Жосалы төбе

 – Жоса деген шөп екен деп жүрсем, қиыршық тас екен ғой, – дейді автобус үстінде екі жас бір-біріне. – Сол қасиетті төбе қай тұста өзі?

Міне, осы сөз мені Жосалы төбесі туралы аз да болса естіп-білгенімді жазуға итермеледі.

Ол Жосалы станциясынан он төрт шақырым оңтүстік-шығыс жақта орналасқан. Бұрын жан-жағы көл, шөбі шүйгін жайылым болған екен. Төменгі жақтағы жұрт көшкенде жол үстіндегі демалыс аймағы іспетті болған.

Жосалы төбесінің аумағы 10 гектардай жер, топырағы майда, қиыршық тас аралас. Кезінде жолға төсеуге пайдаланылған. Суға, жаңбырға иленбейді. Міне, осы төбеден жоса дейтін тас пайда болған екен. Ол суға салсаң жайылып, жоса-жоса боп еріп кетеді.

Ілгері уақытта  қазақтар қой терісінен тон, шалбар, күрте тігіп, олардың сыртқы түрін келтіру үшін осы жосаны бояу ретінде пайдаланған. Оның сары түсті өңі көп уақытқа дейін жоғалмаған. Бұл жосамен қараша үйдің уық, кереге, шаңырағын да бояған.

Көнекөз қариялардың айтуынша, 1904 жылы Жосалы станциясының атын қою кезінде Өмірзақ Берістемов деген кісі, кейін қызыл партизан атанған жігіттер және барша жұртшылық осы Жосалы төбенің атын ұсынған екен деген әңгіме бар.

1928 жылға дейін Жосалы төбеде той және ас беру рәсімдері өтіп тұрған. Қазір бұл төбе оқшауланып, алыстан қол бұлғап тұр. Бір күндері шөге-шөге жоқ боп кетуі де ықтимал. Жас ұрпақ жердің тарихын, ел аузында жүрген аңыздар мен шындық оқиғаларды білгені жөн.

Баршагүл САХИЕВА,

 Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану 

музейінің қызметкері.  

АҚПАРАТ 14 қараша 2019 г. 166 0