АЛҒАШҚЫ ТОҚСАН ТАРАЗЫСЫ

47

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төарағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтті. Онда бірінші тоқсандағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері шығарылып, көктемгі дала жұмыстарына әзірлік пен өңірдегі көркейту-көгалдандыру барысы талқыланды.
Аймақ басшысы Астанада өткен Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында Елбасы жүктеген бірқатар тапсырмаларды атап өтті. Алдағы жылы ассамблеяның құрылғанына және Конституцияның қабылданғанына 20 жыл толады. Осыған сәйкес облыста атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілуі керек. Сондай-ақ «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы” мегажобасының жаңа кезеңі басталуына орай, аудандар мен ауылдарда атқарылатын жұмыстарға екпін беріледі. Қырымбек Елеуұлы тиісті басшыларға «Достық” үйінің құрылысын жақын арада бастауға қаражат бөлуді, «Жасыл ел” жасағының жұмысын одан әрі жандандыру туралы ұсыныс беруді тапсырды. 
Алғашқы тоқсанның көрсеткіштері туралы хабарлама жасаған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысы С.Құлымбетова Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында айқындалған мақсаттарды жүзеге асыру үшін ағымдағы жылға арналған іс-қимыл жоспары белгіленгенін атап өтті. Оған сәйкес жыл ішінде 195 шара атқарылуы тиіс болса, бірінші жартыжылдыққа 26 шара белгіленген. Бүгінгі күні оның 8-і орындалды, 17-сі орындалу сатысында, 1 орындалмаған. Ол – Талсуаттағы жүйке ауруларына арналған интернат құрылысы. Жарнамаларды, билбордтарды реттеу және сауда орындары мен дәріханалардың санитарлық жағдайын жақсарту баяу жүргізілуде. 
Одан әрі макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталған хабарламашы өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді атап өтті. Экономиканың бірқатар салаларындағы, атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі көлемінің төмендеуіне мұнай өндірісінің азаюы себеп болды. Инвестиция тарту көрсеткіштерінің төмендеуіне «Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автомагистралінің, «Бейнеу-Бозой-Шымкент” газ құбырының, «Жезқазған-Бейнеу- Сексеуіл” теміржолының аяқталуы әсер етті. Тек бюджет қаржысына иек артып, даму институттарымен жұмыс істеуге, инвестиция тартуға ұмтылмағандықтан,         аудандардағы инвестиция тартудың төмендеуі байқалды. Бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарының қадамына тұсау болып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімі тіркелсе, ірі қара мен уақ мал басының азаюы, ет, сүт өндірудің төмендеуі орын алған. 
«Балапан” бағдарламасы аясында 3-6 жасар балаларды балабақшамен қамту 85 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 90 пайыз болады деген болжам бар. Өткен жылы қабылданған денсаулық саласын дамытудың жол картасы өз нәтижесін бере бастады. Қатерлі ісік, туберкулез кеселдерінің көрсеткіштері төмендеген. Ана өлімі тіркелген жоқ. Дегенмен сәби өлімі әлі де алаңдаушылық туғызып отыр. Хабарламашы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жалақы қарыздарының өтелуіне қатысты оң көрсеткіштерге тоқталды. 
Аймақ басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен аудан әкімдері мен бағдарлама әкімшілерінің жұмысына нақты баға берілетінін атап айтты. 
Мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев көктемгі егіс науқанына әзірлік барысын баяндады. Биыл 160,4 мың гектар жерге егін егу жоспарланып отыр. Негізгі дақыл – күріш 76,6 мың гектар жерге орналастырылмақ. Мал азығындық дақылдар мен күріш көлемі ұлғайған. Қазіргі уақытта тұқымды себу дәрежесіне жеткізу жұмыстары қарқын алған. Басқарма басшысы минералдық тыңайтқыштар, шаруашылықаралық каналдарды тазалау, техникаларды  әзірлеу, жанар-жағармай қоры туралы толыққанды мәліметтерді ұсынды. Қазіргі күні көктемгі дала жұмыстарын өткізудің оңтайлы кестесі жасалған. Сәуірдің 3-ші онкүндігінде күріш егу басталады. 
Одан әрі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Е.Бекжанов көркейту-көгалдандыру екі айлығының барысына тоқталды. Қазір апта сайын сенбіліктерде тазалық шаралары, көшет отырғызу қарқынды  жүргізілуде. 
Халық арасында бұрыннан айтылып келе жатқан  «Ауылына қарап, азаматын таны” деген тәмсіл бар. Көркейту, тазалық мәселесі талқыланған тұста облыс басшысы  «Әкімі қандай болса, елді мекеннің келбеті сондай” деді. Ақпараттарда көрсетілген жыл сайын отырғызылатын көшеттер санына  қарасақ, Қызылорда облысы орманға айналатын уақыт болды. Бірақ, олардың шығымы мен суарылуына бақылау жеткіліксіз. Мәжілісте аудан орталықтарының, ауылдардың санитарлық тазалығы, белгіленбеген жерлердегі қоқыс алаңдары түсірілген суреттер көрсетілді.
Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз