ҚИЯЛДАҒЫ БЕЙНЕҢДІ САЛДЫМ ҚҰММЕН...

ҚИЯЛДАҒЫ БЕЙНЕҢДІ САЛДЫМ ҚҰММЕН...Құммен сурет салу өнері туралы не білеміз? Тарихына көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 70 жылдары АҚШ-та пайда болып, Батыста қанат жайған жас өнер екен. Алғашында құммен сурет салу анимациялық фильмдер шығару үшін пайдаланылыпты. Дәлірек айтсақ, құмды анимацияны мультипликацияға енгізген америкалық режиссер Кэролайн Лиф. Оның 1969 жылы «Құм немесе Питер мен қасқыр» атты бірінші құмды фильмі шыққан. Кэролайн Лиф мұны дипломдық жұмысы ретінде қорғаған. Алайда жас аниматордың бұл фильмін ешкім елемеген. Тек 1974 жылы жарыққа шыққан «Үйрекке үйленген үкі» атты құмды фильмі көпшіліктің қызығушылығын тудырған. Содан бері құмды анимация фильм, мультфильм, түрлі жарнамалық роликтерде, концерттік бағдарламаларда қолданылды.

Құммен сурет салу өнері Қазақстанға 2009-2010 жылдары келді. Ал Қызылордаға осыдан екі жыл бұрын ғана осы өнер жаңалық болып енді. Оны алғаш жан-жақты дамытқан – қылқалам шебері Дәулетбек Тойшыбаев. Жас суретші бейнелеу өнерінің жаңа түрін ғаламтордан көріп, қатты қызығыпты. Сөйтіп, өз бетінше үйрене бастайды. Нәтижесі жаман емес. Әйнекке құммен сурет салуды кәсіби тұрғыда меңгерді. Бүгінде ол әйнек бетінде құммен анимациялық суреттер салуға машықтандыратын үйірме ашып, шәкірт тәрбиелеуде.

Жас суретші осы шығармашылық түрін үйренуге жасына қарамастан кез келген ниет білдірген адам қатыса алатындығын жеткізді. Қазір үйірмесінде отыз бала тәлім алып жатыр. Әрі күннен күнге қатары көбейіп те келеді. Сурет салуға әуес жеткіншектер бұл өнердің ғажайыптарына қанығып өсуде. Кейде оларға Дәулетбек ертегілердің желісін құммен бейнелеп көрсетеді. Оның үстіне, жуырда ғана «Олимп» балалар мен жасөспірімдер орталығында құммен сурет салу байқауын ұйымдастырып, балғындарды ынталандырды.

Жалпы, құммен сурет салу – өте қызықты, сонымен қатар пайдалы өнер.

– Ең алдымен көркем ойлауды дамытуға ықпал етеді. Адамның қиялын, кеңістікті қабылдауын, есте сақтау қабілетін дамытып, әсіресе балалардың дұрыс жетілуіне, саусақтарының епті болуына әсерін тигізеді. Әрі шығармашылығын шыңдайды. Сондай-ақ құм бойдағы жағымсыз энергияны сіңіріп алады. Құммен сурет салу – жалпыға ортақ өнер дегенмен, бүгінде зейінді арттыру мақсатында көбіне сәбилерді, сал ауруымен ауыратын балаларды баулып жүр. Себебі, саусаққа тиген құм түйіршіктері бойдағы ұйықтап жатқан әрбір клетканы оятады екен. Жүйке жүйесін де тыныштандырады. Балаларға сол ішкі жан дүниесін толығымен ашуға мүмкіндік береді. Ауылда құмға аунап, ойнамаған бала кемде-кем шығар. Қалада ондай мүмкіндік жоқ. Ал ата-аналар балаларына құмда ойнауға немесе құммен сурет салуға жағдай жасағаны абзал, – дейді Дәулетбек.

Әйнек бетіне сурет салуда құмнан өзге жарма, кофе, тұз, басқа да ұсақ заттарды қолдануға болады. Алайда, Дәулетбек Қамбаш көлінің маңайындағы құм ерекше екенін айтады.

– Басында сурет салуға ыңғайлы болу үшін түрлі орындардан құм әкеліп, таңдау жасап көрдім. Ең соңынан Қамбаш жеріндегі құм сурет салуға өте ыңғайлы, саусақпен жақсы өріледі. Со жақтан қаптап әкеліп қоямын. Ол біразға жетеді, – дейді қылқалам шебері.

Дәулетбектің айтуынша, шыны бетіне құмның көмегімен көрініс тапқан суреттерді болмашы қимыл әп-сәтте бұзып кетуі әбден мүмкін. Яғни, ол күнделікті санаулы минуттың ішінде қайталанбас композициялар жасайды. Басқа бейнелеу өнерінің түрлерінен ерекшелігі де осында. Сондықтан фотосуретке немесе бейнекамераға түсіріп алу керек. Саусақтың сиқырымен салынатын мұндай әдемілік пен нәзіктікке толы өнерден кез келген жанның әсерсіз қалмасы рас. Сол себепті, бейнелеу өнерінің жаңа түріне жұртшылық қызығушылық танытуда. Дәулетбекті жиын-тойларға, мерекелік шараларға шақырушылар көп екен. Онда ол үлкен экранға құммен сурет салып, көпшілікке қуаныш сыйлайды. Тақырыпқа сай өз қиялынан туындаған бейнелерді заматында әйнекке түсіріп шығады. Себебі, суретші құмды сезіне біледі.

Батыс елдерінде кең қанат жайған, Қазақстанда, оның ішінде Сыр елінде енді дами бастаған құммен сурет салу өнерінің осындай қыр-сырлары бар. Қысқасы, құммен сурет салу – әрі кәсіп, әрі өнер, әрі дерттің шипасы. Құм терапиясының негізін қалаушы швейцариялық психолог Дора Кальф: «Құмға салынған сурет – адам жан-дүниесінің бір көрінісі. Тіпті, сол арқылы ешкімге айтылмаған ішкі сырды ақтаруға болады», – деп бекер айтпаса керек.

Дәурен ОМАРОВ.


АҚПАРАТ 03 желтоксан 2014 г. 1 509 0