Қазақша кітаптар сақталған онлайн-ресурстар

 Massaget.kz порталы назарыңызға түрлі тақырыптағы қазақша кітаптар сақталған онлайн-ресурстар топтамасын ұсынады.
Kitap.kz – көркем, ғылыми әдебиет, "100 жаңа оқулық" жобасында аударылған еңбектер сақталған ірі ресурс. 
Сайтта электрон кітаптардан бөлек аудиокітаптар, видео, аудиоконтент бар. Кітаптарды оқу үшін сайтқа тіркелу керек. 
OpenU – "Қазақстанның ашық университеті" – Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындары мен мамандары бірлесе әзірлеген онлайн-курстарға тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсынатын білім беру платформасы. OpenU сайтында "100 жаңа оқулық" жобасының кітаптары, ақпараттық технология, бизнес, гуманитарлық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдарына арналған түрлі курстар, TED конференцияларындағы видеолардың қазақша аудармасы бар. Мұның барлығын пайдалану үшін сайтқа тіркелу керек. 
Kazneb.kz – Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындаған электрон форматтағы ұлттық кітапхана. Мұнда 55 мыңнан аса энциклопедия, сөздік, кітап, журнал, мақала, сирек құжаттар мен қолжазбалар, газеттердің электрон нұсқасы жүктелген.
 Adebiportal.kz – әдебиет тақырыбына арналған веб-сайт. Сайтта қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі 4000-ға жуық көркем әдебиет кітабы бар. E-history.kz – тарих тақырыбына арналған веб-портал. Сайттың "e-Кітапхана" бөліміне тарихи кітаптар, монографиялар, басылымдар жүктелген.
 Tilalemi.kz платформасының "Тарту" бөлімінде қазақ тіл білімі, қазақ әдебиетіне қатысты салалық кітаптар, журналдар мен балаларға арналған кітаптар жинақталған. 
Termincom.kz – қазақ тілінің терминологиясына бағытталған жоба. Сайттың тіл біліміне, сөздіктерге, терминология кітаптарына арналған жеке кітапханасы бар. 
Emle.kz – қазақ тілі емлесіне арналған сайт. Ресурстың "Кітапхана" бөліміне ғылыми кітаптар, сөздіктер жинақталған. 
Balatili.kz – балаларға арналған контент ұсынатын ресурс. Сайт кітапханасында балалар әдебиетінің таңдаулы шығармалары бар. Qazcomics.kz – қазақша комикс сайты. Жоба батырлар жырына, лиро-эпостық жырларға негізделген комикстер ұсынады.
АҚПАРАТ 22 наурыз 2020 г. 283 0