9,5 МЫҢ ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨНДІРІЛІП БЕРІЛДІ

51

0

2014 жылы
облыстық прокуратура органдары жұмысындағы басымдықтар қоғамдық-саяси
тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа және діни экстремизмге қарсы күрес, кәсіпкерлердің, мемлекеттің
экономикалық мүддесін сақтауға, сонымен қатар тұрғындардың әлсіз топтарының
құқықтарын қорғауға бағытталды. Бұл туралы Қызылорда облысының прокуроры
Сапарбек Нұрпейісов «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар
орталығында БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтып берді.

9,5 МЫҢ ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨНДІРІЛІП БЕРІЛДІСапарбек
Айтуұлы сөз басында 23 қаңтардағы Бас
прокуратураның кеңейтілген мәжілісінде ел азаматтарының конституциялық құқығын
қорғау, қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытында еліміздің прокуратура
органдарының алдына қойылып отырған тоғыз басым бағыт жайлы түсінік беріп өтті.
Содан кейін аймақтың ақпарат құралдарының қоғамдағы заң бұзушылықтарды
анықтауға қосып отырған үлесі зор екенін жеткізді. Мәселен, облыстың ТКШ
саласындағы келеңсіздектер жайлы материалдар негізінде көпқабатты үйлерге
жасалған жөндеулер бойынша көптеген кемшіліктер анықталды. Ол бойынша қылмыстық
істер қозғалып, мемлекетке келтірілген залалды қайтару бойынша нақты жұмыстар
жүргізілді. Сол секілді, Мемлекеттік рәміздер туралы заңның өз деңгейінде
орындалмауы туралы ақпарат бойынша тексерулер болып өтті. Нәтижесінде, үлкен
кемшіліктер анықталып, бір жауапты
лауазым иесі қызметінен босатылса, бірқатар мемлекеттік қызметкер
тәртіпті жазаға тартылған. Осындай басқа да салаларға қатысты мысалдар
жеткілікті.

Облыс прокуроры
есепті мерзімде әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықтың сақталуын
қадағалауда нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіліп, Бас прокуратураның
Стратегиялық жоспарының межелі көрсеткіштері сақталғанына журналистер назарын
аударды. Облыстық прокуратураның аталған саладағы жұмысы Бас прокуратура
тарапынан оң бағаланған. Өткен жылы қолданылған шаралар нәтижесінде бюджет 17
млрд. теңгеге толықтырылып, 390 млн. теңге бюджет қаржысының негізсіз
жұмсалуының жолы кесілді. Мемлекетке 480 гектар жер учаскелері қайтарылып, 23
мың гектар игерілмеген жерлер анықталды. Облыстық әкімдікпен бірігіп, өңірдегі
қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, наразылық акцияларына жол бермеу
секілді өзекті мәселелерді жедел шешу туралы міндеттер қабылданды. Есепті
кезеңде прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде 16854 азаматтың
конституциялық құқықтары қорғалды. Азаматтардың еңбек құқықтарының қорғалуы
тұрақты бақылауда болды. 35 кәсіпорынның 9,5 мың жұмысшы алдындағы 742 млн.
теңге жалақысының төленуі қамтамасыз етіліп, еңбек құқықтары қорғалды.

2014 жылы
сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңдылықты бұзушылыққа жол бергені үшін 72 адам
жауапқа тартылса, оның 33-і басшы құрамнан болды. Бұл жайында С.Нұрпейісов
бірқатар фактілерді келтіріп өтті. Кәсіпкерлер құқықтарын бұзылуы туралы 24
дабылдың 13-дәлелін тауып, 1 адам қылмыстық, 26 адам тәртіптік және 1 адам
әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кедендік бақылау департаменті тарапынан 350
млн. теңгеге негізсіз берілген нұсқаманың күші жойылды.

Облыстық
прокуратураның Байқоңыр қаласының азаматтары мен тұрғындарының құқықтарын
қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныстары (еңбек, денсаулық сақтау,
білім беру, зейнетақымен қамтамасыз ету, Ресей жағымен өзара әрекет) Бас
прокуратура тарапынан қолдау тауып, орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тиісті жұмыстар
жүргізіліп жатыр. Елбасының тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қағидасын
қалыптастыру тапсырмасын орындауда, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен
күресті күшейту үшін алдын алу, сақтандыру шаралары қолданылды. Бұл ретте
«Халқым заңды біл!», «Жылжымалы экомәдениет», «Кәсіпкер және шенеунік»
акцияларының маңыздылыған атап өту қажет.

Прокурор соңғы
жылдары мұнай және мұнай өнімдерін ұрлау өзекті мәселелердің бірі болып
отырғанын атап өтті. Мұнай ұрлығымен күрес, осы қылмыстарды анықтау, алдын алу
және оған жол бермеу мақсатында облыстық прокуратурамен бірлескен
ведомствоаралық мобильді топ құрылды. 2014 жылы заңсыз мұнай айналымына байланысты
22 адамға қатысты 10 қылмыстық іс қозғалып, оның алтауы негізінен қарау үшін
сотқа жолданды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 15,7 млн. теңгенің 120 тонна
шикі мұнайы тәркіленді. Сонымен қатар, бір қылмыстық іс бойынша 111 млн. теңге өндіру туралы талап арыз беріліп, өндіру
жұмыстары жүргізілуде.

С.Нұрпейісов
аймақтағы полиция қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттерінің ұлғаюы күрделі
криминогендік ахуал қалыптастыратынын жеткізді. Өткен жылы ІІБ-нің 22
қызметкерінің ісі сотқа жолданды. Оның ішінде адам өлтіруге қатысқандары да
бар. Сонымен қатар, ІІБ қызмекерлерінің кінәсімен 70-тен астам әкімшілік құқық
бұзушылық жағдайы орын алған. Есепті кезеңде прокурорлар 74 есептен жасырылған
қылмысты анықтап есепке қойса, оның алтауы сотқа жолданды. Ал полициядағы
«Кезекші прокурор – азаматтардың құқықтарының кепілі» жобасы аясында полиция
ғимараттарына келушілерді электронды есепке алу енгізіліп, бейнебақылау
жүргізіледі. Тұрғындар бойында
тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қағидасын қалып­тастыру бағытында жұмыстар
ұдайы жүргізіле беретінін мәлімдеген Сапарбек Айтуұлы мұнан кейін журналис­тер
тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз