БИЛЕР КЕҢЕСІ ІСКЕ КІРІСТІ

Байқоңыр қалалық соты облыста бірінші болып ел ішіндегі дауларды дәстүрлі жолмен шешетін билер кеңесін құрды. Қалалық сот төрағасы Телжан Жүсіповтің айтуынша, ҚР Жоғарғы сотының бастамасымен жүзеге асып отырған бұл кеңестің мәселені ушықтырмай шешуде көмегі көп болмақ.

– Қазір жер-жерде қоғам арасында беделді, абыройлы, сөзге шешен, өмірлік тәжірибесі мол азаматтардың басын құрап, билер кеңесін құру ұсынылуда. Оған біз де үн қосуды шештік. Себебі, ел болған соң дау-дамайсыз болмайды. Бірақ, сол жанжалды ушықтырмау – басты мәселе. Кеңестің діттегені де – даудағы кінәлі тарапты анықтау емес, қайта дауласқандарды ымыраға шақырып, татуластыру, екі тарапты қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу, – деді Телжан Қуанышбекұлы.

Сөздің құдіретімен түйінді ой толғап, қоғамдағы түйткілді мәселені шеше алады деген кеңес мүшелерінің қатарында түрлі салада еңбегімен көзге түскен сала ардагерлері бар.

– Ұлы дала өркениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан билер институтының маңызы қашанда зор. Өйткені, біз би, шешенге кенде болмаған халықпыз. Өткенге зер салсақ, қара қылды қақ жарған, әділдігімен көзге түскен даналарды халық өзі би етіп сайлап отырған. Олардың шешімдеріне құлақ асып, тоқтам жасаған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да бұл үрдіс қайта қолға алынып отыр. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргіземіз деген ойдамыз. Ол үшін бізге бар жағдай жасалмақ, – деді кеңес мүшесі Қарлығаш Нұрпейісова.

Мөлдір қалымбет.

АҚПАРАТ 16 наурыз 2019 г. 251 0