АРДАГЕРЛЕР ҚАМҚОРЛЫҚТАН ҚАҒАЖУ ҚАЛМАЙДЫ

43

0

Мамыражай мамырдың басындағы Жеңіс күні біздің елдегі әр отбасында атап өтіледі. Сол соғыстан жеңіспен оралған бүгінде көзі тірі сарбаздарға құрмет көрсетіледі. От пен оқтың ортасынан оралмағандарға, соғыстан  кейін еңбек майданында үлгі көрсетіп, ұрпаққа ұлағат қалдырған әкелерге дұға бағышталып, есімдерін еске алады. Өйткені біздің елде сұм соғыстың өрті шарпымаған бірде бір шаңырақ жоқ. Арада 70 жылға жуық уақыт өтіп, бір буын жаңарса да сол соғыстың қасіреті ұмытылмайды. 
Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне, майданда қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған әйелдеріне, концлагерьлердің, еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 40 айлық есептік көрсеткіш, яғни 74080 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем төленеді. Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдарға,  тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО орден-медальдарымен марапатталғандарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және соғыс кезінде тылдағы еңбегі мен әскери қызметі үшін орден-медальдармен марапатталмағандарға 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 55560 теңге көлемінде төлем төленіп, коммуналдық шығындарды өтеуден босатылады.
Сондай-ақ, Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, концлагерьлер мен еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 40 айлық есептік көрсеткіш, яғни 74080 теңге беріледі. Соғыс жылдарында тылда еңбек еткені және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО орден-медальдарымен марапатталған адамдарға 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 37040 теңге көлемінде біржолғы көмек қарастырылған. 
Жеңіс күні ардагерлерге тек материалдық көмек қана емес,  бейбітшілік бесігінде тербелген бүгінгі ұрпақтың ықылас-пейілі жеткізіліп, құрмет көрсетіледі. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз