АҚЫЛЫ ЖОЛДАР ДӘУІРІ БАСТАЛАДЫ

52

0

Жол құрылысына әдетте көп қаржы
жұмсалады. Ол салынғаннан кейін оны күтіп-баптау да оңай емес, оған да аз қаржы
кетпейді. Бұл мақсатта бюджеттен қаржы шығынын жасамаудың бір тәсілі – жолды
ақылы ету. Дамыған елдерде бұл бұрыннан бар тәжірибе. Қазақстанда алғашқы ақылы жол өткен жылы пайда болды.
«Астана-Щучинск” автобаны ақылы жолға айналып, бір жылда 800 млн. теңгеден астам
қаржы тапқан болатын.

Жақында болып өткен Үкімет отырысында
алдағы кезеңде Қазақстандағы бірнеше автокөлік жолдары ақылы болатыны айтылды.
ҚР Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбек 2015 жылдан бастап, бірінші
санатты Қызылорда-Шымкент автожолын ақылы ету жоспарлануда екенін жеткізді. Екінші
санаттағы жолдар бойынша «Атбасар-Астана” бағыты аралығындағы жүк көліктері
ақылы болмақ. Үстіміздегі жылы қазақстандық жолдарда ақы жинау жүйесін орнату
жөнінде түріктің «Vendeka” компаниясымен келісім жасалған. Аталмыш жүйе 2015
жылдың 1 қаңтарынан бастап, тестілік режимде жұмысын бастайды деп жоспарлануда.

Министрлік жоспары бойынша 2022 жылға
қарай республикалық маңыздағы барлығы 7 мың шақырым жолда ақылы жүру
енгізіледі. Ақылы жолға айналмастан бұрын жолдар жаңадан салынады не қайтадан
қалпына келтіріледі. Айта кетерлік жайт, ІІ санаттағы жолдарда ақылы жүруден
елімізде тіркелген жеңіл көліктер босатылады екен.

Біздегі жалпы пайдаланымдағы жолдардың
ұзындығы 90 мың шақырымды құрайды. Республикалық маңыздағы жолдардың ұзындығы
23 мың шақырым болса, соның 30 пайызы, яғни қозғалыс қарқыны жоғары 7 мың
шақырымы ақылы болады. Министр бұл межеге 2022-2023 жылдары жететінімізді
мәлімдеді. «Сол уақытта барлық жолдарды бюджет қаражатынсыз-ақ толық ұстап
тұруды жоспарлап отырмыз” дейді сала
министрі. Олай болса, жолдарды күтіп ұстауға бөлініп келген мол қаржы басқа
қажеттіліктерге жұмсалатыны сөзсіз.

 

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз