Заң жаңа өзгерістермен толықтырылды

Бірқатар заңнамалық актілерге қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені мәлім. Бүгінде заң күшіне енді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, облыстық полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров, облыстық полиция департаменті  жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Азамат Оспанов, облыстық көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Қамитбеков мәлімдеді.

– Сыбайлас жемқорлықпен алғаш рет ұс­талған тұлғаның шынайы өкі­нуіне байланысты қылмыстық жауап­ты­лықтан босату соттың құзы­ретіне өтті. Ендігі жерде босатылған және қайта­­дан қасақана қылмыс жаса­ған аза­маттардың тарапынан татуласу бол­са да ол азамат қылмыстық жауап­ты­лық­тан босатылмайды, – деді  облыс про­курорының бірінші орынбасары.

Бұдан былай заңға енген өзгеріс бойынша куәгердің құқығы кеңейті­леді. Оны куәгерлік етуге, қандай да бір материалдарды ұсынуға немесе қылмыстық қудалау органдарына көмектесуге мәжбүр етуге тыйым салынады. Сондай-ақ, жүкті әйелден немесе оның асырауындағы кәмелетке толмаған баласы бар әйелден, елу және одан асқан әйелдерден, алпыс үш пен одан асқан ер адамдардан үзіліссіз жауап алу үш сағаттан және жауап алудың жалпы ұзақтығы бес сағаттан аспауы тиіс. Ал қамауға алу шетелдік азаматқа қатысты алдын алу шарасы ретінде қолданылса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы елшілікке, консулдыққа немесе басқа өкілдікке хабарлауға міндетті. Мұның барлығы қылмыстарға жазаны күшейту мақсатында жасалуда. Сонымен бірге қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы қолдануға мониторинг жүргізуді ескере отырып, заңнаманы және құқық қолдану практикасын одан әрі жетіл­діруді қамтамасыз етеді.

– Қылмыстық кодекс жаңа баппен толықты. Соның негізінде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған зор­лық, браконьерлік, мал ұрлығы, мас күйінде көлік құралдарын пайда­лану қағидаларын бұзу, есірткі құрал­дарының заңсыз айналымы үшін қыл­мыстық жауаптылық қатаң­датыл­ды. Мәселен, мал ұрлығымен айналысқан азамат 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылып қана қоймай, оның мүлкі тәркіленеді. Егер ірі көлемде мал ұрласа, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл жерде мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына енгендіктен жәбірленуші мен күдіктінің татуласу мүмкіндігі жоқ. Ал топ болып ірі мөлшердегі мал ұрлығы жасалса,  мүлік тәркілену арқылы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру қарастырылған, – деді полиция полковнигі  Ә.Жаназаров.

Айта кету керек, есірткі, психо­троптық заттарды немесе сол тек­тестерді, прекурсорларды насихаттап әрі заңсыз жарнамалағандар жаңа баптың 1-бөлігі бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, 2-бөлігі негізінде 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады. Сонымен қатар, зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зом­былық қылмысы үшін 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ауыр қыл­мыс санатына енгізілгендіктен, күдік­ті жәбір­ленушімен татуласса да жауап­тылықтан қаша алмайды. Кәмелетке толмағандарды зорлау және оларға қатысты сексуалдық сипаттағы зор­лық-зомбылық жасағандардың жазасы мұнан да ауыр. Оларға 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енуде.

Соңғы жылдары заңсыз аңшы­лықпен айналысу, қорықшыға күш қолдану әрі өміріне қауіп төн­діру жағдайлары жиі орын алуда. Бұрын әскери қызметшінің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мем­лекеттік инспектордың, қорықшының өміріне қол сұққан жағдайда 160 мың айлық көрсеткіш айыппұл төлеп, 40 тәулікке қамауға алынса, ендігі жерде 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын болады.

Мас күйінде көлік жүргізіп, адам денсаулығына зиян тигізгендер де жазадан тыс қалмайды.

– Егер заң бұзушы азамат адамның денсаулығына орта дәрежелі зиян келтірсе, 1 жылға бас бостандығынан, 10 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал, ауыр дәрежеде зиян келтірсе, 3 жылға дейін бас бос­тан­дығы мен 10 жылға көлік басқару құ­қы­ғынан айырылмақ. Сондай-ақ, жә­бір­ленуші қайтыс болған жағ­дайда, автокөлікті мас күйінде басқару­шыға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бос­­тан­дығынан, 10 жылға көлік бас­қару құ­қығынан айыру, екі немесе одан да көп адам қайтыс болған жағ­дайда 7 жылдан 10 жылға дейін бас бос­тандығынан және көлік басқару құ­қығынан өмір бойы айыру жазасы қолданылады, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары А.Оспанов.

Еліміздің көші-қон заңнамасына да бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енген. Биылдан бастап шетелдіктерді тіркеу ұғымы жойылып, олар 30 күн бойы тіркелусіз елде жүре алады. Сондай-ақ, көші-қон карталары да айналымнан толық алынады. Бұл де­геніміз – Қазақстанға кіру кезін­де ше­телдік азамат шекаралық бақылау орнында 30 күнге дейін авто­матты түрде есепке қойылады, оның паспортында елге келу күнін белгілейтін мөр басылатын болады. Бұл ретте қабылдаушы тарап шетелдік азаматтың келгені туралы 3 жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне хабарлауға міндетті. Хабарламаған жағдайда және шетелдікке уақытша тұруды тіркеуді рәсімдемегені үшін жауапқа тартылады.

– Егер шетелдік рұқсат етілген елде 30 күннен асып, қалуға ниет білдірсе, онда ол уақытша тұруға рұқсат алып, өзінің болу мерзімін бір жылға дейін создыра алады. Оның өзінде қабылдаушы тараптың өтініші арқылы ғана уақытша тұруға рұқсат беріледі, – деді облыстық көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары С.Қамитбеков.

Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан мал ұрлығы, көлік қозғалысына байланысты түрлі сауалдар жолданды. Мамандар тиянақты әрі тұшымды жа­уап берді.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

АҚПАРАТ 23 қаңтар 2020 г. 83 0