ҚАЛАЛЫҚ НЕЙРО-ИНСУЛЬТ БӨЛІМІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕ БАСТАДЫ

54

0

ҚАЛАЛЫҚ НЕЙРО-ИНСУЛЬТ БӨЛІМІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕ БАСТАДЫҮстіміздегі жылдың маусым айында қалалық аурухана жанынан 25 орындық нейро-инсульт бөлімі ашылды. 
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес елімізде 48 инсульт орталығын ашу жоспарланған. Соның бірі Қызылорда қалалық ауруханасы жанынан ашылды. Онда жедел ми-қан айналымы бұзылысына шалдыққан науқастарды емдейді. Бөлімнің негізгі мақсаты – диагностиканы жетілдіру, әлеуметтік мәні бар (ми-қан тамырлары аурулары) емдеу және ерте сатысында анықтау, инсульттан кейінгі мүгедектік пен өлімнің алдын алу. 
Қалалық ауруханаға қарасты нейроинсульттік бөлім 25 төсектік орынға арналған. Атап өту керек, қазіргі таңда бас ми-қан тамырлары ауруының күрт өсіп кеткендігі мамандарды ерекше алаңдатып отыр. Ашылғанына 1 айға жуық болса да, мұнда дер кезінде 40-тан астам ауыр науқасқа жедел көмек көрсетіліп, шұғыл ми-қан бұзылыстары мен жүрек ишемиясы дертінің алдын алған. Облыстық медициналық орталықпен қатар кезегімен науқастарды қабылдайтын бөлімде бүгінде 21 адам ем қабылдап жатса, ауыр жағдайдағы 4 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.   
– Бөлімде арнайы бөлмелер қажетті құралдармен толық қамтылған. Нейро-инсульт бөлімі ми-қан айналымы бұзылған жандарға жедел көмек беруге толық әзір. Адам денсаулығы басты назарда, қазіргі кезде ем алып жатқандар 10-14 күнде аяқтарынан тұрып кетеді, – дейді осы бөлім меңгерушісі Ғалымжан Жолданбаев.
Бөлімде инсульт алған науқастарды қайта қалпына келтіруге көп күш салатыны көрініп тұр. Өйткені, мұнда вертикализатор, кинезотерапия және емдік денешынықтыру кабинеттері бар.
Мамандар Қазан қаласынан және елімізде оқып келген. Бөлімнің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде жабдықталған. Маман тапшылығы жоқ көрінеді.
– Бұрын адамдар инфаркттен бірден «кетіп» қалатын. Біздің мақсатымыз – осы жағдайды азайту. Әдетте, миына қан құйылған адамның аяқ-қолы қимылдамай қалады. Ал мұнда заманауи аппараттар науқастың аяғынан тұрып кетуіне көмектесе алады, – дейді инсульт бөлімінің меңгерушісі Ғ.Жолданбаев.  
ҚАЛАЛЫҚ НЕЙРО-ИНСУЛЬТ БӨЛІМІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕ БАСТАДЫАшылғанына көп бола қоймаса да, дер кезінде көмек қолын ұсынып жатқан ақхалаттыларға науқастардың айтар алғыстары шексіз. Әрине, дәрігерлердің жанқиярлық еңбектері мен пациенттердің өмірге деген құштарлығы арқасында дертті жеңе білу үлкен ерлік. Ал, ол ерлікті салауатты өмір салты дағдысына айналдыра алу азаматтардың өз қолында. 
Инсульттік емге қажеттілік инсульт ауруының дендеп кетуінен туындап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын әлемде 10 миллионнан астам адам инсульт және инфаркт салдарынан өмірден өтеді. Ал инсульттан көз жұматындар жүрек ақаулары және онкологиялық аурулардан кейінгі 3-орында. Соңғы жылдары бұл дертке шалдығатындар саны күрт көбейіп кетті. Қазақстанда ми-қан айналымының бұзылуы 1000 адамға шаққанда 2,5-4 науқасты құрайды. Ал, бұл әлемдегі ең үлкен көрсеткіштер қатарына жатқызылады. Инсульттің бірнеше рет «соғуы» адамды ажалға жетелегеннен бұрын, оларды сөйлеу, көру, қимыл қозғалыстан айырып, мүгедек етеді. Аталмыш ауруға бірінші рет ұшыраған адамдардың 20% ғана кейін өз қалпына келе алса, 80%-ы өмір бойы мүгедек болып қалады. Науқастардың 18-27%-ы сөйлеу қабілетіндегі өзгерістеге тап болса, ал депрессияға ұшырайтындар 30-68%-ды көрсетеді. 40-70% когнитивті өзгеріске ұшыраса, 48-80%-ы ауру орындарының сыздауынан зардап шегеді. 6-7% постинсультты эпилепсияға ұшырайды. Әрине, қорқынышты салдар, бірақ, бұл шындық! Бүгінгі күні осындай қатерлі аурудың дендеуі не себепті? Бұған жауап беру қиын. 
Бірінші кезекте экология, адамның салауатты өмір салтын ұстанбау, тұрмыстық фактор, айта берсе, көп. Бұл жердегі үлкен мәселе дендеп бара жатқан дерттің алдын алуда болып отыр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз