Мал шаруашылығының иелерімен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз

«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС – іргетасы 1905 жылы құрылған республикадағы ветеринария саласының қарашаңырағы.
 Серіктестіктің «Қызылорда ветеринария ғылыми-зерттеу стансасы» филиалы 2015 жылы заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеуде. Филал негізінен ҚР Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына ғылыми-өндірістік, технологиялық ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу, ветеринария саласында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, облыс көлемінде эпизоотологиялық мониторинг жүргізу, індет ошақтары анықталған жағдайларда шығу себептерін анықтау, мал шаруашылығы құрылымдарына келісім-шарт негізінде ғылыми-практикалық көмек көрсетумен айналысады.
Қазіргі таңда филиал өндіріске қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. 2015-2018 жылдары мониторингттік зерттеу жұмыстарына облыс бойынша барлық ауданмен Қызылорда қаласынан 57 ауылдық округ, 74 эпизоот бірліктен барлығы 4 мың басқа тарта мүйізді ірі қара, 10 мың бас уақ мал тексеруден өткізілді.
Өткен жылы филиал мамандарымен облыс көлемінде эхиноккоз ауруына институт дайындаған «Эхиностоп» препаратын сынақтан өткізілді. Қазіргі таңда препарат кең көлемде сұранысқа ие болып, республика көлемінде пайдалануда.
Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысатын облыс аумағында орналасқан шаруашылықтарға келісім-шарт негізінде ғылыми-практикалық көмек көрсетіп келеміз.
Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табады. Осыған орай қазіргі таңда филиал бір жылқы өсіруші шаруашылықпен келісім-шарт жасасып, жұмысты бастап кеттік. Келісім-шарт негізінде ол шаруашылыққа жылдық эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында жоспар жасалынды. Қазіргі таңда жоспарлы түрде аурудың алдын алу профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар жоспардан тыс аурулар шыққан жағдайла білікті малдәрігерлік көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар осы шаруашылыққа ветеринариялық ғылыми жетістіктерді енгізетін боламыз. Шаруашылықта студенттерді тәжірибеден өткізу жұмыстары да қолға алынған. Қазақ Ұлттық аграрлық университеті және Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетінің студенттері ғылыми-практикалық тәжрибеден өтті.
Филиалдың басты мүмкіндіктерінің бірі – Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының ғылыми қызметкерлерін кез келген уақытта облысқа шақырып, ғылыми кеңес алуға, қандай да бір мал індетін шыққанда диогностикалық яғни ауруды жедел анықтауға болады.
Облыс бойынша мал шаруашылығымен айналысамын дейтін немесе мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіп иелеріне бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.

Даулет Ибрагимов,
«Қызылорда ҒЗВС» филиалының меңгерушісі,
мал дәрігерлік ғылымдардың кандидаты
АҚПАРАТ 28 ақпан 2019 г. 525 0