Әжелер ән салды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қаладағы №1 арнау­лы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қаланың зейнеткер ұстаз-ардагерлер жанынан құрылған «Асыл жандар» әжелер ансамблінің қайырымдылық концерті ұйым­дастырылды. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Әбішов және «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Шәріп Әбдрахманов та қатысты. 

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әрі ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту мақсатында көктем мерекесі – Аналар күніне орай «Ана – бақыт, Ана – өмір, Ана – жыр!» тақырыбында концерт беріп отырмыз. Жердегі бар жақсылықтың анадан бастау алатынын ескерсек, азаматтардың жанына жалау бола білген нәзікжандыларды құрметтеу, аналарды сыйлау – біздің бұлжымас міндетіміз болуы тиіс. Осындай тәрбиелі кешке ұстаз ардагерлер де қалыспай, үнемі қатысып келеді, – дейді қалалық ұстаз-ардагерлер кеңесінің төрағасы Мылтықбай Бәйімбетов.

Концертте «Асыл жандар» әжелер ансамблін ұйымдастырушы, ардагер ұстаз Құрбангүл Сүлей­менова орталықтағы қызмет алушы қарттарды атаулы мерекемен құт­тықтап, сый-сияпаттарын берді.

Сонымен қатар, өз кезегінде қариялар да шараны ұйым­дас­тыру­шы­ларға алғыстарын айтты.


Ержан ҚОЖАСОВ.

АҚПАРАТ 12 наурыз 2019 г. 141 0