130 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

59

0

Сыр өңірі бас шаһарының Қала күні мере­кесіне құры­лысшылар лайықты тарту жасады. Аймақтағы белгілі құрылыс компаниялары – «Мұнайқұрылыс», «Сыр құрылысы» және «Интегрострой» серіктестіктерінің «Қол­жетімді баспана-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары аясында Сұлтан Бейбарыс көшесінде тұрғызған үш үйі пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 60 пәтерлік, 30 пәтерлік және 40 пәтерлік осы үш үйде барлығы 130 отбасы қоныстанды.

Жаңа тұрғын үйлердің ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі.

Баспана адам өмірі мен тұрмыс тіршілігінде зор маңызға ие ең басты қажеттіліктердің бірі. Елбасының қолдауымен соңғы жылдары елімізде қаншама отбасы жеке пәтерге ие болды. «Азаматтардың өмір сүру сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі» деп Елбасымыз атап өткендей, бүгінгі күн қала және оның тұрғындары үшін ерекше күн. «Қолжетімді баспана-2020», «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламалары бойынша беріліп отырған осынау үш үйдегі 130 пәтерде Сыр елінің азаматтары – жас отбасылар керегесі кең, босағасы берік шаттыққа толы қоныс тойын тойлағалы отыр. 2014 жылы барлығы 750 пәтер орналасқан 22 үй пайдалануға беріледі. Бүгін жаңа пәтер кілтін алатын жандардың арасында балалар үйлерінің түлектері де бар. Оларға айтарым, «Сіздер, әке-шешем жоқ деп уайымдамаңыздар. Сіздерге әке-шешелеріңіздей қамқорлық жасайтын Тәуелсіз еліміз бен Елбасымыз бар», – деген аймақ басшысы Қала күнімен қатар «Алтын күз-2014» мерекесі де тойланып отырғанын жеткізді. Қырымбек Елеуұлы облыс диқандары мерекеге лайықты жетістіктерімен келіп отырғанын атап өтті. Биыл егіншілеріміз күріштің әр гектарынан 50 центнерден артық өнім жинап отыр. Бұл еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі уақыт ішіндегі ең рекордтық көрсеткіш болып саналады.

Салтанатты шараға қатысушыларды мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі мұнан кейін жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыс етті. Баспанаға ие болғандар арасынан жас маман М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж мұғалімі Сандуғаш Қылышбаева өзінің жүрекжарды лебізін жеткізсе, ақ жаулықты аналар баталарын берді.

Бұдан кейін облыс әкімі Гүлнар Үргенішбайдың пәтеріне кіріп көрді. Бұл отбасы облыс орталығына Қазалы ауданындағы әлеуеті төмен Үйрек елді мекенінен көшіп келген. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында отағасы Ақылбек газдандыру саласы мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтсе, Гүлнардың өзі оператор мамандығына оқып алған. Қазір ол үш баламен үйде отырған жайы бар, ал жолдасы құрылыс саласында жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін әр жерден пәтер жалдап келген отбасы міне енді үш бөлмелі жайлы пәтерге ие болып отыр.

Жайылған дастарханнан нан ауыз тиген аймақ басшысы жаңа баспанаға ие болып отырған отбасы мүшелерін тағы да құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Олар өз кезегінде өздеріне жасалып отырған қамқорлық үшін мемлекетімізге, Елбасымызға, облыс басшылығына шексіз риза екендіктерін жеткізді. Қырымбек Елеуұлы қоштасар сәтте отбасына тоңазытқыш тарту етті.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз