АҚСУАТТЫҢ АУҚЫМЫ ҰЛҒАЙДЫ

43

0

АҚСУАТТЫҢ АУҚЫМЫ ҰЛҒАЙДЫҚызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округі әкімі А.Нұрсейітов халық алдында кезекті есептік кездесуін өткізді. Әкім есебі Елбасының «Қазақстан жолы -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жариялаған Жолдауынан бастау алды. Еліміздің қоғамдық саяси өмірінде үлкен мәнге ие болған әкімдердің халық алдында есеп беруі демократиялық құндылықтар жалғасы. Жаңадан сайланған әкімдер биылдан бастап енді жылына төрт мәрте, яғни тоқсан сайын халықтың алдына шығып атқарған жұмыстары жайлы есеп беретін болады.
Бес жарым мыңға жуық халқы бар Ақсуат ауылдық округіне Ж.Маханбетов ауылы мен Наурыз саяжайы кіреді. Саяжай деген атауы болмаса, «Наурыз» елді мекенінде 1309 адам тұрады. Ақсуаттың ауқымын кеңейтіп, саяжай атауын алып тастағысы келген әкімнің ұсынысы құптарлық. Суы мен жолы, электр жарығының әлсіздігі – наурыздықтардың түйткілді мәселесі. Әкім келешекте үлкен көшелердің жарықтандырылатынын айтты. Сондай-ақ, «Ақбұлақ” бағдарламасы арқылы таза ауыз су тұрғындарға тұрақты түрде берілмек.  
Кеңес Одағының Батыры Ж.Маханбетов ауылы – тарихи ауыл. Осы ауылдан түлеп-өскен, елге еңбегі сіңген талайлы тұлғалы азаматтарды келешек ұрпаққа үлгі-өнеге ету  мақсатында ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Остаевтың бастамасымен мектеп ішінде мұражай ашылған.                    
Халық санының өсуіне байланысты былтыр  «Наурыз» саяжайынан  жаңа 300 орындық білім ошағы салынып №268 мектеп пайдалануға берілді.     «Балапан-2020» бағдарламасы аясында «Наурыз» саяжайында 140 орындық балабақша салынып жатыр. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, ауыл орталығынан 90 орындық балабақша үшін жер белгіленіп, құрылысы 2016 жылға жоспарланған. Ауылдағы жалғыз дәрігерлік емхана бес жарым мың халқы бар ауыл тұрғындарын толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, медициналық қызметтерді заманауи жүйелермен қамтамасыз ету мақсатында арнайы дәрігерлік емхана құрылысының құжаттары дайындалып, көктемнен бастап салу жоспарлануда. Клуб мәселесі ауылдың ең бір шешімін таппай келе жатқан шаруалардың бірі болатын. Былтыр «Жабдықтау» ЖШС жаңа 150 орындық клуб үйінің құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. 
Ауылдан шыққан кәсіпкерлер туған жеріне қамқор қолдарын созып тұрады. «Даму» ЖШС басшысы А.Далханов 538 мың теңгеге жаңа №268 мектеп терезелерін жалюзимен қамтыған. Кәсіпкер азамат М.Белгібаев тұрмысы төмен отбасы балаларына жаңажылдық сыйлық алып берсе, қалалық мәслихат депутаты М.Есжановтың демеушілігімен 4 ауыл ақсақалы Жаңақорған ауданындағы шипажайда ем алды. 
Ауыл азаматтары «Кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несие алып, мал ұстап, төрт түлік басын көбейту мақсатында шаруаларын дөңгелентіп отыр. Тұрғындар әкімнің есебін қолдады. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз