АЙМАҚТАҒЫ ДІНИ АХУАЛ САРАЛАНДЫ

56

0

Облыстық прокуратура жанындағы
заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті
отырысы өтті.

Облыс прокурорының орынбасары,
қоғамдық кеңес төрағасы Руслан Райхановтың төрағалығымен өткен отырыста екі
мәселе қаралды. Оның алғашқысы – «Аймақтағы діни тұрақтылықты сақтау және
рухани келісімді нығайту” мәселесі бойынша әлеуметтік-экономикалық саладағы
заңдылықты қадағалау басқармасының бөлім басшысы Нұркен Тұрғанбай баяндап
берді.

Кез келген мемлекетте, әсіресе көп этникалы және көп конфессиялы
қазақстандық қоғам жағдайында рухани бейбітшілік пен келісімнің болуы аса
маңызды. Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің конфессиялық кеңістігі елеулі
кеңеюімен қатар дәстүрлі емес діни ағымдардың өз қатарларына азаматтарды,
әсіресе жастарды тартуға бағытталған қызметі белсене түсті. Бұл ретте жаңа
жақтаушыларды радикалдық діни құрылымдарға тартуға ықпал ететін ішкі
факторларға әлеуметтік-экономикалық проблемалар, тұрғындардың діни сауаттылығының
төмен деңгейі, өскелең ұрпақтың моральдық-имандылық және патриоттық тәрбиесінің
кемшіндігін жатқызуға болады.

Облыстық прокуратураның арыздары бойынша сот шешімдерімен 37 діни
мазмұндағы ақпараттық материалдар экстремистік деп танылып, республика
аумағында таратылуына тыйым салынған. Аумақтағы діни ахуал және оның даму
болжамдарын саралай отырып, оны шешу жолдары жергілікті және уәкілетті
органдарға уақытылы ұсынылуда. Мысалы, облыста діни әдебиетті және діни
мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды ғибадат ғимараттарынан тыс жерлерде
тарату жайы талданып, діни әдебиетті тарату үшін тұрақты үй-жайлардың
белгіленген саны халықтың қажеттіліктеріне жауап бермейтіндігі анықталған.
Сондықтан олардың санын халықтың қажеттіліктері мен сұранысына жауап беретіндей
деңгейге жеткізу мәселесін қарастыру жөнінде уәкілетті органға хат жолданған.
Сонымен бірге елі­міз Конституциясында
бекітілген конфессиялық белгі бойынша кез келген кемсітушілік нысанына тыйым
салатын қағиданың сақталуына бағытталған жұмыстар да атқарылуда. Ұлттық
қауіпсіздік комитетінің облыс және Байқоңыр қаласы бойынша департаментімен
бірлесіп былтыр ұлттық және діни алауыздықты қоздырумен ұштасқан Коджабергенов
пен Рахматуллиннің қылмыстық әрекеттері әшкереленген. Сөйтіп, олар сот үкімімен
бас бостандықтарынан айырылған.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заң талаптарын бұзғаны үшін
11 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Солардың бірі Ю.Шляпкин тіркелмеген
діни бірлестікті заңсыз басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 100 айлық есептік
көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Ал қалған қатысушыларға заңды
түсіндіруге прокурорлық ықпал ету актілері енгізілген. Сондай-ақ, жастар
арасында теріс ағымдарға және радикалдық идеологияға қарсы көзқарасты
қалыптастыруда азаматтық қоғам институттары қуатты құрал болып табылады.

Кеңес отырысында діндарлардың құқығын қорғау тиімділігінің артуына және
жастардың тиісті деңгейде мәдени, діни – өнегелі, патриоттық дамуы мен
тәрбиесіне ықпал ету жолдары айқындалды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ҚР Бас прокуратурасы құқықтық
статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйелері
туралы облыс бойынша басқармасы бастығының орынбасары Сәкен Айтманбетовтің
хабарламасы тыңдалып, талқыланды.

Кеңес отырысында комитеттің ақпараттық жүйелерінің маңыздылығын және
бақылау, қадағалау жұмыстарын жүргізу барысында тигізетін оңды әсерін ескеріп,
оларды облыстық прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдарына кеңінен
қолдану, сондай-ақ аталмыш басқармаға прокуратура және басқа құқық қорғау
органдары қызметкерлеріне ақпараттық жүйелермен жұмыс жасауды үйрету және
жүйенің қалыпты жұмыс жасауын бақылау тапсырылды.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз