ҚАЛА АУМАҒЫ КЕҢЕЙЕ ТYСТІ

56

0

Сейсенбіде облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясы болды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов қатысты. Сессияның кезектен тыс V шақырылым отырысына депутат Асылбек Тоғызбаев төрағалық етті.
Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Оның алғашқысы «2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2012 жылғы №61 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы болды. Бұл мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасады. Хабарламашының айтып өткеніндей, алдағы жылдарға кіріс көзін 203465 мың, оның ішінде облыстық бюджеттің өз кірістері 176769 мың, салықтық түсімдер 44544 мың теңге, әлеуметтік салық 74047 мың теңгеге ұлғайту күтілуде. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер, оның ішінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітілген мүлікті сатудан түсетін түсімдер 1434 мың теңгеге ұлғайтылуда. Сонымен қатар, жыл соңына дейін бюджет қаражатын тиімді және сапалы орындау мақсатында бірқатар шығындарды және мемлекеттік сатып алу қорытындысымен жалпы сомасы 1 308 462 мың теңге үнемделген қаржыны қысқарту жоспарлануда. 
Сессия отырысында қаралған келесі мәселе ҚР Үкіметіне облыстың шекарасын өзгерту жөніндегі ұсыныс енгізу туралы болды. Аталған мәселе бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Ш.Қойшыбаев хабарлама жасады. Қаланың шекарасын ұлғайту, әлеуметтік, экономикалық және аумақтық-функционалдық салаларын кешенді дамыту барысында халықтың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін маңызды шаралардың бірі болып табылады. «Қаланың бастапқы Бас жоспары 1976 жылы бекітіліп, соған сәйкес жалпы көлемі 6644,5 га болып бекітілген. Қызылорда қаласының бас жоспары Үкіметтің 2009 жылғы қаулысымен бекітілген жоспарына сәйкес оның аумағын Сырдария өзенінің сол жақ жағалауына қарай дамыту көзделген. Осыған байланысты Қызылорда қаласының дамуы солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысынан даму қажеттілігі туындап отыр.  
Хабарламашы өз сөзінде Бас жоспарда Тасбөгет кенті және Қызылжарма ауылының шекаралары қала аумағына қосып көрсетілгенін атап өтті. Алайда, «ҚР әкімшілік-аумақтық бөлінуі туралы» заңына сәйкес аталған елді мекендер өзара әкімшілік бірлік болып саналып, қаланың шекарасына қосылмайды. Қаланың Бас жоспарына сәйкес шекараны ұлғайту үшін басым аудан ретінде Сырдария өзенінің сол жағалауын және қаланың солтүстік шығыс бетін пайдалану белгіленіп отыр. Жер қатынастары және сәулет пен қала құрылысы саласындағы уәкілетті органдармен жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес осы жер учаскелерінің көлемі шамамен 5961,59 гектардың үстінде болып отыр. Жерге орналастыру жұмыстары барысында далалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, аумақтың нақты көлемі, координаторлары және жер пайдаланушылары анықталады.
Сонымен бірге, облыстық мәслихаттың регламентін бекіту туралы 2007 жылғы желтоқсандағы шешіміне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов хабарлама жасады. Ол облыстық мәслихат жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп беретінін айтты. 
Сессия соңында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы өңірде атқарылып жатқан ауқымды тірліктерге қысқаша тоқталып өтті. Ол өз сөзінде аймағымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы облыста атқарылып жатқан шаруаларға оң бағасын бергенін және осы тірлікті іске асыру мақсатында қолдау көрсетіп отырған әріптестеріне ризашылығын білдірді. Облыс әкімі соңғы уақытта қай салада болмасын ілгерілеу барын алға тартты. Жақында өткен Үкімет отырысында өңірде жүзеге асырылатын үлкен өндіріс орындарының құрылысы, оның өңір экономикасын дамытудағы маңыздылығы айтылып қолдау тапты. Бұл ретте өңір басшысы республикалық трансферттердің Астана мен Алматыдан кейін көп бөлінген біздің облыс екенін атап өтті. 
Кезектен тыс V шақырылған сессия отырысын қорытындылаған мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз