АЙМАҚТА ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

48

0

АЙМАҚТА ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

Т.Жүргенов атындағы Шы­ғар­­­ма­шылық үйінің коммуни­кация­лық орта­лы­ғында
журналистермен кездескен облыстық статистика департаментінің басшысы Бақыт
Сапар биылғы жыл­дың алғашқы жарты­жылдық
қорытындылары туралы айтып берді.

Департамент басшысы алдымен нақты сектордағы қол жеткізілген
жетістіктер туралы баяндады. Алдын ала деректер бойынша өткен жылғы жалпы
өңірлік өнімнің көлемі 1374 млрд. теңгені құрады. Ал, биылғы жылдың бірінші
жартыжылдығында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 593,2 млрд. теңгені құраған. Яғни,
өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға азайған. Жалпы облыс
өнеркәсіп өнімі көлемінен республикада бесінші орында. Ал ауыл шаруашылығындағы
жалпы өнім көлемі осы кезеңде 4,7 пайызға артқан. Соның ішінде мал мен мал
өнімдерін өндіру де көбейген.

Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автожолы мен
«Бейнеу-Бозой” газ құбырының аяқталуына орай облысқа салынған инвестиция көлемі
төмендейтін еді. Дегенмен де, облыс әкімдігінің қолданған шаралары нәтижесінде
оның орны жаңа жобалар есебінен толтырылады. Ондай жобалар қатарында әуежайдан
жаңа терминал салу мен дария үстіне салынатын көпір секілді нысандар бар.

Нарықты экономика жағдайында сауданың алар орны ерекше. Соның ішінде
бөлшек сауда 23,6 пайызға, ал көтерме сауда 21,3 пайызға өскен. Сонымен қатар,
көлік пен байланыс қызметін көрсету көлемдері айтарлықтай артқан. Тұрғын
үйлерді пайдалануға беру жұмысы өткен жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға өскен.
Әсіресе, мұнда жеке тұрғындардың үлесі басым. Сондай-ақ, биылғы алты айда
негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі де едәуір артты. Бизнес
тіркелімі мен туризм саласында қызмет көрсететін субъектілер саны көбейген. Ал,
шағын және орта бизнесте 5577 кәсіпорын тіркеліп, ол өткен жылдың тиісті
кезеңімен салыстырғанда алты пайызға артқан. Осы кезең ішінде азық-түлік пен
киімдер және тұтынатын заттардың бағасы аздап болса да көтерілгендігі байқалды.

Есеп бойынша бірінші маусымға дейін қызылордалықтардың жалпы саны 745,6
мың адамды құрады. Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында облыста дүниеге келген
балалар саны сегіз мыңнан асты. Адамдардың өмір сүру ұзақтығы да өсе түскен.
Жалпы, аймақта демографиялық ахуал айтарлықтай жақсарған. Сондай-ақ, соңғы
жылдары облыста жұмыссыздық деңгейі азайып, еңбекке ақы төлеудің артқаны
байқалады.

Мәслихатты департамент басшысы жақсы
жаңалықпен қорытындылады. Нақтырақ айтқанда, аталған мерзімде Қазақстан
Республикасында жүргізілетін рейтингілік бағалау бойынша барлық орталық
мемлекеттік органдар арасында статистика агенттігі бірінші орынға көтеріліп,
осы агенттікке қарасты Қызылорда облыстық статистика департаменті екінші орынды
иеленген.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз