“ҚАНАТТЫ ӘЙЕЛ” ЖЕТІСТІГІМЕН ҚУАНТТЫ

46

0

Жаны нәзік болса да талай істің көзін тауып, шағын кәсібін дөңгелентіп, еліміздің әлеуметтік жағдайы мен экономикасының дамуына өз үлестерін қосып отырған әйелдер қауымының бүгінгі қоғамда алар орны ерекше. Осы орайда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қанатты әйел” атты тақырыпта облыстық кәсіпкер әйелдердің форумы болып өтті.

Шараның негізгі мақсаты – кә­сіпкер әйелдерге қолдау білдіру, олардың жұмысын жандандыруға мүмкіндік беру, іскер нәзік жандардың басын қосып, өзара пікір алмасуға ықпал ету және мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер турасында түсіндірме жұмыстары, оқу курстары және семинар-тренингтер ұйымдастыруды жүйелі жүргізіп отыру болып табылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «Қоғамдық келісім орталығы” мен «Ақ босаға” қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен өткен шараға облыс көлеміндегі орта және шағын, ірі кәсіпкерлікпен айналысатын нәзік жандылар жиналды.

Форумды «Қоғамдық келісім орталығының” директоры Рахима Ахметова ашып, алдымен жиналғандарды еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі Тәуелсіздік күнімен құттықтап жылы лебізін білдірді. Және де қоғамдағы әйелдер рөлі мен олардың кәсіпкерлік саладағы жетістіктері мен еңбектері жайында кеңінен әңгімеледі.

Сондай-ақ шара барысында кәсіпкер жандар сөз алып, олар өз шаруаларын неден бастағанынан бастап қазіргі таңдағы жеткен асулары жөнінде көпшілікпен бөлісті. Мәселен, форумға қатысушы Шиелі ауданынан келген Айткүл Әбдіқадірова бү­гін­де кәсіпкер атанғанына 20 жылға жуықтапты. Ол аудандағы «БекАру -1”, «БекАру-2” мейрамханалары мен қатар тәтті өнімдерін шығаратын фабрикасы бар. Ол шаруасын дөңгелентіп ғана қоймай, қаншама жандарды жұмыспен қамтып отыр.

Одан әрі жиналғандар қолөнер көрмесін тамашалады. Онда киізден жасалған қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері, әшекей бұйымдары, түрлі тағам өнімдері мен кәсіпкерлердің шығарып жатқан заттары көрмеден орын алды.

Облыстың кәсіпкерлік саласын дамытуда әйелдердің де қосар үлесі зор. Олар шаштараз, тігін шеберханалары, нан, тәтті өнімдерін шығаратын цехтар, мейрамханалар мен сауда орталықтарын ашып, адамдарды жұмыс көзімен қамтамасыз етіп отыр. Кез келген істің көзін табатын тек ерлер ғана емес, ол нәзік жандылардың да қолынан келетін кәсіп. Өткізіліп отырған форум осының дәлелі болды.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз