АЛТЫН МОНЕТАЛАР ӘЛЕМІ

52

0

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің монеталары» көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге ҚР Ұлттық Банкінің қорын­дағы монеталар қойылды. Келу­шілер бұл жерден республикалық айналымда жүрген монеталармен қатар, мерейтойлық және арнайы соғылған алтын, гауһар тастармен көмкерілген ескерткіш монеталарды көре алады. Атап өтерлігі, ескерткіш және мерейтойлық монеталар алтын мен күмістің жоғары сапасынан жасалып, кәдесый қорабымен, ҚР Ұлттық Банк сапа сертификатымен шығарылған. Ондағы жазулар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Барлық монета көркемдік әрлеу әдістерін, әрі қиын технологияны қолдана отырып «PROOF» халықаралық сапасына сай жасалыпты.

Бұл монеталардағы бейнелердің мән-мағынасы кең, қазақ елінің тарихын, этнографиясын, жануарлар және өсімдіктер әлемін қамтиды.

Ескерткіш және мерейтойлық монеталар негізінен мәдени-ағарту, тарихи, нумизматикалық мақсатта шығарылған. Олардың саны да, таралымы да шектеулі және Қазақстан аумағында, сондай-ақ шетелдерде коллекциялық құнымен сатуға арналған.

Көрмені алғашқы болып тамаша­лауға Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің «Банк ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер келді. Сыр жұртшылығы мен қонақтарына егеменді еліміздің монеталарынан мағлұмат беру мақса­тын­да ұйымдастырылып отырған көрме қыр­күйек айының соңына дейін со­зылмақ.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз