Тепуи – жоғалған әлем

Венесуэланың оңтүстік-шығысында Жер бетіндегі ең керемет мекендердің бірі орналасқан. Саванна мен джунглидің қоршауында, көзден таса жатқан аймақтың флорасы мен фаунасының өзі құрметке лайық.
Тепуи – Оңтүстік Американың Гвиан атты таулы қыраттарында жатқан тегіс таулар жүйесі. Олар алып шоқылардың құлау нәтижесінде пайда болған. Бұл шоқылар сонау Оңтүстік Америка мен Африканың бөлінбеген дәуірінде, яғни, 200 миллион жыл бұрын пайда болған. Олар Атлант мұхиты жағалауынан Ориноко, Амазонка, Риу-Негру өзендеріне дейін жалғасып жатқан көрінеді. Эрозия мен жауын-шашын әсерінен бүгінде осындай таңғажайып таулар пайда болып отыр.
Әңгімемізге арқау болып отырған мекенге бір кездері осы жерде тіршілік еткен үндіс тайпалары "Тепуи" деген атау берген екен. "Тепуи" сөзі Гран Сабана жерін мекендейтін пемон тайпаларының тілінде "Құдай үйі" деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар атауды олардың өте биік болуымен байланыстырады. Әрбір тепуи жеке тау саналады және біріншісінде кездесетін өсімдік басқаларында мүлде ұшыраспайды. 
Бұл жердің ең терең жері – «Abismo Guy Collet» үңгірі. Оның тереңдігі 671 метрге жетеді. Ал ең әдемі тепуи ретінде Аутананы атауға болады, орман арасынын бой көтеріп тұрған Аутана жартастарының ең биігі 1300 метр. Сарисариньяма тауы да басқалардан ерекшеленеді, мұнда 100 метрге дейін жететін дөңгелек тесіктер өте көп кездеседі екен. Тағы да бір танымал тепуи Ауянтепуи аталады, біле білсеңіз, мұнда әлемдегі ең биік Анхель сарқырамасы орналасқан.
Жалпы, мұндағы ең үлкен тепуи 3000 метрге жетеді. Үш қана тауға жаяу шығуға болады, оның бірі – биіктігі 2180 метр болатын Рорайма тауы. Бұл тау 1884 жылға дейін мүлде таныс емес болып келген еді. Шотландиялық қаламгер Артур Конан Рорайма тауынан ерекше әсер алып, "Жоғалған әлем" атты роман жазған екен. Тепуилар бір қарағанда құлазып жатқандай болып көрінгенімен, онда тіршілік қайнап жатыр. Үстіңгі жағында жиі жаңбыр жауып, салқын болып тұрғанымен, төменгі аймағында тропикалық климат патшалық құрған, көбіне жылы болып тұрады. Жалпы Венесуелаға тиесілі 9400 өсімдіктің 2322-сі осы мекенде. Әрбір саяхат сүйер қауымның арманы – тепуилардың шыңына шығып, тұман арасынан ерекше болып көрінетін күн шығысты тамашалау...

АҚПАРАТ 02 маусым 2019 г. 63 0