АУЫЛДЫҚ АУРУХАНАЛАР АЯҒЫНАН ТҰРДЫ

42

0

АУЫЛДЫҚ  АУРУХАНАЛАР  АЯҒЫНАН  ТҰРДЫЕлбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында, «Біз ұлт денсаулығын жақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жұмысы реформаланды» деген болатын. Биылғы дәстүрлі тарихи құжатта да әлеуметтік салаға әдеттегідей көңіл бөлінгені белгілі. Соның ішінде, медицина қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді. Алға қойылған мақсат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену.
Осы орайда  елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Соның ішінде біздің Сыр өңірінде де облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан іргелі істер баршылық. Әсіресе, ана мен бала өлім-жітімін, туберкулез, қатерлі ісік аурушаңдығын төмендету, мектеп және мектепке дейінгі балаларды сауықтыру, ауыл тұрғындарына тәулік бойы стационарлық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін облыста денсаулық сақтау саласының 2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітіліп, оған 4,4 млрд. теңге қаражат қаралды.  
Әлеуметтік саналатын туберкулез аурушаңдығы өткен жылдың қорытындысы бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 2012 жылмен салыстырғанда 92,8-ден 85,1-ге төмендеген. Сонда да болса, таралу қаупі басым ауруды төмендете беру мақсатында туберкулезбен емдеу ұйымдарын жалпы тұрғындармен қарым-қатынаста болдырмау үшін 2,5-3 метр қоршау жасау, туберкулезбен емдеу ұйымдарында санитарлық талаптарға сәйкес желдетпе сору жүйелерін орнату, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау, медициналық құрал-жабдықтармен, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қарастырылды. 
Ауылдық стационарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында бұрын жабылып қалған ауылдық ауруханаларды қайта ашу жолға қойылды. Мәселен, өткен жылы 9-ы, атап айтқанда, Арал ауданында Қамыстыбас ауылдық ауруханасы, Қазалыда Қожабақы, Бозкөл ауылдық ауруханалары, Қармақшыда Көмекбаев, ІІІ Интернационал ауылдық ауруханалары ашылса, Жалағаш ауданында Аққыр, Қаракеткен ауылдық ауруханасы, Сырдарияда Аманкелді, Шиелі ауданындағы Сұлутөбе, Жаңақорғанда Талап, Келінтөбе, Бірлік, Қожакент ауруханалары қайта ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Оларға жергілікті бюджеттен 315,1 млн. теңге бөлінген. Ал үстіміздегі жылы тағы төрт ауылдық аурухана іске қосылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 2013 жылы Қармақшы ауданындағы Төретам кентінде ауылдық емхана, Шиелі ауданында ауысымына 250 келушіге арналған емхана, Талсуатта «Республикалық балаларды оңалту орталығының» филиалы пайдалануға берілсе, облыс бойынша 15 дәрігерлік амбулатория ел игілігіне қызмет көрсетуде. Бұл ауылдық емханаларда, амбулаторияларда тұрғындардың күндіз қажетті ем-домдарын алуына барлық жағдай жасалған.   
Облыстағы жедел-жәрдем станциясының материалдық-техникалық ахуалын жақсарту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы халық санына қарай Арал ауданында бір, Қызылорда қаласында екі бригадалық топ ашылды. Бұл күнде қала орталығынан жедел-жәрдем орталығын салу үшін тиісті құжаттар дайындалу үстінде. Жалпы, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауға 2013 жылы 922,7 млн. теңге бөлініп, оған мамандандырылған 26 санавтокөлік және компьютерлі тамограф, тағы да басқа құрылғылар алынған. Қалалық аурухана базасында нейроинсультті бөлім ашылып, оған жедел инсультті анықтайтын компьютерлі тамограф қойылған. 
Өңірімізде денсаулық сақтау саласына жасалып отырған осындай қолдаулар нәтижесінде сала жыл сайын даму үстінде. Бүгінгі таңда түрлі күрделі оталардың жергілікті жерде жасалуы сөзіміздің нақты дәлелі бола алады. Мәселен, 2013 жылы облыстық медицина орталығының кардиохирургия орталығында 369 ота жасалған. Оның ішінде, ашық жүрекке 105 ота жасалса, урология бөлімінде 124 күрделі ота жасалса, травматологиялық – 54, сонымен бірге ОМО жанындағы нейроинсультті орталығында 53 күрделі ота жасалғанын мақтанышпен айтуға болады. 
Мемлекеттің басты байлығы адам десек, адамның басты қазынасы – денсаулығы. Ендеше дені сау адам ғана мемлекеттің байлығы, ұлт болашағы болып табылатыны белгілі. Осыны ескерген біздің елімізде қазақстандықтар саулығын сақтау, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамту мақсатында көптеген іргелі істер атқарылып келеді. Саланы қаржыландыру да жыл сайын арта түсуде. Мәселен, біздің облыстың өзінде 2012 жылы саланы қаржыландыруға 19 млрд. теңге жұмсалса, 2013 жылы ол 21 пайызға артып, 23 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылдан бастап саланы қаржыландыру республикалық бюджеттен шешіледі дегенмен, ағымдағы жылы қосымша жергілікті бюджеттен 12 млрд. теңге бөлініп отыр. Ол әрине, саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, дәрі-дәрмекке, өзге де мақсаттарға жұмсалмақ.   
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз