Жайнай бер, жасай бер, Қызылордам!

Құдіреті шексіз жаратушы ием әркімге әр қилы өмір жолын бұйыртатын ұлы заңдылық бар. Мен де сол заңдылықтың бір бөлшегімін. Себебі, Ұлы Құдырет өміріме үш бірден қуаныш сыйлаған. Алғашқысы – қазақ болып дүниеге келуім, кейінгісі – азат елдің азаматы болуым, ең қуанарлығы – қойнауы сырға, көмейі жырға тұнған қасиеті өлкеде кіндік қанымның тамуы.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмай, туған жердің қадірін ұғындырған киелі өлкемді мақтан тұтамын. Өзгелер байқаған әр кемшілігі мен үшін артықшылық болып көрінетін қасиет туған елімнің тұғырын асқақтатар ықыласымның айнасы екені сөзсіз.

«Серт», «аманат» деген ұғымдардың бағасы жоғары. Бұл сөзде үлкен мән бар. Себебі, туған жер, ана тіл, бітім-болмыс – ата-бабадан бізге жеткен аманат. Оның қадіріне жету, келешегін кемел ету бүгінгі буынның парызы. Аманатқа қиянат жасамай, жаманын жасырып, жақсылығын асырып, елдік пен еркіндіктің туын желбірету – біздің азаматтық борышымыз.

Туған өлкесін қадір тұту ұлтқа, нәсілге, діни көзқарасқа бөлінбейді. Туған жерге деген махаббат – адамзатты ортақ ойға, құндылыққа жетелейтін ерекше тылсым сезім. Сондықтан, туған жер – әрбір адам баласын өткен мен болашағын байланыстырар киелі мекен.

Мен де туған жерім, құтты қоныс қасиетті Сыр елінің, облыс орталығы – Қызылорда қаласының өсіп-өркендеуіне, жайнап-гүлденуіне өз үлесімді қосуға ықыластымын. Туған қаламыздың жауһар шаһарға айналғанының куәсі болу басты арманым.

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

 ҚМУ 1-курс студенті.

 

АҚПАРАТ 14 ақпан 2020 г. 172 0