АЛТЫНҒА БЕРГІСІЗ ҚОЛА

45

0

АЛТЫНҒА БЕРГІСІЗ ҚОЛА

«Тойдың болғанынан боладысы қызық” дегендей, Астана қаласында қазақ күресінен ҚР Президентінің жүлдесіне арналған, көптен күткен «Қазақстан Барысы” турнирі де өткен жексенбіде дүркіреп өте шықты. «Биылғы жылғы Барыс кім болар екен?” деген сұрақтың да жауабы белгілі бүгін. Барлық аймақтан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шыққан балуандар қатарында Сыр елінің үкілеп қосқан екі жігіті де бар еді. Олар «Сыр Барысы” Руслан Әбдіразақов пен (облыстық «Алтын белбеу” жарысының 3 дүркін жеңімпазы) «Сыр Арланы” Айбек Серікбаев (облыстық Алтын белбеу” жарысының 2 дүркін жеңімпазы). Дүбірлі додада Астана, Алматы қалаларынан және барлық облыстан 28 балуан бақ сынады.

Сонымен турнирдегі ақтық айқаста шығыс­қазақстандық Мұхит Тұрсынов қарағандылық балуан Асыл Бәрменовтен басым түсіп, алтын белбеуге ие болып, «Қазақстан Барысы” атанды. Ал біздің жерлесіміз Р.Әбдіразақов үшінші орын үшін болған кездесуде Жамбыл облысының балуаны Дәулетхан Жақыповқа ешқандай үміт қалдырмады. Жалпы турнирдегі кездесулер барысында спорт
мамандары да, көрермендер де Руслан жеңімпаз болады деп үміттенді. Өйткені,
бірінші кездесуінде небәрі 25-ақ секундта қарсыласын алып ұрса, келесі
белдесуде былтырғы «Қазақстан Барысы” Айбек Нұғымаровты айқын жеңген болатын.
Міне, осыдан кейін барлығы да Руслан жеңімпаз болады деп ойлады. Бірақ,
жартылай финалда соңғы сәтте М.Тұрсынов айласын асырып кетті.

АЛТЫНҒА БЕРГІСІЗ ҚОЛАКеше
Қызылорда әуежайында Руслан Әбдіразақов пен оның жаттықтырушысы Садық
Мұстафаевты қызылордалықтар салтанатпен қарсы алды. Салтанатты шарада айтыскер
ақын Мұхтар Ниязов жүлдегер балуанға жыр арнады. Облыс әкімінің орынбасары
Ақмарал Әлназарова құттықтау лебізін жеткізіп, Астанада Қызылорда облысының
күндері өтіп жатқан сәтте, Русланның жүлдесі ерекше қуаныш сыйлағанын айтты. Ол
бүкіл ел балуандарының арасынан үшінші орын алу үлкен жетістік екенін атап
өтті. Ал Руслан өзін күтіп алған жерлестеріне шын жүректен ризашылығын
жеткізіп, биыл қоламен шектелсе, келесі жылғы додада алтын белбеуге қол
жеткізуге уәде етті. Әуежайда журналистерге арналған шағын баспасөз мәслихаты
өтіп, онда спортшы мен оның жаттықтырушысы ақпарат құралдары өкілдері тарапынан
қойылған сұрақтарға жауап берді.

 

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз