Қармақшыдағы қарқынды құрылыстар

66

0

Қармақшыдағы қарқынды құрылыстарСәрсенбі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы БАҚ өкілдеріне арнап Қармақшы ауданына баспасөз турын ұйымдастырды. Мақсаты – «Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан емдеу мекемелерінің құрылыс жұмыстары, халыққа қызмет көрсету сапасы мен дайындық шараларын бағдарлау.

Қармақшы ауданындағы ІІІ Интерна­цио­нал ежелден өрісі кең диқаншылар ауылы. Екі жарым мыңға жуық халқы бар елді мекенге жаңадан типтік жобадағы 50 орындықты емхана салынып жатыр. «Атамекен” серіктестігі наурыз айында құрылыс жұмыстарын бастаған болатын. Бүгінде емхананың құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, әрлеу және медқұ­рылғылар орнату жұмыстары ғана қалды. Аудандық орталық аурухана бас дәрігері Бақытжан Нысанбаевтың айтуынша, ем­хана толығымен қыркүйек айының орта­сына дейін пайдалануға беріледі деп кү­тілуде.

Жаңа нысанның бірі аудан орталығында салынып жатқан орталық аурухана. Құрылыс жұмысын «ҚазҚұрылыс Сервис” ЖШС жүргізіп жатыр. Жоба құны – 1,5 мил­лиард теңге. Былтыр наурызда қолға алынған нысан қазан айында берілмекші. Сондай-ақ, ескі 120 орындықты орталық аурухана биыл күрделі жөндеуден өткі­зілуде. 1986 жылдан бері дұрыс жөндеу көр­меген аурухананың қазандығы мен кәріз жүйелері жаңартылып, ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Байқоңыр қаласымен іргелес жатқан Төретам және Ақай елді мекенінде 17 мыңға жуық халық тұрады. Ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында былтыр Төретам кентінде 100 орындықты жаңа емхана пайдалануға берілді. Барлық бөлімдері талапқа сай, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Аудандық аурухананың сала мамандары кезегімен келіп тұрғындарға тегін меди­циналық көмек көрсетеді.

Ақай ауылдық дәрігерлік амбула­то­риясы жоспарға сай қыркүйек айының 20 жұлдызында іске қосылмақшы. Емхана әрі дәрігерлік амбулатория штаттық кестеге сай білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Мамандар қатарында «Дипломмен – ауылға” жобасы аясында 3 жас дәрігер бар.

Ал, Байқоңыр қаласынан аудан орта­лы­ғына келіп көрінетін науқастар са­ны санаулы. Бірақ, кейбір науқастар Бай­қоңырда тегін дәрілерге қол жеткізе ал­мауына байланысты Төретам емханасына келіп тіркелуге мәжбүр. Сондай-ақ, ға­рыш­ты қалаға жұмыс бабымен қоныс аудар­ғандар қазақстандықтар Ақай, Төретам емханасына тіркеліп, тиісті медқызметті пайдаланады.

Бұл мәселе жуырда шешімін табады. Өйткені, Байқоңыр қаласында көпсалалы емханасы бар аурухана жыл аяғына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. Ол облыстық медициналық орталықтың филиалына айналмақшы. Бұл, қос мемле­кеттің өзара келісімі арқылы тұрғызылып жатқан нысан. Келер жылдан бастап Бай­қоңыр тұрғындары медициналық қызметті осы орталықтан толық пайдалана алатын болады.

Облыс әкімінің іс-қимыл жоспарына сай аймақта денсаулық сақтау саласына қарасты емхана-аурухана мекемелерінің құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары 2016 жылға дейін толық аяқталады. Ден­сау­лық сақтау саласындағы жаңа нысандардың бір парасын БАҚ өкілдері көңілдеріне түйіп қайтты.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз