Ашықтық пен қоғамдық бақылау жемқорлық қатерінің алдын алады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Ардақ Ерсейітов облыстық медицина орталығында болып, емделушілермен кездесті. Әңгімелесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты бағыт сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналғанын жеткізді. ҚР Тұңғыш Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер жобасының тәжірибесін тарату бойынша тапсырма берілген. Соған сәйкес облыс әкімінің қолдауымен  «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылған болатын.

Департамент басшысы жобаның миссиясы – сыбайлас жемқорлық қылмыстарының санын төмендету, келеңсіз құбылысқа қарсы иммунитетті арттыру және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастыру екенін атап өтті. Сонымен бірге жобалық кеңсе сыбайлас жемқорлық жиі кездесетін он саланы айқындап алған. Солардың қатарында денсаулық саласы да бар.

Осы орайда барлық денсаулық сақтау ұйымдарында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шараларды күшейту қажет. А.Ерсейітов бұл ретте науқастарға көрсетілген қызметтер үшін сыйлық алуға, әйелдер босанатын үйде сүйінші, көрімдік алуға тыйым салу қажеттігін баса айтты. Халыққа көрсеткен қызмет үшін алғыс, бата алудан артық мәртебе жоқ.

Кездесуде жалпы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қолайлы орта, лайықты еңбекақы төлеу, жеке жауапкершілік, ашықтық және қоғамдық бақылау, мемлекеттік сатып алулар, адам құқығының үстемдігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажеттігі айтылды. Осы ретте жобалық кеңсе  тұрмыстық  жемқорлықтың алдын алу мақсатында мониторинг, анықтау, талдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, соңғы үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласында 30 қылмыс тіркелген. 29 қылмыс бойынша тергеу жұмыстары аяқталып, мемлекетке 65 млн теңге қайтарылды.

Барлық емханалар мен ауруханаларда науқастар мен келушілерге қолайлы орта қалыптастыру бағытында «Адал­дық алаңы» жобалық кең­се­сімен бірлескен жұмыстар жүр­­гізіледі. Кездесуге қатысқан ем­делушілердің медициналық орталықта науқастарға көрсе­тіліп жатқан көмекке көңілдері толады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов орталықта емделушілер мен келушілерге қолайлы орта жасалғанын, бұл бағыттағы жұмыс басқа ауруханаларда да жалғасатынын хабарлады.

Мұнан кейінгі кездесу К­ә­сіпкерлер үйінде жалғасты. Биз­нес өкілдерімен жүздесу алдында департамент басшысы Кәсіпкерлер үйіндегі жұмыстармен танысты. Бұл жерде кәсіпкерге өзінің бизнес идеясы мен бастамасын жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған. Бизнес идеясымен келген адам кеңес алудан бастап, кәсібін тіркеу, бизнес-жоспарын әзірлеу, біліктілігін көтеріп, жобасын қаржыландыру, сүйемелдеу сынды мемлекеттік қолдаудың барлық түрлеріне бір жерден қол жеткізе алады.

Агенттіктің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлерді, оның ішінде отандық және шетелдік инвес­торларды сыбайлас жемқорлық қатерінен барынша қорғау.  Өткен жылдың шілде айынан бастап «Протектинг бизнес енд инвестментс» жобалық кеңсесі аясында инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жүзеге асырылуда. Жоба қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етіп, бизнес өкілдері мен инвесторлардың мемлекеттің билік институттарына деген сенімін арттырады. 

Облыс бойынша инвесторлардың жалпы құны 595,1 млрд теңге құрайтын 19 инвестиция­лық жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынып отыр. Оның ішінде 8-і шетелдік болса, 11 жоба отандық инвесторларға тиесілі. Жоба аясында барлық бизнес субъектілері үшін арнайы фронт-офис ашылып, онда кәсіпкерлер мен инвесторлардың проблемалары жедел түрде шешілуде. Тек осы жылдың өзінде кәсіпкерлікке кедергі келтіру дерегімен 6 қылмыс анықталып, сотқа жолданды. Департамент басшысы «бұл салада қылмыстық қудалаумен қатар, превенциялық шараларды қатар алып жүретін боламыз» деді.

Кездесуде «CTL-Қазақстан» ЖШС-ның бас директоры Вячеслав Бертян жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан инвесторларға жасалып жатқан – индустриялық аймақтан жер бөлу, инфрақұрылымдық же­лілер тарту, құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсету секілді қолдауларға ризашылығын білдірді. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов өз кезегінде кәсіпкерлерге қандай қолдаулар мен көмектер көрсетілетіні туралы айтып берді.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

АҚПАРАТ 08 тамыз 2019 г. 223 0