Журналистика - таңдауым

Дүниеге жарық беріп, сәуле шашатын ек-ақ күш бар. Оның бірі - аспандағы күн, екіншісі - жердегі журналист.

Марк Твен


Иә, журналист деген әлемнің түкпір-түкпірінен жаңалық іздеп, халыққа мағыналы да мәнді етіп тарататын, үнемі жол үстінде жүріп, арқалағаны алтын, жегені тікен болған жан. Әр бір адамға жұмыс істеген шағында «мінез» керек. «Мінезсіз өнер - мінезсіз жылқы» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, шындық көрсе шырылдап, өтіріктің беттерін өңменіңнен өткізіп, қынаптан қылыш суырарлық мамандық таңдағаныма қуанамын.

Арман алдамайды, егер мақсатың айқын болса. Иә, адам алдына мақсат қойса оны орындау үшін талпынары анық. Біздегі басты арман журналистика саласына келгеннен кейін оның қыр-сырын меңгеріп, жақсы маман иесі болу. Көп адам журналистиканы таңдау барысында телеарнадан шықсам деп армандайды. Ол жақсы әрине, бірақ қайнаған қазанның ортасына түспес бұрын жалындаған шоқ болуың тиіс. Беленский журналистиканы озық идеялардың таратушының қуатты құралы деп білген. Сол озық ойлы таратуды дұрыстап зерделеп, саралау үшін ең алдымен газет редакциясында жұмыс істеуді жөн көрем. Оның ішінде «Халық» газетінде.

"Газет – ол халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Онсыз көрсе көз соқыр, естісе құлақ саңырау, сөйлесе тіл мылқау болып қалады" деген Ахмет Байтұрсынов атамыз. "Халық" газеті өзі атауы айтып тұрғандай, қарапайым халық пен саяси билік арасындағы қарым-қатынастарды бүкпесіз ашық айтады. Шындықты ашық жеткізу оқырманға ерекше әсер етеді. Осы редакцияда алдағы уақытта жұмыс жасап, өз біліктілігімді арттырғым келеді.

Журналист - тәуелсіз, еркін, жанашыр мамандық иелері. Дегенменде қай мезгіл болмасын қай істі бастамас бұрын жаныңда жүрер, қолдау көрсетер сенімді серіктері, бірге ыстықты да, суықты да қатар алып жүретін ұжымы болады. «Біздің тәрбиенің міндеті ұжымшылдыққа тәрбиелеу болып табылады» деп жазды А.С.Макаренко. Макаренконың айтуынша, ұжым дегеніміз адамдардың жәй ғана жиынтығы емес, ол жалпы мақсатқа жетуді алға міндет етіп қойған, қоғамға пайда тигізуге ұмтылушылар тобы.

Ал менің ойымша бірлікпен жасаған әр бір іс, әр бір дүние жемісін береді. Ең бастысы, түсіністік. Мен өзімнің келешек ұжымымды сайын даланың сайыпқырандары деп елестетемін. Ұлты десе ұрандап, өз өрнегін сала алар, көркем сөздің аулына, кірпіш болып қаланар жандар екеніне көзім анық жетеді.


Мөлдір ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ,

                                                                         Қорқыт ата атындағы ҚМУ

 1-курс студенті 



АҚПАРАТ 14 ақпан 2020 г. 772 0