АУДАНДАРҒА АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

57

0

АУДАНДАРҒА АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

Елбасының Жарлығымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленді. Мерекені Сыр жұртшылығы ерекше ықыласпен қарсы алуда. Орталық алаңда өткен шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, мәдениет саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.

«Құрметті Сыр елінің мәдениет және өнер қызметкерлері! Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Мәдениет – адамзат тарихының ең басты күретамыры» деген сөзімен айтсақ, өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бүгінде ежелгі түркі мәдениетінің бастауы болған Сыр өлкесі рухани-мәдени мұралары сақталған, асыл қазынасын дәріптей білетін мекен. Елбасының өзі «Сыр – Алаштың анасы» деп атаған бұл өлке шынында тұнып тұрған өнер өлкесі. Осы ретте түркітілдес елдердің рухани ұлы тұлғасы асқан күйші, ақылгөй данышпан Қорқыт баба және Сыр сүлейлері, қазақ өнерін бүкіл әлемге танытқан әнші, халық қаһарманы Роза Бағланова, сөз зергерлері мен ақын-жазушыларымыз Ә.Тәжібаев, Қ.Мұхамеджанов, З.Шүкіров, А.Тоқмағанбетов, Т.Ізтілеуов, Н.Бекежанов, М.Көкенов және де басқа осы сияқты әдебиет пен өнер жұлдыздарының даңқы бүкіл алты Алаштың мақтанышы екенін айта кеткен жөн.

АУДАНДАРҒА АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫҚұрметті жерлестер! Тәуелсіз еліміздің рухани байлығы мен асыл мұраларымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде, төл өнерімізді халықаралық деңгейде дамытуда мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің алар орны ерекше. Елбасымыздың 21 мамырды еліміз бойынша Мәдениет және өнер қызметкерлері күні деп арнайы жариялауы – сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі. Сондықтан сіздерге әрдайым шығармашылық табыс тілеймін» – деген аймақ басшысы мұнан соң мәдениет саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен маңызды шараларға тоқталды.

Биыл облыстық драма театры мен филармония жанынан жас­тар труппасы және камералық-симфониялық оркестр құрылған. Сондай-ақ, облыс орталығында көркем галерея ашылып, аймақтың жаңа театрының ғимаратын салу жұмыстары қолға алынуда. Сонымен бірге, алдағы уақытта көптеген елді мекендердің мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтетін болады. Облыс әкімі шара барысында өңір мәдениетінің дамуы үшін жасалуға тиіс жұмыстарға үнемі қолдау көрсетіліп, игі істердің әлі де жалғасын табатындығын жеткізді.

Қазіргі сәтте мәдениет саласында екі мыңнан аса адам еңбек етеді. Мерекеге орай олардың бірқатары аймақ басшысының «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттарымен» марапатталса, енді бір тобы облыс әкімінің стипендиясына ие болды. Олардың арасында Сыр өнері мен мәдениетінің ілгерлеуіне сүбелі үлестерін қосқан ардагерлер де бар. Мерекенің ең басты ерекшелігі облыстың 7 ауданына толық жабдықпен қамтылған «Зерде» мәдени-ақпараттық автокөлігінің кілті табысталды. Алдағы уақытта бұл көліктер шалғай жатқан елді мекендерді еліміздің мәдени жаңалықтарымен ақпараттандыратын болады.

Осылайша, мәдениет пен өнер ұжымдары қызметкерлеріне құрмет көрсетуді мақсат еткен айтулы шараның соңы Кеңес Одағының халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенованың 85 жылдық мерейтойы­на арналған концертке ұласты.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз