Маңызды бастамаларға басымдық беріледі

Кәсіпкерлік саласында маңызды жобаларға басымдық берілмек. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде және агроөнеркәсіптік кешенде қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру тетігі қарастырылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Даму» қоры АҚ Қызылорда облысы бойынша филиал өкілдері айтты.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша үздік атанған ай­мақта жылдан-жылға шағын және орта кәсіпкерлік нысан­дарының саны артып келеді. Қуантарлығы, нақты жұмыс жүргізіп жатқандар қатары көп. Өткен жыл қорытындысында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар 12 процентке өскені байқалған.

– Тұрғындардың кәсіп­кер­лікке ден қоюына өңірімізде кәсіпкерлік бастаманы қол­дау, қолайлы жағдай жасау және қаржыландыруды жеңілдету ықпал етті,– деген филиал директоры Алмат Тастанов шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімділігін атап айтты.

Кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие бағдарлама – «Бизнестің жол картасы 2020».  Тұрақты жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын құру,  экономиканың шикізаттық емес секторында кәсіп­керліктің тұрақты өсуін көздеген бағдарлама жеңілдігін іскерлер мақсатты пайдаланып келеді.

«Нұрлы жер» бағдар­ламасы құрылыс сала­сындағы кәсіпкерлер үшін тиімді. Бұл бағдар­ламаны жүзеге асыруда көш басында келеміз. Ал, ісін жаңа бастағандарға «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы көмек болуда.

Брифингте маңызды жоба­лар­ды несиелеудің жаңа тетігі жайлы да айтылды.  «Даму» қоры АҚ-ның жер­гілікті филиалының мониторинг департаменті дирек­торы Талғат Смағұлов­тың ай­­туынша, мұнда өң­деу өнер­кәсібі, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеуге басымдық берілген. Бұл мақсатта 2018-2020 жылдары екінші деңгейдегі банктерді қаржыландырудың жалпы көлемі 600 млрд теңгені құрайды. Өңдеу саласы бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін арзан несие және субсидиялау қарастырылған.

Маңызды жобаларды қол­дау ел экономикасын алға жылжытуға, өңдеу өнер­кәсібін дамытуға оң әсерін тигізетіні сөзсіз.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

АҚПАРАТ 14 наурыз 2019 г. 168 0