Өзгерістер өлшемі қандай?

Уақыт талабына сай мемлекеттік сатып алу процестерін жеңілдету мақсатында өткен жылы Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Биыл да бұл процесс жалғасын тауып отыр. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұйымдастыруымен байланыс режимінде өткен бейнеконференция осы өзгерістерді түсіндіруге арналды.

Департамент басшысының орын­басары Сәкен Мырзабектің төр­аға­лық еткен семинар-кеңеске об­лыс­­тық мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорын өкіл­дері, бюджеттік бағдарлама әкім­шіліктерінің  және аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері қатысты.

Семинар-кеңесте департаменттің бөлім басшысы Майракүл Өмірбаева мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы өзгерістер жайлы түсіндірме жасады. Оның атап өткеніндей, жыл басынан бастап кепілді ақшалай жарна түрінде өтінімді қамтамасыз ету әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянында жеткілікті ақшалай қаражаттың болуымен (сатып алудың бөлінген сомасының кемінде 1%) ауыстырылған. Бұдан басқа өтінімді қамтамасыз етуді енгізу туралы талап конкурс және аукцион тәсілімен сатып алуға ғана емес, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуға да қолданылатын болды.

Сондай-ақ, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылыс саласындағы жұ­мыстарды сатып алуда жұмыс тә­жіри­бесін растайтын құжаттар (орын­­далған жұмыстар актілері және пайдалануға беру актілері) тек электрондық депозитарийден тартылатын болды.

Депозитарийді енгізу әлеует­ті өнім берушілердің жұ­мыс тәжірибесін растайтын құжаттар (орындалған жұ­­мыстар мен көрсетілген қыз­меттер актілері, тауарларды қабылдау-беру актілері) бойынша бұрыс ақпарат беру проб­лемасын шешеді. Семи­нар барысында электронды де­по­зитарийді жұмыс тәжіри­бесін растайтын құжат­тармен тол­тыру мерзімі 2020 жылдың 29 ақпанына дейін ұзар­тыл­ғандығы туралы хабарланды.

Қатысушылар, сонымен қатар, конкурстық баға ұсынысына әсер ететін бірқатар өлшемдер алынып тасталғандығы жөнінде хабардар болды. Олардың қатарына техникалық реттеу са­ла­сындағы заңнамаға сай ұсынылатын тауарлардың, эко­логиялық менеджмент жүйе­сінің ұлттық стандартқа сәй­кес­тігін және ұсынылатын тауар­лардың экологиялық таза өнім стандартына сәйкестігін растайтын құжаттар жатады.

Жаңа өзгерістерге сәйкес конкурстық баға ұсыныс­тарының шартты бағалары тең болған кезде төленген салықтардың үлкен сомасы бар қатысушы емес, салықтық жүктеменің үлкен көрсеткіші бар қатысушы жеңімпаз деп танылатын болады. Бұл – әділ тәсіл, мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін тең мүмкіндіктерді белгілейді. Енді шартты бағалар тең болған жағдайда шағын компаниялар салықтық жүктеме көрсеткіші бойынша ірі компаниялармен бәсекелесе алады, бұл оларды салықты адал төлеуге ынталандыратын болды.

Семинар барысында қатысу­шылар өздерін толған­дырған сұрақтарға тұшымды жауап алды.

АҚПАРАТ 13 ақпан 2020 г. 29 0