Өзі сатқан автокөлікті қайта айдап кетпек болған

Оралда автокөлікті айдап кетпек болған ресейлік азамат қолға түсті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше сағат 14.00-де Зачаган кентінде М.Мөңкеұлы көшесі, 85/2 үйдің жанында болған. Белгісіз біреу оралдық 1992 жылғы тұрғынға тиесілі, 2018 жылы шығарылған, ақ түсті «Киа-Рио» автокөлігін (мемлекеттік нөмірі Х 087 ОВ 56-рус) айдап кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында 20 минуттан кейін Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аталған автокөлікті Айталиев көшесі бойынан ұстады. Оның рулінде еш жерде жұмыс жасамайтын, көрші елде тұратын 1977 жылғы ресейлік азамат болған. Автокөлік иесіне қайтарылды.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 200-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған күдікті 1 мың АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салынуы не сол мөлшерде түзеу немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы не 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін. Бір қызығы, ресейлік азамат содан екі күн бұрын осы автокөлігін сатқан. Сосын қосалқы кілтімен келіп, қайта айдап кетпек болған.


АҚПАРАТ 01 шілде 2019 г. 121 0