ҚАРҒАЛЫНЫҢ ҚАЛҚЫМАЛЫ КӨПІРІ ҚАЙТА ҚОСЫЛАДЫ

71

0

ҚАРҒАЛЫНЫҢ ҚАЛҚЫМАЛЫ КӨПІРІ ҚАЙТА ҚОСЫЛАДЫ

Шиелі ауданындағы Қарғалы елді мекені тұсындағы қалқыма көпірдің ауыр жүк көлігі түсуі салдарынан түгелімен суға батып, дарияның арға беті, бергі беті алты айлық жолға айналғандығына бір жарым ай шамасы болды. Содан бергі қарғалылықтар үшін орталыққа қатынас бұрынғыдай 40 шақырым емес, көрші аудан Жаңақорған арқылы 140 шақырымға созылды. Көпір облыстық жол басқармасына қарайды, ал оны бүлдірген Шымкент қаласындағы бір мекеме, алайда, сілтеме сөзбен ауыл тұрғындарын сарсылтып қою жергілікті атқарушы орынға абырой әпермесі белгілі. Сондықтан да аудан басшылығы қалқыма көпірді қалпына келтіруді барынша тездете ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, екі аралықтағы қатынастың қалпына келтірілуіне ұйытқы болуда. Қажетті аудандық мекемелер де бұл шаруаға жұмылдырылды.

– Суға батқан қалқыма қайықтың саны 32 болса, оның нақты кезеңде жиырмадан астамы әкелініп, су бетінде құрастырылуда. Олардың сапасы бұрынғыдан да ескі екендігін аңғарылды. Өзге қайықтар осы бір аптаның ішінде әкелінеді деп отырмыз. Бәрі құрастырылып біткен соң көпірдің беткі төсеніштері салынады да, ай соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз, – дейді Шиелі аудандық Тұрғын үй коммунальдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомовиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман өз сөзінде.

 

Н.Назымханұлы.

Шиелі ауданы,
Қарғалы ауылы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз