АЙМАҚТА ТЕОЛОГ МАМАНДАР САНЫ АРТАДЫ

89

0

АЙМАҚТА ТЕОЛОГ МАМАНДАР САНЫ АРТАДЫКеше
Қызылордаға Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті
университетінің ректоры, профессор Жуда Абдулғани Басюни мен аталған оқу
орнының бірқатар профессорлары арнайы іс-сапармен келді.

Қонақтарды облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев қабылдады. Құрметті меймандарға Сыр еліне хош келдіңіздер деген
Қырымбек Елеуұлы кездесуге қатысушыларға Жуда Абдулғани Басюни мырзаны
таныстырып өтті. Ол Египеттегі әлемге әйгілі «Әл-Асхад» университетінде көтеген
жылдар жемісті еңбек еткен. Профессор халықаралық дәрежедегі 120-дан астам
докторлық жұмыстарға ғылыми жетекші болған. «Әл-Асхад» университеті Египеттің ерекше
білім ордасы болып есептеледі. Елдің Конституциясына енгізілген бірегей
университеті саналады.

– Қазіргі таңда Ислам дініндегі
құндылықтарды халыққа дұрыс түсіндіру, тиімді жеткізу жолында дін
қызметкерлерінің білімі мен білігінің жоғары болуы аса маңызды. Сондықтан да
өңіріміздегі мешіттерді заман талабына сай жоғары білімді қадрлармен толықтыру
қажеттілігі туындауда, –деген облыс әкімі Елбасымыздың «Нұр-Мүбарак»
университетінің студенттерімен кездесуінде айтқан сөзін келтіріп өтті. «Біз
Тәуелсіздік жылдары ғана мұсылманшылыққа қайта оралдық… Соны қайтару үшін үш
мыңға тарта мешіттер ашылды. Молдалар жетіспегендіктен мешіттерде неше түрлі
адамдар істеді, елімізге исламның неше түрлі ағымдары келіп жатады. Олармен
сөйлесетін, түсіндіретін, нағыз исламды, Құранды білетін мамандар бізде аз. Мен
бұл университетті сол үшін аштым». Бүгінгі таңда университетте жыл сайын екі
жүзден аса маман даярлауға қол жеткізілген. Біздің аймақта жыл сайын
«Нұр-Мұбарак» ислам университетіне талапкерлердің артуына ықпал жасау көзделіп
отыр. Біз ағымдағы жылы универстиетте білім алушы сегіз студенттің оқу ақысы
мен жатақханасына демеушілік жасап отырмыз. Олар дәстүрлі ислам дінінен
тәлім-тәрбие алып, білікті де білімді маман болып шығатынына сенеміз, – деді
облыс әкімі. Аймақ басшысы кездесу
өткізіліп отырған облыстық әкімдік ғимараты Мысыр тарихында өзіндік орны бар,
кезінде Мысыр елі мен исламды крест жорығынан аман сақтап қалған Сұлтан
Бейбарыс есімімен аталатын көшеде орналасқанына назар аударып өтті.

Жуба Абдулғани Басюни мырза өз сөзін
барша қазақстандықтарды алдағы Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаудан бастады. Ол
«Нұр-Мүбарак» университеті Қазақстан мен Мысыр елі арасындағы ынтымақтастық
нәтижесінде дүниеге келген оқу орны екенін атап өтті. Оқу орнын бітірген жастар
жамағатты теріс жолға соқтырмайтындай білімді және білікті мамандар болып
шығады. Профессор мырза облыс әкімінің шақыртуына ризашылығын білдірді. Өзі
басқарып келген делегацияның басты мақсаты
облыс аумағында діни радикализм профилактикасы бойынша қызмет жасайтын
арнайы мамандардың, дін саласы өкілдерінің, мемлекеттік қызметкерлер мен
теологтардың біліктілігін арттыру және жалпы жамиғатқа дәстүр мен ислам дінінің
үйлесімділігін араб ғылымдарын ғылыми тұжырымдары арқылы көрсету екенін
жеткізді. Ол сонымен бірге Қазақстанның бас муфтиімен әр аймақта араб тілін,
ислам қағидаттарын үйрететін орталықтар ашу туралы ой бөліскенін айтты. Осындай орталықтарда
тәлім алған жастарға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам университетіне оқуға түсуде
жеңіл болмақ. Облыс әкімі құрметті мейманға бұл бағытта барлық қолдаулар
жасалатынын мәлімдеді. Сонымен бірге
біздің ата-бабаларымыз Ислам діні мен көшпенділер әлемінің құндылықтарын
жарасымды үйлестіре білгенін, Сыр өңірін Ислам өркениетінің ерекше сипаттағы
ошағына айналдыра алғанын атап өтті.

Бұдан кейін аймақта дәстүрлі дінімізді
жетік меңгерген білікті теолог мамандардың санын арттыру мақсатында
Қазақстандағы жоғары діни оқу орны мен Қызылорда облысы әкімдігінің өзара
ынтымақтастық пен іс-қимыл туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Оған
Қызылорда облысы әкімдігі атынан облыстық дін істері басқармасының басшысы
Нұрхан Жәлиев және «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университеті атынан ректор
Жуда Абдулғани Басюни қол қойды.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз