АУЫЛ ӘКІМІ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙҒА ЖАУАПТЫ ТҰЛҒА

62

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық әкімдіктің тұрақты кеңес мәжілісі өтіп, онда үш мәселе талқыланды. Күн тәртібінде бекітілген мәселелерді талқылау алдында аймақ жетекшісі мәжіліске қатысушыларды жаңа кадрлық тағайындау жөнінде хабардар етті. Бұған дейін «Сыр медиа” ЖШС директоры орынбасарының қызметін атқарып келген Талғат Жақыпбаев енді облыстық қаржы басқармасына басшылық ететін болады. Қырымбек Елеуұлы Т. Жақыпбаевтың бұған дейін атқарған қызметтерінде біліктілігімен көзге түскенін атап өтіп, оған жаңа қызметінде табыс тіледі.

Облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова күн тәртібіне сәйкес ҚР-дағы жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы заңының орындалу барысы жайлы айтып өтті. Оның атап өткеніндей, жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды дамыту аясында 2013 жылдан бастап ауылдық округтер әкімдеріне қосымша міндеттер жүктелген болатын. Бүгінгі күні ауыл әкімдеріне жүктелген 79 функцияны жүзеге асыру мақсатында 17 бағыт пен 24 бюджеттік бағдарлама белгіленген. Бұл маңызды бағыттарға көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді көгалдандыру және көркейту, әлеуметтік көмек көрсету, автомобиль жолдарын салу және жөндеу, қоғамдық жұмыстар мен жастар тәжіріибесін ұйымдастыру, мүгедектермен жұмыс жүргізу жатады. Осыған байланысты, ауылдық әкімдіктерді күшейту мақсатында жаңадан штаттар ашылды. Әйтсе де, тексерулер көрсеткендей, ауылдық округтер әкімдері өздеріне жүктелген жаңа міндеттерді іске асыруда жайбарақаттық танытуда. Барлық аудандар мен Қызылорда қаласына қарасты ауылдық әкімдіктердің бірде-біреуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы айыппұл салу және өндіру болмаған. Шын мәнінде, бұған дейін қандай бағдарламалар жұмыс істеп келсе, бүгінгі күні де тек солар жұмыс істеуде. Үстіміздегі жылдың 1 мамырына дейін жергілікті басқару органдарының бақылау есепшоты 146 ауылдық әкімдіктің тек 11-де ғана ашылған. Мектепке дейінгі дайындық және білім беру мекемелерінің жұмысын қамтамасыз ету міндеттері Қазалы ауданында ғана басталған. Сол секілді, Арал, Қармақшы және Жалағаш аудандарында мәдениет саласына қарасты бірде-бір мекеме жергілікті басқару саласына өткізілмеген. Міне, осыған ұқсас мысалдар жеткілікті болып отыр.

Облыс басшысы осы ретте ауылдық округтер әкімдерінің жұмысы келесі көрсеткіштер бойынша бағаланатынына назар аударды. Олар – салық түсімдерін көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Қырымбек Елеулы ауыл әкімі сол жердегі барлық жағдайға жауапты тұлға екенін атап өтті. Сондықтан, ауылдық округтегі білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау секілді өзге де салалар өкілдері әр апта сайын ауыл әкіміне атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп отыруы тиіс. Сондай-ақ осы сала басшылары осындағы өздерінің қызметкерін ауыстыратын болса, ауыл әкімімен кеңескені дұрыс. Өйткені, кімнің қалай жұмыс істеп жатқаны, қандай кадр керек екені ауыл әкіміне ғана аян. Ал, жергілікті жерде салық түсімдерін көбейту бұл өте маңызды мәселе. Сол себепті, ауылдық әкімдіктерге жүктелген жаңа міндеттердің орындалуына ерекше мән берілу керек. Осы орайда аудандық әкімдіктер бұл бағыттағы жұмысты ширата түскені абзал.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – белсенді және ұйымдас­ты­рыл­маған жастармен жұмысты жандандыру бағыты туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жандос Базартай баяндап берді. Елдің болашағы саналатын жастарға өмірлік көзқарасы, тәжірибесі мен мүмкіншілігі әртүрлі 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар жатады. Статистика департаменті деректеріне сәйкес, Қызылорда облысында Байқоңыр жастарын қоса есептегенде 14 пен 29 жас аралығындағы204666 азамат тіркелген. Оның ішінде
ауыл жастары – 135445 (66,2 пайыз), қала жастары – 69221 (33,8 пайыз). Жастар
өңірдегі жалпы халықтың 28,2 пайызын құрайды. 204666 жастың экономикалық белсенді
тобына 117977 адам кіреді, оның ішінде жұмыссыздар саны 7904 адам. Ал,
экономикалық белсенді еместер 73059 адам. Оның ішінде күндізгі оқуда – 61588,
үй шаруашылығында – 5590, өзге де себептер бойынша 5881 адам бар.

Ж.Базартай өткен
жылы жастар ұйым­дарымен нәтижелі жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Түрлі
форумдар, іс-шаралар, ойындар өткізіліп,
жүзден жүйрік танылған қызылордалық жастар аз болмады. Жалпы
«мемлекеттік жастар саясатының өңірлерде жүзеге асыратын мекемелер мен
ведомстолардың қызметінің тиімділігін бағалау”
қорытындысы бойынша облысымыз үшінші орыннан табылып отыр. «Жас Отан”
жастар қанаты облыстық филиалының жұмысы республикада жыл қорытындысы бойынша
ІІ орынға шықты. Дегенмен, қоғамымыздағы жұмыссыз жастар жайы ұдайы назарда
болуы тиіс.

Облыс басшысы осы
орайда қай мемлекетте болмасын,
маргинал жастар қоғамда алаңдау­шылық
туғызатын бөлігі екенін атап өтті. Сон­дықтан, олардың санын азайту – бүгінгі
күннің өзекті мәселесі. Аймақ жетекшісі осы мақсатта арнайы кеңейтілген мәжіліс
өткізіп, кешенді іс-шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

Мәжілістегі
келесі талқыланған сұрақ бой­ынша топтасқан су құбырларының санитарлық жағдайы
және жазғы маусымға дайындығы ту­ралы
Қызылорда облысының тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті
басшысының міндетін атқарушы Мэлс Жұбатқанов баяндап өтті Облыс көлеміндегі
топтасқан үш су құбыры – «Арал-Сарбұлақ», «Октябрь» және «Жиделі» аймақтағы 203
елді мекеннің 76-сын ауыз сумен қамтамасыз етуде. Бұл 37,4 пайызды құрайды.
Департамент басшысы бү­гінгі күні топтасқан су құбырларының тек 35,4 пайызына
ғана механикалық тазалау, жуып-шаю, заласыздандыру жұмыстары жүргізілгеніне
назар аударды. Арал-Сарбұлақ топтасқан су құбырының Қосамандағы 30 ұңғыманың
бүгінгі таңда 10 ұңғымасы ғана пайдаланылуда. Қалғандарына тиісті рұқсат
құжаттары алын­баған. «Октябрь» топтасқан су құбырындағы 4 ұңғыманың екеуі ғана
жұмыс істеп тұр, қалған екеуі жарамсыз. «Жиделі» топтасқан су құбырындағы 11
ұңғыманың 1-і жөндеуде болса, 2-і мүлдем жарамсыз. Жосалы кентінде, Қазалы
ауданының кейбір елді мекендерінде ауыз су шектеулі уақыт мерзімінде берілуде.
Осы жағдайларға байланысты қосымша ауыз су сақтау сыйымдылықтарын салу
қажеттілігі туындауда.

Облыс басшысы су
құбырларының уақытылы заласыздандырудың маңыз­дылығына тоқталып, Қызылжарма
ауылдық округындағы әскери бөлімде
болған төтенше жағдайды мысалға келтірді. Тиісті сала басшыларына топтасқан су
құбырларында техникалық тазалау, жуып-шаю, залалсыздандыру жұмыстарын тездетіп
аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге, топтасқан су құбырларына биылғы жылға бөлініп
отырған қаржының толық игерілуін басты назарда ұстау қажеттігін жеткізді.

 

Ыдырыс
ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз