Партия қатары жаңа мүшелерімен толықты

Астана күні мерекесі қарсаңында  “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев партия қатарына жаңадан қабылданғандарға мүшелік билет табыстап, бірқатар азаматты Алғыс хатпен марапаттады. Жетекші партия қатарына медицина саласының қызметкерлері, спортшылар, мұғалімдер мен өнер саласының мамандары қосылды.   

Салтанатты шарада аймақ басшысы партия қатарына жаңадан қосылған азаматтарды мерекемен құттықтады.

– Біз осындай санаулы мерзім ішінде Еуразияның маржанындай болған, әсем де көрікті қала тұрғыза алдық. Бұл барша қазақстандықтардың береке-бірлік, тын­дырымды тірлігінің арқасында іске асқан дүние. Сол себепті Астана – елі­міздің бойтұмары іспетті. Сыр елі де осы бас қалаға қарап бой түзеп келеді. Сол жағалауды қолға алу соның айқын көрі­нісі. Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында еліміздегі жетекші саяси ұйымның қатарына жаңадан қабылданып жатқан азаматтарды Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жоспарларын жүзеге асыру жолында белсенді жұмыс жасауға шақырамын. Партияға мүшелікке қа­был­дану үлкен жауапкершілік. Осы жауап­кершілікті сезіне отырып, аймақтың өсіп-өркендеуіне партия мүшесі ретінде сіздердің де лайықты үлестеріңіз бола­тынына сенемін, – деді өңір басшысы.

Партия қатарына енген жаңа мүше­лер атынан сөз алған “Qyzylorda” телеарнасының тілшісі Толқын Қабылша өз кезегінде алғысын білдірді.

– Айтулы мерекеде көшбасшы партия­ның қатарына қабылдану – біз үшін зор мәртебе. Сөз өнерін қастерлеп, қадірлісін тәу еткен қаламгер ретінде бас партияның ұстанымын берік ұстап, еліміздің дамуы мен қоғамның  көркеюі жолына әрқашан өз үлесімді қосуға дайынмын, – деді.

Салтанатта жетекші партия өкілдеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етілді.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

АҚПАРАТ 06 шілде 2018 г. 137 0