Ардагерлер алғысы

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Сырдария ауданында ардагерлермен кездесті. «Жалын» тынығу лагерінде өткен шараға ардагерлермен қатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы наурыз айындағы Амал мерекесі жайына тоқталды. «Қариясы бар ел – қазыналы» деген аталы сөзбен байланыстыра отырып, ақсақалдарға сәлем бере келгенін жеткізді.

– Батыста 14 наурыз – Амал мерекесі. Қыстан аман шық­қанына шүкір айтып, үлкендерге сәлем бере барып, батасын алатын дәстүр кеңінен жайылып, тарап келеді. Қазақта «Еліңде кімің бар?» деп сұрайды. Жердің байлығы, қасиеті мен құндылығы айтыла жатар, бірақ қашанда сол елді алға сүйреп, бағыт-бағдар беретін қабырғалы азаматтар. Жау бетке білектісін, дау бетке біліктісін, жарастыққа жақсысын қойған елміз. Ақ­сақалдарымыз аман болсын, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңір басшысы мұнай-газ секторының қиын жағдайда елдің аяғынан тұруына сеп болғанын жеткізді. Аймақтағы ірі мұнай компаниясын басқар­ған Алик Айдарбаевтың мол тәжірибесі өңір экономикасын дамытуға қомақты үлес болып қосылғанын ерекше атады. Біршама жыл бұрын Сырдария ауданынан облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Алик Серікұлы аудан халқын әлеуметтік жағынан қолдап, мәдениет, білім салаларына қамқорлық танытқан. Сала ардагерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бұл еңбегін ұмытпағанын айтты.

– Депутат болған уақы­ты­ңызда, әсіресе, қарттарға зор ықылас танытқаныңыз ел есін­де. Ардагерлерді шипажайлар мен сауықтыру орындарына жіберуге демеуші болғаныңызды ұмытпаймыз. Еңбегіңізге жеміс тілейміз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрулла Әбенов.

Облыс әкімі өз сөзінде ау­данның биыл көгілдір отынға қосылатынын айтып өтті. Сонымен қатар, Елбасы шешімімен бюджеттің 45 проценті ана мен балаға, әлеу­меттік мәселелерге бағытта­латынын да жеткізді. Жүздесуде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев халыққа алғысын білдірді.

– Сәті түсіп Сыр топырағына табаным тиді. Жиырма жыл осында жұмыс істедік. Ағайынға айналдық. Қызылорда маған ыстық. Қайда жүрсем де, аймақ дамуына зер салып, бағамдап отырамын. Айшықты істерге үлес қосуға әлі де дайынмын, – деді ол.

Шара барысында Алик Серікұлына «Сырдария ауданына – 90 жыл» мерекелік медалі табыс­талды. Ақын Мұхтар Сақтапов арнау өлең оқып, жыр жинағын сыйлады.

Дәулет Қырдан.

Сырдария ауданы.

АҚПАРАТ 14 наурыз 2019 г. 164 0