АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

64

0

Кеше облыстық мәслихат залында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісін өткізді. Онда «Нұр Отан» партиясының XV сьезінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Мәжіліс жұмысына партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев басшылық жасады.
Саяси кеңес жұмысын ашқан Қырымбек Елеуұлы алдағы уақытта атқарылатын партиялық істер тұрғысында жан-жақты баяндады. Партия талабына орай халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іргелі істерді қолға алу жоспарланып отыр. Бұл бағытта біздің Сыр өңірінде қаншама игілікті істер жүзеге асырылып келеді. Астанада өткен съезд барысында партияның жаңа саяси доктринасы қабылданды. Бұл доктрина келешекте еліміздің жаңаша серпінмен өркендеуіне мүмкіндік ашатын болады. Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің алдында үлкен міндеттер тұр. Қазақстан әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатында іргелі істерді іске асыратын болады. 
Біздің облысымыз тоғыз жолдың торабында орналасқан. Теміржол мен халықаралық көлік дәлізі Сыр өңірінің басым бөлігін басып өтеді. Сондай-ақ, магистральды газ құбыры келешекте облыстағы елді мекендердің негізгі аумағын қамтитын болады. Бұл – біздің басты ерекшелігіміздің бірі. Ендеше, біздің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға мол мүмкіндік бар. Осы орайда біздің аймақта металлургия саласын дамытуға әбден болады. Жақын жылдарда облыста өндіріліп жатқан ванадийге әлемдік сұраныстың 10 пайызға жуығын қамтамасыз етуге оң жағдай жасалады. Сонымен қатар, уран өндірісінде де осындай серпілісті істер атқарылады. 
– Үстіміздегі жылы жергілікті диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, – деді облыс әкімі әңгімесін одан әрі өрбітіп. – Егіншілер 74 мың гектар күріш алқабының әр гектарынан орташа есеппен алғанда 49 центнерден өнім жинап, қамбаға 365 мың тоннаға жуық астық құйып алды. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. Күріш ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен бірлесе отырып, күріш кластерін жолға қоюға мән берілуде. Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласының жұмысын жақсартуға көңіл бөлдік. Облыс басшысы өз баяндамасында Арал теңізін сауықтыруға арналған халықаралық жоба нәтижесінде аймақтағы экологиялық ахуалдың жақсара түскенін жеткізді.  
  Сыр өңірінің білім, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік салаларында да игі істер жүзеге асып келеді. Алдағы жылдары 43 ауылды тірек елді мекендері қатарына қосу көзделіп отырса, соның ішінде келер жылы 8 ауылда алғашқы жұмыстар басталмақ. 
Партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мәжілісінде бірқатар съезд делегаттары сөз алып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Олардың қатарында «ҚазГерМұнай БК» ЖШС бас директоры Медет Кәрім, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, Қызылорда қаласындағы №5 орта мектептің директоры Әлия Көшкінбаева, «Жас Отан» жастар қанаты Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ержан Жақыпов бар. 
Мәжіліс барысында саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізілді. Басқа қалаларға және қызметтерге ауысуына байланысты «Қазақстан темір жолы» облыстық филиалының, облыстық мәдениет және денсаулық сақтау басқармаларының бұрынғы басшылары құрамнан шығарылды. Олардың орнына «Қазақстан темір жолы» облыстық филиалының, облыстық мәдениет және денсаулық сақтау басқармаларының қазіргі басшылары Аманкелді Арысбаев, Ержан Әбдірахманов, Иран Шәметеков, Сырдария және Қармақшы аудандарының әкімдері Ғанибек Қазантаев пен Нәжмадин Шамұратов енгізілді. 
Әділжан ҮМБЕТ.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз