмей, мені «Әбижәми» дейтін,
қайтыс болғанға дейін мені «Әбижәми» деп өтті. Сол запискада төмендегіше сөздер
жазылыпты. «Әбижәми! Мүсіреповпен келістім. Шығармаңды оқи­тын болды. Үйіне
барып оқытып тұр. Есіңде болсын, Ғабит мендей жалпақшешей емес, алды тар,
қытымыр адам, байқа», – деп жазыпты.

Осы жерде есіме түсіп отыр, Жамбыл – өзіміздің Жәкең –
өзі білетін әдебиет маңайындағы адамдарға ат қойғыш еді. Мысалға: Сәбитті –
Балуаншолақ дейтін; Ғабитті –Иіс май дейтін; Әуезовті – Қоңыр; Әбділдәні
–Толағай; Шаяхметовті – Таз; Оңдасыновты – Қоңырат; Ғали Ормановты – Ұнға басын
тығып алған бұқпа торғай бала; аудармашы Павел Кузнецовті – Шернейсоп дейтін.
«Ол кісі ренжіп қалады ғой», – десең: «Қызын пәлен етейін, сендерше солай
шығар, мен үшін әлгі орысың Шернейсоп», – деп тұрып алатын. Шамасы, жас кезінде
Ташкенге кірешімен бірге барғанда Шернейсоп деген орыспен істес болса керек.

Осы кісілер, ағаларымды айтамын, неге екенін
білмеймін, әдебиетке апыл-тапыл жаңа ғана келген маған ерекше қамқорлықпен
қарады. Алды тар, қытымыр дейтін Ғабиттің өзі бауыр тартып басқаша қарады:
Кенен Әзірбаев ол кісіні князь дейтін. Хұсни жеңгей көйлегін өтектеген кезде су
бүрікпей, су орнына тройной одеколон бүркіп өтектейді екен. Сол кісінің өзі
жазғанымды оқып шығып, сөзімді тыңдап: «Пікі­рімді орысша жазайын ба, қазақша
жазайын ба» деп сұраған еді. Мен қысылып қалдым. Ол кісілердің алдында өзімді
әдеппен, кейде кереметтей ибалы ұстаушы едім, Сафуан, Тахауи емін-еркін
сөйлесетін. Өзім қысыла беретін едім.

Ғабең пікірін жазып, Союздағы Вален­тина Петровнаға
басуға беріпті. Пікірі төмен­дегіше шықты. Қайнекей хатшы, оқып берді. «Қазақ
көркем сөзінің мықты бір тұлғасы болады деген сеніммен!» деп жазыпты. Алды тар,
қытымыр, тәкаппар, тік мінез деген кісінің жазғаны осындай.

Сол хаттардың, записканың бірі де жоқ. «Курляндияның»
қолжазбасы да жоқ. Баяғы ауыл баласының ойлау қабілетімен қалдым. Ешқандай
қолжазбам сақталмапты. Қазақы, кеңқолтық, жайбасарлығым жеңіп кете ме, батыстың
мәдениетіне, қабілетіне үйрене алмай-ақ қойдым.

Мені тұлғалар өсірді. Өсу жас кезде де, есейген шақта
да үзілмейді екен. Шынын айтсам, кәсіби шеберлік жағынан бір ықпал,
жүріс-тұрысы жағынан бір ықпал, ойымен, парқымен бір ықпал ететін адамдар
өмірде көп болды. «Сізге қоғамда кімдер ықпал жасады» дегенде соғыстың алдында
да, соғыстан кейін де жазушылығыма бірі – Әуезов, екіншісі Мұқанов үлкен ықпал
етті. Бәріне тоқтала бермей-ақ қояйын.

Соғыстың алдында, соғыстан кейін де бір-біріне
текетірес екі көзқарас, екі пікір қайшылығы алдымызда көлденеңдеп жатты. Осы
екі текетірестің басында екі үлкен тұлға тұрды: Бірі – Әуезов, екіншісі
Мұқанов. Екеуінің көзқарасы көбіне бір-біріне қайшы келіп жатты. Әдебиет бұл
күнгідей емес, қызықтау еді. Қолжазбаға, жаңа дүниеге немкетті қарамайтын,
жанын салатын. Одақ іргесінде талқылау қызу жүріп жататын. Пьеса, поэма, роман
болсын, я Одақта, я бір үйге жиналып алып оқып, дуылдасып тал­қылап жатушы
едік. Айтыс қызу жүретін. Ресейде, өткен ғасырда «Литературный са­лон» деген
болды. Біздің бас қосуымыз соған ұқсайтын. Кешегі күні ПЕН-клубты сондай қызу
талқылау үшін ұйымдастырған едім, жылы пейілмен ұшырасатын дастарқан басын,
пікір-талас үстелін құрғым келді.

Сәбең «Ш.Уәлиханов» пьесасын үйіне кісілерді жинап,
дастарқан басында отырып тал­қылаған еді. Жиында Шыңғыс Айтматов болды.
Сызданып отырып Ғабит Мүсірепов соңынан сөйледі. Әлі есімде: «Ақылдың қасіреті»
пьесасында Чацкий Петербордан кететін кезде, мына азып-тозып бара жатқан
қоғамға, надан қауымға, тоғышарларға қаратып айтпаушы ма еді: «Маған күйме!
Әкеліңдер күймені!» деп, Шоқан да сол Грибоедов кейіпкері секілді бір сілкініп
алып, тоғышар, тымырсық қауымнан кетуі керек қой», – деп көсілген еді ол кісі.
Содан кейін Одақта талқыланды. Ол талқылуда Мұхаң ұзақ төгіліп сөйлеген еді.

Қазір қарасам: ондай талқылаудың аты да, заты да жоқ.
Жазушыға бір сын-пікір айтсаң, өмір бойы көрместей болып кетеді. Баяғы
ағаларымыз әлгідей жиын үстінде жүз шайысып кетіп, артынан сүйісіп, қоштасып
жатушы еді. Жеке басын сыйлауға келгенде – ауызбірлігі басым түсіп жататын.
Бір-бірінің қадір-қасиетін қатты түсінуші еді, бағалай білетін.

Мәскеуде оқып жүрген кезім. Ғали Орманов «Анна
Каренинаны» аударыпты, соған 1948 жылы 25 бет пікір жазған едім. Рецензияны
журналдан оқыған Сәбең: «Әри­не ол аудара алмайды. Қарымы жететін Әуезов қана»,
– деді. Екінші бір жолы Сә­бең: «Қазақ жазушыларының ішінде Мұх­тардай тілі бай
шебер жоқ», – деген еді. Көріп отырсыз, бір-бірін сыйлауға келгенде ылғи
биіктеп сөйлейтін, азаматтық тұлғасы әлдеқайда жоғары еді.

Әдебиетке келуіме әрқайсысының орны, ықпалы болды.

Қырқыншы жылы «Ботагөзді» оқыдым, әдебиетші болуға,
көзқарасымның қалыпта­суы­на роман үлкен ықпал етті. Әйтсе де, неге екенін
білмеймін, тікелей жауап бере алмаймын: жазушылық ішкі сезім дейсіз бе,
инстинкт дейсіз бе, Мұхаңа іштей жақын болдым, тәнті едім, Әдебиеттегі
академигім, ұстазым, әйтсе де, жан-тәніммен жақындасып кете алмадым.

Шынымды айтсам, күркіреп, дөңбекшіп жат­қан теңіз
жағасында тұрған кісінің бойын әлдеқандай үрей билейді емес пе? Теңіздің түп­сіз
тереңдігінен бе, әлде арсы-гүрсі жағаны ұр­ған толқыннан ба, әйтеуір, кісіні
үрей сезімі тұсап тастайды. Мен үшін Әуезов те сондай болатын. Қорқатын едім
дегенді ауызға алмай-ақ қояйын, Мұқаңнан жүрексінетін едім. Шыным осы!

Сәбеңнің «Өмір өткелдеріне» 8,5 бет сын жазған едім.
Ол кісі мақалама қатты ренжіді. Әлгі сын батып кеткен болуы керек. Өмірінің
соңғы кезінде біраз уақыт көрмей кетті. Бір күні үйінің алдында отыр екен.
Герольд екеуіміз көше бойлап келе жатып беттесіп қалдық. Сәбең басын көтеріп
алды да жарықшақ даусымен:

– А, жолдас, келіп қалдың ба, білгіш болсаң, айтшы, –
деп қолындағы таяғымен жаңа туып келе жатқан көктегі бір жұлдызды нұсқады, –
анау жұлдыздың аты не? – дейді.

Жауап бере алмадым. Ренжіп жүргенін білдім. Кейінше
үйге шақырып жібердім, алдына бас тарт­тым. Дастарқан басында шарт жүгініп
алып:

– Әй, Әбижәми, осы сөзіңді маған берші, – деп жиырма
минөттей көсіліп сөйледі жарықтық.

Сөз кезегі келгенде «Мұқаңмен неге біраз уақыт бас
араз болдыңыз», – деген көлденең сауал қойдым. Сонда ол кісі:

– Кәрі орыс мұсылман болмайды деген. Біз әдебиетке
келгенде тап тартысы өртше қаулап тұрған. Мен Маркс, Ленин идеясына құлай
берілдім, кедей таптың сойылын соқтым, сол таптың сөзін сөйледім. Бәлкім, өзім
кінәлі шығармын. Біздер сол тап тартысымен бұрылмай кеттік қой. Әлеуметтік
қалыптасқан көзқарас та Мұхтармен ара-жігімізді ажырата түсті, – деген еді.

III

Өз басым Мұхаңды 1948 жылы сәуірде алғаш рет көрдім.
Одаққа келгенде алдымнан Әуезов шыға келді. Зәрем ұшып кетті. Деңгейіме келе
бергенде: «Сәлеметсіз бе», – деп сәлем бердім. Ол кісі кілт қайырылды, кідірді.
Жүзіме қарап тұрды.

– Роман жазып жүрген сен баласың ба?

– Иә, мен едім.

– Оперный театрдың қарсысындағы сары үйде тұрамын.
Ертең сағат он кезінде үйге келші. Жазып жүрген романыңнан таңдап үш үзінді
алып кел, – деді.

Ертесіне Мұхаңның үйіне келдім. Кабинеті қора жақта
екен, кішілеу, үстелінде мәрмәр қаршыға. Бөлмесіне бастап келді. Қолымнан
үзіндіні алды. Өзі оқып шықты. Не дер екен деп жүрегім лүпілдей соғады.

– Оқтың тілі шолақ, сен бала майданға барып тіл тапқан
екенсің!.. – деді біраздасын барып.

Жалғыз ауыз айтқан сөзі осы болды. Бұл сөз менің өмір
бойғы жадымда қалды.

Сосын ас үй жаққа бұрылып дауыстады:

– Валентина Николаевна, нас накорми, пожалуйста, –
деді. Ас үйге шығып салқын етпен шай іштік. Ел-сел болып терлегенім есімде.
Шайды ішіп бола берген кезде Мұхаң:

– Бүгін опера және балет театрында сағат 12.00-де
декадаға баратын концертті үкімет қабылдайтын еді, соған баратын ба едің? –
деді.

– Жоқ, шақырылған емеспін.

– Онда бірге барайық, – деді Мұхаң.

Сонымен Мұхаңа ілесіп театрға келдім. Мұндай үлкен
мәдениет ошағын бірінші көруім. Сахнаға тақау орындықта, сол жағымызда үш адам:
Шаяхметов, І.Омаров, Байсейітов жайғасыпты; оң жағымызда қырық шақты кісі тізе
бүккен. Алдыңғы қатардағы Сәбиттің жанында екі орын бос екен. Біздер барып
сонда жайғастық.

Бір кезде оң жақтан қаншырдай қатқан арық жігіт шықты
да қолындағы жіңішке шыбығын көтеріп қалып еді, Құданың құдіреті! Алдымыздағы
апан орда үймелеп отырған кісілердің аспабы ду ете қалды. Құрманғазының әуені
жер дүниені кернеп ала жөнелді. Орнымнан қалай тұрып кеткенімді білмеймін.
Аузым ашылып, еңсемді салып, әлгі орға құлап түсетін кісідей емініп тұрып
қалыппын. Бір кезде әлгі арық жігіттің шыбығы шошаң етіп төмен түскен еді.
Гуілдеген саз-әуен сап тыйылды. Қатып тұрған күйі қалыппын. Мұхаңның қоңыр үні
естілді.

– Әй, Әбдіжәми, сен бұрын оркестрді тыңдамап па едің?

– Жоқ, – деппін аузымды әрең жиып.

Мұхаң біртүрлі тыжырынған қалыппен:

– Бәлі, өзі роман жазып жүр, әлі нетронутый мальчишка!
– деді.

Осындай-осындай өмір ғой. Мұхаңнан ғұмыр бойы
қашқақтап жүрем. Тағы бірде көзіне түсіп қалдым. Бұл 1955 жылғы сәуірдің аяқ
кезі болатын. Литинститутта оқып жүрмін. Үш кісі институт алдындағы жайдақ
орындықта күншуақта отырғанбыз. Бір қарасам, Мұхаң оқу орнының шеберханасынан
шығып келе жатыр екен. Мені көріп:

– Қолың бос па, – деді, – біраз кітап алып едім,
орталық дүкеннен сол кітаптарды салатын саквояж алуым керек, жолға шығамын,
менімен жүресің бе? – деді.

Тіркесіп, ұшқасып көшеге шықтық. Соболевпен аралары
суып жүрген кезі екен. Маған бұрылып сауал қойды:

– Әбдіжәми, Соболев сендерге барыпты ғой, кім болып
істейді ол? – деп сұрады.

– Кафедра меңгерушісі болып келді, – дедім.

– Бәлі, кілең оңай ақша іздеп жүретін адам еді, жылы
жерді тапқан екен, – деді басын шайқап. Сонымен орталық әмбебап дүкеніне соғып
Мұхаңа саквояж алдық, өзім қырынатын оны-мұны нәрселер сатып алдым. Көшеге
шығып қош айтыстық. Қоштасарда Мұхаң маған бұрылып:

– Мәскеу қонақ үйінде жатырмын, қазір Одаққа барып
қайтам, соңыра кел, отырып ас-ауқат ішейік, – деді.

Неге екені есімде жоқ, сол жолы Мұхаңды іздеп қонақ
үйіне бара алмадым. Әлде ұялдым, әлде қысылдым, анық-қанығы есімде
қалмапты.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

академик, қоғам және мемлекет қайраткері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз