АҚПАРАТ АЙДЫНЫ

216

0

Имандылық үйі

Қасиетті Рамазан айы­ның қарсаңында Шиелі ауда­нындағы Бестам ауылын­да
имандылық үйі – жаңа мешіт ғимараты ашылып, пайдалануға берілді.

Ауыл адамдарының бұрын­ғы мешіттің күмбезін ауыс­тырып беру туралы өтінішін
қабылдаған ел азаматы Тілеу­берген Шәутай жаңадан мешіт үйін салып беруге шешім
қа­былдап, өз қаржысына осы Дос­ман қажы атындағы сәулетті ғимаратты тұрғызды.
Бұл оның осы тұрғыдағы алтыншы сауапты ісі екен.

Аллаға сыйыну үйінің ашы­­лу салтанатында аудан әкі­мі Қайратбек Сәрсенбаев
құт­тықтау сөз сөйлеп, игі тілегін білдірумен қатар жамағаттың ынтымақты
қарым-қатынасын және де жаңа мешіт ғимаратының сәулетті бой көтеруіне
атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Салтанатты жиын барысында мемлекет
және қоғам қай­раткері Әбдіжәлел Бәкір бұл жа­ңалыққа өз қуанышын біл­ді­ріп,
Мешіт үйі – тек дұға жасаумен шектелмей, ауыл ақ­са­­қал­дарының келелі кеңес
өт­кі­зетін имандылық орнына айналғаны жөн, ол тәрбие беретін мекенге тиіс
деген ой айтты. Ауыл тұрғындары атынан Досман қажының ұлы Нығметхан ризашылығын
жет­кі­зіп, жамағатты арнайы ас пен дұға қайыруға шақырды.

 

Нұрмахан Елтай.

Шиелі ауданы.

 

Балалар астанаға барады

Жасөспірімдер мен балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында облыс
әкімдігінің ұйымдастыруымен Астана қаласына туристік саяхатқа облыс көлеміндегі
үкіметтік емес ұйымдар және этномәдени орталықтар, қоғамдық қорлар тарапынан
ұсынылған балалар жіберіледі. Туристік
сапарға аймақтан 20 бала жетекшісімен және медбике жіберілу көзделуде. Олар
«Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінен,
«Чернобыль және Арал балалары» балалар қайырымдылық қорынан, «Көкжиек» мүгедек
балалар қоғамдық қорынан, ОКЦ «Славяне» этномәдени орталы­ғынан, «Батыр-Ана»,
«Бибі-Ана», «Ару-Ана», «Жәрдем-Содействие» және «Қызылорда Се­мей-Невада»
қоғамдық бірлестіктері атынан ұсынылған жасөспірімдер.

Ағымдағы жылдың 6 шілдесінде балалар Астана қаласына саяхатқа шығады. Үш
күндік ту­ристік саяхат бағдарламасына орай балаларға еліміздің Тұңғыш
Президенті мұражайы, «Бәй­терек” сынды Елорданың ең әсем әрі көрікті жер­лері
көрсетілетін болады.

Нұрбек Дәуренбеков.

 

БОЛАШАҚ САРБАЗДАР МЕН
ЖАУЫНГЕРЛЕР ҚАТАР ЖАТТЫҚТЫ

Облыстық ішкі саясат­ б­ас­қа­рмасы мен «Бо­ла­шақ жас­тары» жастар қоғам­­дық
бірлестігінің ұй­ым­­­­­дастыруымен 5547 әс­ке­­ри бөлімінде әскерге
шақырылушылар мен әс­кер­дегі сарбаздар арасында әскери-спорттық сайыс болып
өтті.

Шараның басты мақсаты – ойын-жаттығу аясында төтенше жағдайларда іс-әрекет
етуге қажетті қасиеттерді қалыптастыру және онымен қоса әскери қолданбалы спорт
түрлерін дамыту, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау. Жарысқа әскердегі
сарбаздардан 4 команда, әскерге шақырылушы жастар арасынан «Барыстар» және
«Қыран» атты 2 топ қатысып бақтарын сынады. Командалар саптық даярлық, автоматты бөлшектеу және жинақтау,
әскери кросс, кермеге тартылу, арқантартыс сынды 5 кезең бойынша сайыстары дода
барысында командалар ептіліктерін, жылдамдылықтарын көрсете білді. Нәтижесінде
жүлделі I орынды 5547 әскери бөлімінің «1 рота» командасы жеңіп алса, II орынды жастардан құралған «Барыстар»
командасы иеленді. Ал, III орынды әскердегі сарбаздардан құралған «Авто­взвод»
тобы қанжығасына байлады. Жүлделі орын алған командаларға ақшалай сыйақы және
дипломдар табысталды.

 

М.ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ҰСТАНЫМДАРЫ

Бүгінгі таңда мектепте оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау
көрсету өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан да
түрлі емтиханға дайындық кезінде оқушылардың мінез-құлық стратегиясы мен
өзін-өзі реттеуі және бақылау дағдысын оқыту, сенімділігін арттыру мақсатында
практикалық сабақтар өткізуді жоспарлау керек.

Түлектердің емтиханға дайындықта қорқыныш пен іштей қинаған сезімдерден
құтқарып, бойларына сенімділік ұялата білу қажет. Алдымен, өзіне сенімділігін арттыру, айналасындағыларға
сенім білдіруді ояту қажет. Сондай-ақ, ішкі резервтерді тірек етіп, өзін-өзі
бақылау дағдыларын дамыту керек.

Мектеп психологы оқушылармен
диагностикалық зерттеулерді, коррек­циялық (түзету) жұмыстарды
жүргізеді. Оқушының мінез-құлқын, әсіресе темпераментін анықтау керек. Арнайы
берілген балалардың темпераменттік шкалалары бойынша әр оқушының жауабына қарай оның темперамент типін
анықтауға болады.

Психологиялық жағынан емтиханға дайындық кезінде әрбір оқушы мына
ұстанымдар арқылы өзіне көмектесе
алады.

Өзіңнің дайындығың мен ойыңды біржақты етіп жинақтауға тырысу керек. Ар­ман-мақсаттарыңыздың
қандай жағдайда болмасын жүзеге асатыны­на өзіңізді сендіріңіз. Ата-ананың
үмітін ақтай алмай қаламын, құрбы-құрдастарымның соңы болып қаламын немесе
төмен балл алсам не болады деген ойлармен өзіңіздің миыңызды шаршатпаңыз. Сіз
қандай балл алсаңыз да ата-анаңыздың сүйікті баласы, құрбы-құрдастарыңыздың
ортасында адал дос болып қала беретіңізді естен шығармаңыз. Болашаққа қойған
асыл армандарыңызды қалай да орындап шығатыныңызға сенімді болыңыз. Зердені,
жадыны шынықтыратын жаттығулар жасап, дұрыс тамақтанып, уақытыңызды дұрыс
жоспарлап, жүйелі түрде дайындық жүргізіңіз. Өзіңізді өзіңіз тексеріп көруден
жалықпаңыз. Өзіңіздің шын мәнінде білімді екеніңізге көз жеткізсеңіз, ешқандай
емтихан алдында жүрексінбейтін боласыз.

Емтихан – үлкен асу! Бірақ
бұл асудан сабырсызданбай, өзіңізді барынша қолыңызға алып, нық сеніммен
тапсырамын деп сенсеңіз ғана толығымен жетістікке жетесіз. Сынақ өткеннен кейін
де өмір жалғаса береді! Сынақ өміріңіздің құлшынысын төмендететін немесе
өміріңізді мүлде өзгертіп жіберетін құбылыс деп қабылдамай, тек өміріңізде
кездесетін кезекті емтихандардың бірі ретінде қарау керек.

 

Гүлсім ҚОЖАМЖАРОВА,

№212
мектеп-гимназия

психологы.

 

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІ ҚЫСҚАРТАМЫН ДЕП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

 

Маусым айының соңғы күндерінде Қаржы полициясы департаменті облыстық ішкі
істер департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Ғ.Баетовке қатысты
пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ғ.Баетов ҚОІІД тергеу басқармасы өндірісіндегі Б. деген азаматқа қатысты
қозғалған қылмыстық істі қысқарту үшін 5000 АҚШ доллары көлемінде пара талап
еткен. Параны бөлшектеп, ол барлығы 900 мыңға жуық ақша алған. Соңғы бөлігі 100
мың теңгені алып жатқан кезде қолға түсті.

Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде.

 

 

Пара бопсалаған бастық

 

9 мамырда Шиелі аудандық ІІБ-ның криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы
А.Тұрлыбеков, ал бұдан бұрын 23 мамырда жедел уәкіл М.Шабдан қамауға алынды.

Олар алдын ала сөз байласу бойынша алаяқтығы үшін қылмыстық жауапкершілікке
тартылатындығын айтып қорқытып, азамат С-ны 400 000 теңге пара беруге
бопсалаған. Және көрсетілген соманың бір бөлігі 100 000 теңге қаражатты пара
ретінде алғандығы үшін айыпталып отыр.

Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде, басқа ақпарат тергеу мүддесіне
байланыс­ты жарияланбайды.

А.Жаңабергенова,

Қызылорда облысы бойынша ЭСЖҚД (қаржы полициясы)

баспасөз хатшысы.