АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ МҰЗ АЙДЫНЫ

122

0

АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ МҰЗ АЙДЫНЫ«Ауылына қарап азаматын таны» деген халық даналығы, ауылдарды дамыту, оны көркейту, кемелдендіру мақсатында аянбай тер төгіп, еңбек етіп жатқан ауыл азаматтарының еңбегін еселей түсуде. Сондай азаматтардың бірі Арал ауданы  Шижаға елді мекеніндегі №57 Е.Көшербаев атындағы орта мектептің директоры Қайрат Алниязов.

Қайрат ауыл баласы,  жоғары білімді маман, өзі оқыған мектепте үлгілі, жаңашыл мұғалім бола жүріп, ұзақ жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі  орынбасары қызметін абыройлы атқарып, соңғы екі жылда мектептің директоры болып еңбек етуде.
«Жас келсе іске» дегендей, мектептің оқу-тәрбие ісінде жаңашылдықпен, Елбасымыз бен Үкіметіміздің тапсырмаларын орындауда үнемі алғы шепте жүруге дағдыланған ол, мектептің жанынан мұз айдынын жасатты. Ауыл балалары мұз үстінде сырғанау арқылы денсаулықтарын шыңдаса, ата-аналары балаларының бос уақытын тиімді пайдаланып, арнаулы  кестемен мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің бақылауымен мұз үстінде сырғанап өз шеберліктерін дамыта алатынына  қуанышты. Атап айтсақ, мұз үстінде сырғанау шеберлігін үйретуші С.Сахиев, Б.Қасымов, А.Ахметов, О.Құлмырзаев, Б.Үмбетов сынды майталман ұстаздар мен жас мамандар Ж.Ботантаев, С.Қуанышбайұлы өз үлестерін қосуда.
Жақында «Айдынға шық, жас ұлан!» атты жарыс ұйымдастырылды. Соның куәсі, өзіміздің сонау 60-шы жылдардағы балалық шағымызды еске түсіріп, қазіргі балғын бөбектер мен жасөспірімдер үшін жасалып жатқан игі істерге алғысымызды білдірдік. Жарыстың қызықты сәттері көп болды. «Ең жас сырғанаушы» атағын 2-сынып оқушысы Н.Қалыбаев алса, «Тосын көрініс» сәтінде ата-ана Миуа апаның мұз үстіне шығуы көрерменді таңғалдырды. Жұптасып сырғанаудың элементтерін көрсеткен Н.Жалғасбаев пен  С.Аленоваға ұстаздар риза болды. Әрине, жаңа басталған іске сыншы да көп, дегенмен жақсы іс жалғасын табатыны анық.
Ауылдың көркеюі осындай ұрпақтарға деген олардың сауатты, денсаулығы мықты азамат болып шығуына деген сенімді осындай азаматтардың жаңа бастамасы мен ауыл тұрғындарының қуаттауымен құндылықтары арта түсері сөзсіз.
Ауылымызда мектеп жанында еркін күрес, волейбол, стол теннисі және  тоғызқұмалақ  үйірмелері жұмыс істейтін.  Енді, міне,  мұз айдыны қыс айында ауыл балаларының сүйікті де қызықты күндерін өткізер алаңға айналғанының куәсі болып, оны өзге ауыл да біле жүрсін деген оймен басылым бетіне жариялауды жөн көрдім.
Гүлжамал Маханбетжанова,
ардагер ұстаз, аға мұғалім.
Арал ауданы,     
Шижаға ауылы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз