АУЫЛ ӘКІМДЕРІ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ

43

0

Өткен жылдың тамыз айында ауыл әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Мемлекет басшысы заң жүзінде оларға 67 функция бекітіп берді. Бұл өз кезегінде жергілікті жерде көкейкесті мәселелерді дербес және жауапкершілікпен шешуге мүмкіндік береді.
Осыған орай облыста наурыздың 11-13-і аралығында ауыл әкімдеріне арналған үшкүндік семинар болды. Мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығының ұйымдастыруымен өткізілген семинардың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты.
Облыстық семинарға барлығы 87 ауыл әкімі келді. Олар үш күн бойына өңірлік орталықта 18 лектордың сабағынан дәріс алды. Ауыл әкімдері өздеріне тиесілі 67 функцияны жетік білуі тиіс. Бұл ретте ауыл атқамінерлеріне арналып шығарылған әдістемелік құжаттың көмегі зор. Семинар барысында осы құжат барлығына таратылып берілді. 
Өңірлік орталықтың директоры Қалқазбек Әжібековтің айтуынша, мұндай семинар-кеңестердің жаңадан сайланған ауыл әкімдері үшін маңызы зор. «Олардың құқықтық сауаттылығын арттыруда, заңды білуге, әсіресе, өз құзыреттілігін дұрыс жүзеге асыруға септігін тигізеді. Ауыл әкімдерін үш топқа бөліп, әр топқа облыстағы басқарма, басқарма басшысының орынбасары немесе бөлім басшылары өздерінің тәжірибелерінен лекциялар өтті. Әр сала басшысы  бүгінгі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен міндеттер, соңғы заңнамалық өзгерістер туралы толық мәліметтер берді. Келген ауыл әкімдерінің барлық шығыны облыстық бюджеттен төленді. Мұндай оқыту курстары, семинар-кеңестер алдағы уақытта да өз жалғасын табады,–дейді Қ.Әжібеков.
Семинар соңында қатысушылар үш күн алған білімдерін саралайтын тест сұрақтарын тапсырды. Нәтижесінде барлық ауыл әкіміне өңірлік орталықтың сертификаты берілді. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз