ҚАУЕСЕТКЕ СЕНІП ҚАЛҒАНДАР

105

0

«кезексiз жер аламыз» деп арыздарын ала жүгіріпті

Неге екені белгісіз, аз ғана уақыт аралығында Қызылорда қала­лық жер қатынастары бөлі­міне жеке үй құрылысы үшін жер учаскесін сұрап, арыз жазған байқоңырлықтар саны күрт артып кетті. Егерде сәуір айының соңында бірнеше адам арыз бер­се, мамыр айында ол үш жүз­ге жеткен, ал мау­сым айында олардың саны мыңнан асып кет­ті. Әсіресе, соңғы күндері Ресей мемлекеттік мерекесі басталып, жұрт төрт күндік демалысқа шыққанда бір күннің ішінде Бай­қоңыр қаласының 325 тұрғыны Қы­зылордаға келіп, арыз берiптi. Сөйтіп, қысқа мерзім ішінде мұн­дай арыздардың саны 1627-ге жеткен. Бұл Қызылорда қаласында бір жыл ішінде қабылданатын арыз санына жуық.

Неліктен бұлай болуда? Мәселе мынада болып шықты. Кімнен шыққаны
белгісіз, жұлдызды қалашық тұрғындарының арасында ғарыш айлағы тұрғындары үшін
Қызылорда қаласынан жер учаскесі кезексіз беріледі деген қауесет сөз тарап
кетіпті. Соған сенген байқоңырлықтар облыс орталығына ағыла бастаған.

Осы мәселенің мән-жайын тү­сіндіру мақсатында Қызылорда қала­лық ішкі
саясат бөлімінің ұйым­дастыруымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда ақпарат
құралдары өкілдерімен жүздескен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Балдырған
Мәмен, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мырзахмет Дүйсенбаев, қалалық
сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Пакуадин Шамұратов Қазақстан
азаматтары еліміздің кез келген елді мекенінен бір мәрте тегін жер учаскесін
алуға құқылы екенін жеткізді. Бұл ҚР Жер кодексінде анық көрсетілген. Бірақ,
жер алу туралы өтініштері арнайы есепке алынады және кезегі келгенде, сонымен
бірге бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай жеке тұрғын үй құрылыс
үшін бос аумақтар болған жағдайда қанағаттандырылады деп көрсетілген. Олай
болса, байқоңырлықтар да жалпы кезекке тіркелетін болады. Ал Қызылорда
қаласында 2004 жылдан бүгінгі күнге дейін барлығы 40858 арыз тіркелген. Демек, жақын күндері арыз тастаған
байқоңырлықтар жоғарыдағы тізімнің жалғасы
болып тіркеледі.

Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан қазіргі күні жердің берілуі
жайы сұралды. Бүгінгі талап бойынша, инфрақұрылымы дайын болған аймақтардан
ғана жер берілуі тиіс екені жеткізілді.
Мұның өзі үлкен қаржылық шығындарды талап ететіні сөзсіз. Облыс
орталығының шығыс жақ аймағынан қазіргі уақытта 980 гектар жер дайындалу
үстінде. Қажетті қаржы бөлініп, тиісті
жұмыстар атқарылғаннан кейін осы аймақтан кезек бойынша жер беріле бастайды.
Мұның өзі ерте дегенде келесі жылы жүзеге асырыла басталады деп күтілуде.

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз