«ҚАЛА КҮНІНДЕ» ҚЫЗЫҚТЫ ДА МАЗМҰНДЫ ШАРАЛАР КӨП БОЛМАҚ

55

0

Баспасөз орталығында қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қала күнін мерекелеуге байланысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
– Елімізде «Қала күнін» мерекелеу дәстүрге айналғаны белгілі. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың рухани, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін көрсету мақсатында Елбасы Алаштың анасына балаған Сырдың бас қаласы – Қызылорданың мерейтойын аймағымызда кең көлемде және жоғары деңгейде ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Биыл Қызылорда қаласының құрылғанына 195 жыл толып отыр. Қызылорданың Қазақстанның алғашқы астанасы ретіндегі рөлін айқындай түсу, сол арқылы жастар бойына мақтаныш сезімін ұялату, сол арқылы оларды отансүйгіштікке баулу басты мақсат, – деді қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов сөз басында. Сонымен бірге, ол облыс тарихы үшін маңызы бар мерейтойды өз деңгейінде атап өту мақсатында мерекенің негізгі іс-қимыл бағытын анықтайтын «Қала күні» мерекесін ұйымдастыру мен өткізудің тұжырымдамасы дайындалып, «Қызылорда – серпінді дамушы облыстың көрінісі, жаңғырудың, жаңарудың, дамудың үлгісі» ұранының мерекелік іс-шаралардың басты идеясы болып белгіленгенін атап өтті. Осы бағытта қала келбетін көріктендіру мен жаңарту барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды. 
Мерекеге дайындық барысында қала аумағындағы көшелер, үйлердің көше беттері безендіріліп, гүлзарлар, парктер, басқа да қоғамдық орындар тәртіпке келтірілген. «Қала күніне» облысымыздың аудандары мерекелік тарту жасамақ, осыған орай бүгінде қаланың арнайы белгіленген аумақтарынан сквер-аллеялар салынуда екен. Сондай-ақ, қаланың көркемдік-эстетикалық сәнін, келбетін жақсарту бағытында Жібек жолы көшесінің бойына арнайы жасанды гүл композициясы қойылып, электр бағандарына 600 дана гүл шарлары орнатылған. Оған қоса, орталық көшелердегі 25 аркалық қондырғылар қайта жөндеуден өткізіліп, флекс-неон шамдары арқылы ұлттық ою-өрнекте бейнеленуде. 31 жерге соңғы үлгідегі бағдаршамдар орнатылса, 50 жаңа аялдама қойылып, олар ақпараттық материалдармен безендірілген.  
Қала бюджеті жыл басында бекітілген 23 млрд. 699 млн. теңгеден 40,3 пайызға ұлғайтылып, 33 млрд. 251 млн. 390 мың теңгені құрауда. 
Қаланың кескін-келбетін жаңарту, көркін арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды жан-жақты әңгімелеген қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов «Қала күні» мерекесінде өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға да тоқталды. 
Оның айтуынша, «Қала күні» мерекесі аясындағы негізгі іс-шаралар 8-қазаннан басталмақ. Ол күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Байқоңыр қаласы көркемөнерпаздарының мерекелік концерті қызылордалықтар назарына ұсынылмақшы. 9-қазанда Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарының мерекеге арнаған тартуына кезек берілсе, сол күні Орталық стадионда Қазақстан футболының негізі қаланғанына 100 жыл толуына орай футбол жұлдыздарының жергілікті футбол командаларымен жолдастық кездесу ойыны және мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылмақ. Мерекелік бағдарлама аясында футбол ойыны қимылдарын көрсететін, бір сәтте 300 баланы қамтитын театрландырылған қойылым көрсетілмекші. Сонымен қатар, «Жібек жолы» сауда-сауық орталығының кинозалында режиссер Қ.Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» көркем фильмінің тегін көрсетілімі жүргізіледі. Көрсетілімге қазақтың майталман актері Асанәлі Әшімовтің өзі қатысады деп жоспарлануда. 10, 11, 12 және 13-қазан күндері де қызылордалықтар үшін қызықты әрі мазмұнды іс-шараларға толы болмақ.
Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз