КӨРКЕМ ОЙДЫҢ КӨБЕСІ СӨГІЛДІ

  Облыстық ішкі саясат басқармасы және «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» қауымдастығының ұйымдастыруымен қаладағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапханада «Рухани жаңғырудың тірегі – ұлттық тіл» атты шығармашылық және өнер саласының өкілдерімен кездесу кеші өтті.

Кеште белгілі ақын, сценарист, Жастар театрының режиссері, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов, ақын-сазгер Өтемұрат Зияев, талантты ақын, халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін иегері Ержеңіс Әбдиев шығармашылық туралы ой орамдарын ортаға салды.

Шара барысында сөз алған Өтемұрат Зияев осы күнге дейін 15 әні «Елім менің» атты республикалық жинаққа енгенін, жалпы шығармашылығына патриоттық тақырыптарды арқау ететінін айтады. Сөзін түйіндей келе қолына домбыра алып, «Жыр бастауын» орындап берді.

Әйгілі «Қорқыт – Қобыз» әнінің авторы Оңталап Нұрмаханов мәртебелі өнер жолының ерекшелігі жайлы ой өрбітті.

– Жалпы  өнерге келу, өнердің жүрегі болып соғу құрсақтан, құндақтан бастау алатын қасиет. Оған қоса, бойыңда терең білім, табиғат берген талант болуы керек. Тың туындылар тууы үшін кейде тағдырдың тепкісін көру, оны жеңу де – ләззат, – дейді ол. Осы арада оқырмандардың сұрауы бойынша ақынның жыр жолдарына кезек берілді. Бүгінгі болмыс пен болашақ жайлы  толғанысқа толы туындыларды жастар жалындата оқыды. Сондай-ақ, бүгінде режиссердің жастар театры сахнасында қойылған «Алғашқы махаббат», «Қасқыр – қыз», «Неге?» атты қойылымдары  жастар өмірінен сан қилы сыр шертеді.

Сөз өнерінде жастайынан жарқ етіп көрініп, аламан айтыстарда айрықша қабілетімен танылған Ержеңіс Әбдиев өз бойындағы таланттың әкесінен дарығанын айтады.  Сондай-ақ, ұстаздық жолда қызмет етуде де  әке тәрбиесінің ықпалы зор болған секілді.

– Мамандығым – математика пәнінің мұғалімі. Әйтсе де шығармашылыққа аңсарым ауып, шабыт толқыған сәттерде жыр шумақтары толассыз туындап жатады. Алғашқыда, жастықтың жалт еткен әрбір сәтін жырға қосуға ұмтылатынмын. Ал қазір руханият, ұлттық ерекшелік, имандылық тақырыбына қалам тербеуге ден қойып жүрмін, – дейді ол. Осы тұста ақынның шәкірттері оқыған сыршыл өлеңдері кеш қатысушыларына керемет әсер сыйлады.

Көркем ойдың көбесі сөгілген, көңілден ән-жыр төгілген  керемет кешті «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбай жүргізді.  

Шараны қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және әдістемелік жұмыстар бөлімінің басшысы Ләззат Есімова кешке қатысқан өнер өкілдеріне алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. 

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

АҚПАРАТ 31 мамыр 2018 г. 511 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031