Жалағашта жаңа аурухананың іргетасы қаланды

Жалағаш кентіндегі ескірген орталық аурухананың орнына жаңасы салынады. Ғимараттың іргетасын қалау рәсіміне кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Аудандық емханаға жапсарлас орналасқан медициналық нысанның жалпы құны – 3,5 млрд теңге. Типтік жобадағы үшқабатты аурухана терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, қан алу сияқты бірнеше бөлімді қамтиды. Мұнда шамамен 20 дәрігер, 60 медбике, 30 техникалық қызметкер еңбек етеді.
Ауданға сапары кезінде аймақ басшысы жергілікті жұрт­тың көптен күткен қуанышына ортақтасты.
– Өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздегі кәсіпкерлік, индустрияландыру, құрылыс салаларының жұ­мысын оң бағалады. Бұл бағалауда туған жерді дамы­тудағы баршаңыздың үлесіңіз бар. Бүгін сол игілікті істі жалғастырып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 100 орындық жаңа аурухана құрылысын бастағалы отырмыз. Бұл әлеуметтік саладағы маңызды бағытқа әрдайым басымдық берілетінін көрсетеді, – деді облыс әкімі.
Аурухананың іргетасын қалау рәсімінде сала ардагері Сахы Қалыбаев өзекті мәселенің шешілуіне ықпал еткен аймақ басшысына алғыс білдірді. Аудан тұрғындары үшін жаңа нысанның маңызы айрықша екенін айтып, батасын берді.
Орталық аурухананың бас дәрігері Әсия Бекбергенованың айтуынша, бұрынғы ғимарат жиырма жылдан астам уақыт бұрын асар әдісімен салынған. Апатты жағдайда деп танылғалы бері аудан тұрғындарының алаң­даушылығын туғызған еді. Енді, міне, жаңа аурухана салу қа­жеттілігі оң шешімін тауып отыр. Ауқымды жұмысты құ­рылыс саласындағы тәжіри­белі компания – «Әбу-Сер» ЖШС атқарып, келесі жылы ел игі­лігіне ұсынуға ниетті.
Бұған дейін, 2015 жылы Жалағаш кентінде 250 келушіні қабылдайтын типтік жобадағы үшқабатты емхана ғимараты бой көтерген болатын. Ол заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған. 36 мыңға жуық жергілікті халыққа, бұлардан бөлек, 4 ауылдық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік, 3 медициналық бекет қызмет көрсетеді.

Жалпы, облыс елді мекен­дерінде тек соңғы 2 жылда 24 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың дені – ауыл­дық емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар. Барлығы заманауи үлгіде жабдықталған, сондай-ақ, дәрігерлік амбула­ториялардың жанынан күндізгі стационарлар ашылуда.

Осы күні облыс әкімі тағы бірқатар әлеуметтік және кә­сіпкерлік нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Таң ау­ылдық округіндегі спорт ке­шені жобасын мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік аясында «Таң LTD» ЖШС жүзеге асырды. Жыл басында қолданысқа берілген кешеннің дзюдо және таэквондо үйірмелерінде қазір 100-ге жуық оқушы жаттығып жүр. Жаңа нысанның жұмы­сымен танысқан аймақ басшысы балаларға спортты серік еткен адамның сергек әрі дені сау болатынын айтып, байрақты бәсекелерде жеңіс туын жел­бі­рете беруге тілектестік білдірді.

Мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тік негізінде Таң ауылында іске асырылған тағы бір жоба – мал сою және ет өңдеу цехы. Мұнда күніне 10 ірі қара сойылып, 500 келі ет өңделеді. Цех құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталып, биыл мамырда аяқталды. Ғимаратта мал сою, ет кесу және бумалау бөлмелері, мұздатқыш орна­ласқан. Жауапты жұмысты ве­теринар, технолог, зертханашылар атқарады.

– Біздің өнім әзірге өңір тұрғындарының тұтынуында. Алдағы уақытта нарық ауқы­мын ұлғайтып, басқа облыстармен байланыс орнатуға бе­кініп отырмыз, – дейді «Агро­ЛидерТаң» ЖШС директоры Сәкен Шағыртаев.

Облыс әкімі Жалағаш кен­тінде мамыр айында жұмы­сын бастаған «Jibek» қонақ үй кешенін де аралап көрді. Екі­қабатты ғимаратта 4 кеңсе, 50 адамға арналған асхана, люкс са­натындағы 3, эконом са­на­тындағы 4 бөлме бар. Қонақ­үйде 5 адам жұмыс істейді.

Осы орайда аймақ басшысы шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту бағытында ат­қа­рылып жатқан жұмыс жайына тоқталды. Биыл биз­нес­ті дамытуда несиелер бойынша проценттік мөлшер­ле­мені субсидиялау үшін 900 млн теңге, несиені ішінара кепіл­дендіру үшін 100 млн теңге қарастырылып отыр. Ағымдағы жылы арнайы жобаларды қар­жыландыру мақсатында өңірлік инвестициялық орталыққа 1 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, «Даму» қоры шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 800 млн теңге қарастырып, бағ­дар­ламаны жүзеге асыруда. Онда кәсіпкерлер үшін жылына ақтық мөлшерлеме – 8 про­цент. Қаражат өңірлік инвес­тициялық орталық арқылы 5 жылға 10-нан 20 млн теңгеге дейінгі аралықта беріледі.

Облыс әкімінің жұмыс сапары аудан орталығында 2017 жылы ашылған «Өркен Әлем» ЖШС арнайы киім тігу цехында қорытындыланды. Цехтың қуаттылығы жылына 7000 данаға дейін бронды кеудеше тігуге жетеді. Онда қазіргі күні 24 адам жұмыс істеп жатыр.



Назерке САНИЯЗОВА.
АҚПАРАТ 16 мамыр 2019 г. 370 0