АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

41

0

АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Өткен жексенбі күні Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Мәуліт айы құрметіне имандылық шарасы болып өтті. Адамзаттың асыл тәжі, қасиетті Пайғамбарымыз Хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айына арналған бұл рәсімді орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті ұйымдастырды.
«Туған күн” деген мағынаны білдіретін Мәуліт – екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген айына қойылған атау екендігі күллі мұсылман қауымына мәшһүр. Қадір түнінен кейінгі ең қадірлі мереке Мәуліт десек, елімізде Құрбан айт, Ораза айт, Қадір түні секілді мәуліт айын да жыл сайын кеңінен ұлықтау дәстүрімізге еніп келе жатқаны жасырын емес.
Аллаһ тағаланың сүйікті құлының рухына құран бағыштаудан басталған мерекеде театрға жиналған жамағатты құттықтаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Талғат Омаров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, дін істері жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Бақытжан Камалов Мәулітті әлі де болса насихаттаудың, ерекше құрметтеудің, барша қауым болып тойлаудың қадірлі іс екенін жеткізді.
Бір топ имамдардың әз-Пайғамбарға салауат оқуымен жалғасқан имандылық шарасы оңтүстік өңірден ат арытып келген Мақтаралдың мақтаны Қуаныш Спановтың арнауына ұласса, қызылордалық өнерпаз Марат Сүгірбаев, бес жастағы бүлдіршін Рыспай Нұрлыбек орындауындағы ән-термелер, сондай-ақ, сұлу сөзден өлең өрген Мұхтар Ниязов пен Ержеңіс Әбдиев арасындағы айтыс Аллаһ елшісіне арналды.
Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театры әртістері сахналаған «Мөңке бидің түсі», Шымкент қаласындағы «Асыл мұра» өнер отауының «Шын достық», «Дүние адаммен көрікті», «Кең болсаң, кем болмайсың» қойылымдары көпшілік қауымның қошеметіне ие болды. Шарада қыз-келіншектердің қазақи киім үлгілері көрсетілді.
Мереке соңында «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы осынау имандылық шарасына атсалысқан бір топ азаматтар мен Мәуліт айында ұйымдастырылған шығармашылық байқауларының жеңімпаздарын бағалы сыйлықтар және Алғыс хаттармен марапаттады.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз