АЙМАҚТЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫ АРТА ТҮСТІ

50

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар
жол” атты Жолдауы жаңа экономикалық саясатқа бағытталған, еліміздің дамуын
айқындайтын әрі ғаламдық дағдарысқа төтеп беретін басты бағдар болып отыр.
Соның ішінде мемлекет басшысы ел экономикасын дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді
есепке ала отырып белсенділікпен жұмыс жасауға тиісті жеті басым бағытты
айқындап берді. Сөз жоқ, осы басым бағыттардың ішінде елді индустриялық және
инновациялық тұрғыдан дамытудың алар орны ерекше екені белгілі. Елбасының
Жолдауынан туындайтын осындай міндеттерді жүзеге асыруда облыста қандай
жұмыстар қолға алынуда? Осы орайда біз облыстық индустриялық-инновациялық даму
басқармасының басшысы Мұрат Имандосовты әңгімеге тартқан едік.

– Мұрат Самұратұлы, Елбасы Жолдауының
жарияланғанына да көп бола қойған жоқ. Дегенмен де, ел экономикасын дамытуға
жүктеліп отырған жүк жеңіл еместігі де байқалады. Осы тұрғыдан алғанда салада
қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Әлбетте.
Елбасының жақында халыққа арнаған Жолдауындағы басты міндеттердің бірі – жаңа
инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажеттігін, іскерлік
белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажеттігін
тапсырған болатын. Негізі облыста инвестициялық және инновациялық белсенділікті
арттыру мақсатында биылғы жылы екі инвестициялық форум өткізілді. Форум аясында
қаржы, білім саласы, металлургиялық кластерді дамыту, ауыл шаруашылығы саласы,
индустриялық-инновациялық даму және туризм саласы бойынша 24 меморандумға қол
қойылды. Бүгінде осы жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Жасалған келісімдерге орай алдағы 2015-2018 жылдары облысымызға 300 млрд.
теңгеге жуық инвестиция тартылады деген жоспарымыз бар.

Алдағы
жылдан бастап өңірімізге қомақты түрде инвестиция тартуға мүмкіндік беретін бірнеше
маңызды жобалар да бар. Атап айтқанда, жобалық құны 85 млрд. теңгені құрайтын
Жаңақорған ауданында «Шалқия” қорғасын-мырыш кен орнындағы кенішті кеңейту және
жылына 4 млн. тонна кен шығаратын комбинат құрылысы мен Шиелі ауданында жалпы
құны 34,9 млрд. теңгенің «Баласауысқандық” кен орнындағы кен базасын кеңейту
және кен өңдеу көлемін жылына 1 млн. тоннаға дейін ұлғайту жобалары бар.
Сондай-ақ, осы жылы Қызылорда қаласынан құны 45,5 млрд. теңгенің қуаттылығы 162
мың тонна төмен аллюминийлік ферросилиций шығаратын ферроқорытпа зауытының
құрылысы мен жалпы құны 52,1 млрд. теңгелік Қызылорда қаласында қуаттылығы
жылына 197100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысының жобалары
жүзеге асырылатын болады. Бұл облыстың өнеркәсіп саласындағы басты жобалар.

– Облысты индустриялық-инно­вация­лық тұрғыдан
дамыту барысында қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Айта кету
керек, Елбасы Жолдауына орай облыста келесі жылдан бастап іске асатын Үдемелі
индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған
бағдарламаны іске асыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Негізі
қазір Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында облыста жалпы құны 189,8
млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылуда. Осы жобаларды іске асыру
барысындағы құрылыс кезінде уақытша 3186 жұмыс орны және іске қосылғанда 3054
жұмыс орны құрылатын болады. Соның ішінде өңірлік картада құны 137,7 млрд.
теңгені құрайтын 25 жоба бар болса, республикалық картада құны 52,1 млрд.
теңгені құрайтын жалғыз – «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197100 тонна
табақша шыны шығару және өңдеу зауыты” құрылысының жобасы бар. Бұл жоба іске
қосылғанда жаңадан 300 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Өңірімізде
бүгінгі күнге дейін өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген 25 жобаның
ішінде құны 78,5 млрд. теңгені құрайтын 15 жоба іске асып, 824 адам жұмыспен
қамтылды. Сондай жобалардың бірі үстіміздегі жылғы қаңтар айында өңірлік
Индустрияландыру картасы аясында Қызылорда қаласында «Хуа Ю интернационал в
Кызылорде” ЖШС «Химиялық реагенттер өндірісінің көлемін ұлғайту” жобасын іске
асырды. Енді жыл соңына дейін жалпы құны 3,8 млрд. теңгені құрайтын үш жобаны
іске қосып, 559 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Солардың бірі «Жан Арай
Жем” ЖШС «Құрама жем өндіру зауыты” іске қосылады. Құны 375,9 млн. теңгелік бұл
жоба жұмыс істей бастағанда тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіреді. Жалпы
желтоқсан айында іске қосылғалы отырған бұл зауытта 60 адам жұмыс істейтін
болады.

Сондай-ақ, алдағы күндері «Арал тұз”
акционерлік қоғамының «Техникалық және ас тұзын өндіру” өндірісін жаңғырту
жұмысы да аяқталады. Жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба пайдалануға
берілгенде жылына 200 мың тонна техникалық және ас тұзын өндіреді. Ал онда сол
кездері 343 адам жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар биылғы жылдың соңына
дейін іске қосылатын басты жобалардың бірі, «БИС групп” ЖШС-ның «Мия
тамырын өңдеу зауытын ашу және мияны
өсіру” жобасы. Бұл жобаны іске асыру барысында оның құны 1,8 млрд. теңгеден 2,4
млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Медициналық мақсатта аса қажетті дәрі-дәрмек өндіруге
бағытталған бұл жоба іске қосылғанда мың тонна мия тамырының экстратын және 100 тонна глициризинат
моноаммониясын шығарады. Онда 156 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусымдық
кезеңде 564 адам жұмысқа тартылады.

Жалпы 2015-2018 жылдары Индустрияландыру
картасында құны 150,9 млрд. теңгені құрайтын құрылыс, мұнай өңдеу, машина
құрастыру, металлургия және тағы да басқа салаларды қамтитын 8 инвестициялық
жоба іске қосылып, соның аясында 1672 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.


Облыстың өнеркәсіп саласындағы ахуал қалай?

– Биылғы жылы облыстың өнеркәсіп
саласында Индустрияландыру картасынан тыс құны 2,8 млрд. теңгені құрайтын 9
жоба іске қосылып, соның нәтижесінде 223 жаңа жұмыс орны ашылды. Дегенмен,
үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айларында облыс бойынша өнеркәсіп өндірісінің
көлемі 966,6 млрд. теңгеге орындалып, нақты индекс көлемі өткен жылдың тиісті
кезеңімен салыстырғанда 97 пайызды құрады. Яғни, оның үш пайызға төмендегені
байқалды. Негізі өнеркәсіп саласының төмендеуіне мұнай кен орындарында қысым
қабатының мөлшерден тыс сулануы мен «Құмкөл”, «Оңтүстік Құмкөл”, «Ашысай” және
тағы басқа кен орындарын іске қосу мерзімінің 20-25 жылға ауысуына орай шикі
мұнай өндіру көлемінің азайып кеткендігі себеп болуда. Соған қарамастан облыс
басшылығының тарапынан биылғы жылдың қорытындысымен өнеркәсіп саласының, соның
ішінде өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштерін жоғарылату бойынша жұмыстарды
жандандырып, өсудің оң нәтижелеріне жету үшін және жергілікті мазмұнды дамытуға
байланысты іс-шаралар қабылданды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңдеу
өнеркәсібі саласында он айлық көрсеткішті жүз пайыздық межеден асыруға қол
жеткізілді. Нақтырақ айтқанда, өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібі саласында он айда
58,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Сөйтіп, нақты индекс көлемі өткен жылдың
осы кезеңімен салыстырғанда 102,9 пайызды құрады.


Аймағымызда индустриялық аймақтар құрудың барысы қалай?

– Бүгінде аймағымызда жаңа өндіріс
орындарын құруды қолдау бойынша әрі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру
үшін индустриялық аймақтар құру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бір
Қызылорда қаласының аумағынан индустриялық аймақ үшін жалпы көлемі 760 гектар жер бөлінді.
Осы индустриялық аймақты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында
өткен үш жылда қажетті қаржы бөлініп, оған электр, телефон желісі, автокөлік
жолдар құрылысы, су және кәріз жүйелері жүргізілді. Биылғы жылы осы мақсатқа
464,4 млн. теңге бөлініп, мердігер компаниялар инженерлік инфрақұрылымдарды
аяқтау барысындағы жұмыстарды атқаруда. Мұнан бөлек индустриалды аймақтың электр
желілерін жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 20,8 млн. теңге
қаржы бөлініп, ол толықтай жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Алдағы жылы
да осы мақсатқа республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге болу жоспарлануда.
Сонымен қатар облыстың барлық аудандарында да индустриялық аймақтар құруға жер
телімдері бөлініп, олардың инженерлік инфрақұрылымдарын жүргізуде кең көлемдегі
жұмыстар жасалуда.

Жалпы Елбасы Жолдауынан туындайтын
міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облысқа инвестиция тарту мен
индустриялық-инновациялық бағдарламаны дамыту барысында қолға алынатын жұмыстар
біздерден зор жауапкершілікті талап етеді. Өз кезегінде біз де сондай талап
үдесінен шығамыз деп ойлаймын.


Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз