АЙМАҚТЫҢ ТРАНЗИТТІК ҚУАТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

63

0

«Көлік инфрақұрылымы-индустриялық экономика және қоғамымыздың тамырына
қан жүгіртетін жүйе» деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына
бірқатар міндеттерді қойғаны белгілі. Бұл міндеттер негізінен еліміздегі көлік
инфрақұрылымын дамыту арқылы әлемдік көліктік-коммуникативтік жүйенің бөлігіне
айналуды көздейді. Өйткені инфрақұрылым
экономикалық өсу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Қызылорда облысының транзиттік әлеуеті облыс аумағыныңАзия
аймақтарының, Таяу және Орта Шығыс, Еуропамемлекеттерімен байланыстыратын
(әуе, теміржол және автомобиль жолдары) жолдардың қиылысында экономикалық
тиімді орналасуымен сипатталады. Қысқасы, Қызылорда облысында жолаушыларды және
жүкті тасымалдауғатеміржол, автомобиль және әуе
көліктеріқолданылады.

Болат жолдың бойымен…

Темір жол саласы қай кезде де экономи­ка­мызды
өрістетуге айрықша үлес қосып ке­леді. Басты буын осынысымен ерекше. Жол­дан
қалмауды мұрат тұтқан баршамыздың тір­шілігіміз осы құрылыммен біте қайнасып
жат­қаны шүбәсіз. Сыр өңірінің ең тиімді
тасымал көлігі теміржол болып келгені мәлім. Ғасырдан астам тарихы бар
«Мәскеу-Ташкент» теміржолы аймақтың басты күретамыры саналды. Бұл магистральдың тек қана біздің аймағымыз
ғана емес, сонымен бірге еліміздің әлеуетін көтеруге қосқан үлесін айту үшін
бөлек тақырып керек. Ал бүгінгі күннің талабы тек бұл жолға ғана телміріп
отыруды қанағат тұтпайтыны анық.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде қаншама шақырым
темір жол желісі салынды. Солардың ішінде құрылысы осыдан екі жыл бұрын
басталған «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының орны бөлек. Нақты кезеңде
«Жезқазған-Бейнеу» темір жолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айта кетейік,
аталған жол Қазақстанның орталығын еліміздің батыс бөлігімен, Ақтау айлағымен
жалғастырады. Мамандардың айтуынша, Қытай – Ақтау порты – Баку – Грузия –
Түркия – Еуропа мемлекеттері шекарасының транзиттік бір бөлігі болатын
«Жезқазған-Бейнеу» темір жолы құрылысы қолданысқа берілген кезде Қытайдан кәрі
құрлықтағы порттарға жіберілетін жүк тасымалы 42 күннен 12 күнге дейін
қысқарады. Ал, темір жол табаны елдің орталығынан оңтүстік батысқа қарай –
Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумағы арқылы өтіп, құлазыған
далаға тіршілік енеді.

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдау­ында: «Біз
ұзындығы 1200 шақырым болатын «Жез­қазған-Шалқар-Бейнеу» жаңа темір жолын салып
жатырмыз. Ол орталықтың көптеген ау­дандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен
батысын тікелей байланыстырады. Бұл ма­гистраль Каспий мен Кавказ арқылы
Еуропаға шығуға мүмкіндік береді» деген еді. Демек, бұл жоба толық жүзеге
асқанда Еуропа мен Азия арасында алыс-беріс пен барыс-келіс ұлғайып, еліміздің
экспорттық әлеуеті еселеп артады деген сөз. Бір ғана «Сексеуіл-Жезқазған» темір
жолының бойында барлығы 13 станция мен 30 жолайрық салынып, үш мыңнан астам
адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қарақұмды қақ жарған болат жолдың
бойында бүгінде қайнаған еңбек. 2012 жылдың маусым айында өткен Индустриалдық
форумда Елбасы жалпыұлттық телекөпір арқылы «Жезқазған – Бейнеу» темір жолын
салуға старт берген кезде ел қуанышында шек болмаған еді. Бұған әсіресе, мал
шаруашылығымен айналысқан Қарақұмның халқы айрықша қуанған. Аталған темір жол
құрылысының бір сәтте екі бағыттан басталғаны белгілі. Орталық Қазақстанның Жез­қазғанынан
бастау алған жол Жезді, Қар­сақбай кенттерін басып өтеді. Қазіргі күні жол
салушылар «Қоскөл» станциясына жетіпті. Ал, біздің аймақта «Қарашеген», «Абай»
станциясы арқылы жүретін темір жол құрылысы аяқталды. «Абай» станциясынан 60
шақырым жердегі «Құлжұмыр-Қасқатөбе» жанындағы №13 бе­кет­тегі жол төсеу
жұмыстары да аяқталуға жа­қын. Алдағы жылы Сексеуіл тораптық стан­саға ауысып,
қосымша қызметтер мен та­сы­малдауды үзбей жүргізу мақсатында ин­фрақұрылым
қызметтері дамитын болады. Иә, мұндағы темір жолдың бойында жол төсеумен бірге
инфрақұрылым да жасақталуда. Бекеттер мен елді мекендер бой көтеріп, оларда
түрлі әлеуметтік нысандар салынады. Сондай ны­сан­дардың бірі – Қарақұмдағы «Абай»
стан­циясында салынып жатқан темір жол вокзалы.

Сексеуіл тармағы тартылып бітісімен 12 жолаушылар
пойызына жол ашылады деп жос­парлануда. Сонымен қатар, осы станса ар­қылы
күніне бірнеше тауарлы құрамалар екі бағытқа керуен түзейді. Жалпы, бұл жолмен
жылына 21 млн. тонна жүк тасымалданады. Ұзақтығы мың шақырымнан асатын темір
жол құрылысы аяқталып, ол іске қосылған кезде біздің облыстың дамуына серпінді
күш беретіні анық. Біз ол кезде логистикалық жағынан тиімді орналасқан аймаққа
айналып, еліміздің барлық облыстарына темір жол арқылы шыға алатын боламыз.

Көлік инфрақұрылымы –
ел игілігіне

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралін қайта салу
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы қолға алынды. Батыс пен
Шығысты жалғаған сауда магистралі – «Ұлы Жібек жолын» бес ғасыр өткен соң қайта
жаңғыртуды Елбасы өзі ұсынған еді. Нәтижесінде көрші мемлекеттермен бірқатар
меморандумдар қабылданып, жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Бұл жоба Қазақстан үшін еліміздің транзиттік әлеуетін іске асырумен қатар
республикамыздың оңтүстігі мен батыс өңірлерінің бір-бірімен сенімді көлік
байланысын орнатуы үшін де тартымды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық көлік дәлізі
бұл – Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа жолы. Бұл қашықтықты
аталған көлік дәлізімен жүріп өтуге 10 күн кетеді, ал теміржол арқылы жүріп
өтуге 15 күн жұмсалатын болса, теңіз арқылы аталған қашықтықты жүріп өтуге бір
жарым ай уақыт (45 күн) кетеді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажо­басының құрылысы
аяқталғаннан кейін оның бойындағы инфрақұрылымдарды бастау ісі қолға алынады.
Яғни үлкен жолдың бойынан халықаралық талаптарға сай келетін қонақ үй­лер мен
автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтары және тамақтанатын орындар
секілді көптеген нысандар салынады.

Бүгінгі күні құрылысы аяқталуға жақын қалған,
ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай” транзиттік дәлізінің еліміздің
экономикасына берері көп. Бес ғасыр өткеннен кейін қайта жанданып отырған Ұлы
Жібек жолы бойындағы өңірлердің дамуы қарқын алып, ішкі және сыртқы сауда
дамиды. Мұхиттар мен теңіз жолдарынан алыс жатқан Қазақстанның теңіздерге шығу
мүмкіндігі артып, көлік кешенінің қарқыны еселеп артады. Халықаралық күре
жолдың жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, Қазақстан аумағынан өтетін 2787
шақырымның 812 шақырымы Қызылорда облысына тиесі­лі. Бұл Қазақстандағы басқа
өңірлермен салыс­тырғанда ең үлкен учаске болып табылады. Автодәліз облыс
орталығы мен барлық же­ті ауданның арасын жалғастырып жатыр. Ха­лық­аралық
автомагистральдің облыс эконо­ми­касына қосар үлесі де аз болмаса керек. Со­ның
бірі, ұлы жол бойында заманауи та­лаптарға сай келетін сервистік қызмет көрсету
нысандарының пайда болып, жұмыс істей бастауы. Дәлірек айтқанда, бұрынғы
замандардағы керуен сарайлардың бүгінгі уақытқа сай келетін нұсқалары қажет.
Жол жүріп келе жатқан жолаушы аялдап, тамақтанып, тынығып демалуына, көлігіне
май құйдыртып, кем-кетік жерлерін жөндетіп алуына толық мүмкіндік жасалуы тиіс.
Сондықтан да «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аумағында
сервистік жүйені дамытуға көңіл бөлініп отыр. Дәліздің 1624 шақырымында Қорқыт
Ата мемориалдық кешенінің жанынан «Дорстрой» ЖШС-ның «Қорқыт Ата мінәжат ету
орталығы» жобасының құрылысы аяқталды. Ол жерде 20 орындық қонақ үй, 60 адамға
арналған мешіт, 150 орындық ас беретін орын, дүкені мен шеберханасы, киіз үй
қалашығы, техникалық қызмет көрсету орталығы орналасқан. Сонымен қатар ұлы жол
бойында жергілікті кәсіпкерлер салған сапаржайлар лайда болуда. Мұндай
сапаржайлар салынуымен халықаралық трас­са бойымен өтетін транзиттік көліктер
мен жо­лаушылар ағынына қызмет көрсете отырып, Оқшы Ата, Сығанақ, Сауран,
Түркістан, Арыстан баб, Қаратау сілемдері, Қорқыт Ата, Жанкент, Байқоңыр,
Қамбаш көлі секілді керемет жер­лер және тарихи-мәдени ескерткіштермен танысуына
мүмкіндік жасай алатынын жеткізді.

Ұлы Жібек жолының Қызылорда бөлігі та­ри­хи
ескерткіштердің, археологиялық, сәулет, қала құрылысы, қала тұрғызудың және мо­­ну­ментальды өнердің керемет кешені
бо­лып табылады. Бүгінгі күні облыстың ту­ризм инфрақұрылымы 12 қонақ үй, 2
сауық­тан­ды­ру орны, 8 балалар сауықтандыру ла­ге­рі, 36 орналастырумен
айналысатын же­ке кәсіп­керлер, 8 мұражай,
543 тарихи ар­хи­тектуралық ескерткіштер мен табиғи ресурс­тармен қам­тылған.
Облыстағы туризмнің дамуының негізгі бағыттары – экологиялық туризм (Арал
теңізі, Жаңақорған ауданындағы Қаратау), жағажай туризмі (Қамбаш көлі),
спорттық туризм (жаяу, тауға шығу), «Байқоңыр» космодромына мә­дени-танымдық
туризм және іскерлік туризм болып табылады. Автодәліз бойында облыс хал­қының
басым бөлігі тұрып жатыр. Бұл үлкен жол бойында қызмет көрсету бизнесінің
өрістеуіне мүмкіндік береді. Жаңа нысандар ашылып жатса, жаңа салық көздері,
жаңа жұмыс орындары пайда болады. Уақытша сақ­тау қоймалары бар
сауда-логистикалық орта­лық салу, жылыжай шаруашылықтары мен ет және сүт
бағытындағы шағын зауыттар құру транзиттік аймағымыздың әлеуетін арттырады.

Келер жылы Қызылорда-Жезқазған автомо­биль жолы
жөнделетін болады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев «Биыл
республикалық маңызы бар трассаның 59 шақырымына жобалау жұмыстары
жүргізілді. ҚР Даму инвестициялар министрлігіне жоба­ның сметалық құны бойынша
36,9 млрд.тең­геге қаржы бөлу туралы ұсыныс берілген. Қы­зылордадан
шыққан көлік Астанаға жету үшін 1917 шақырым жол жүру керек. Ал, Жезқазған
арқылы Астанаға 1100 км-ді құрайды. Сондық­тан қызылордалықтар үшін бұл жолдың
маңыздылығы жоғары», – деп мәлімдеді.

Қызылордада халықаралық
әуежай

Қызылорда әуе кеңістігі арқылы көптеген авиажелілер
өтіп жатыр. Ал Қызылорда әуе­жайы бүгінде ірітонналы әуе кемелерін қабыл­дау
мүмкіндігіне ие. Заманауи талаптарға сай
халықаралық терминал құрылысы жүруде.

Қазан айында Қызылорда әуежайына «ха­лық­аралық»
мәртебе берілді. Қазіргі кезде бір­қатар әуе компанияларымен алдын ала ке­­лісімге
келіп жасалған. Жақын уақытта Қы­зылордадан Бейжің, Стамбұл, Мәскеу, Дубай
қалаларына тікелей әуе рейстері қатынайтын болады. Сонымен бірге Байқоңырдағы
екі әуе­жайды да пайдалану мүмкіндіктері қарасты­рылатын болады.

Міне, аталған инфрақұрылым желілері ай­мақтың
транзиттік әлеуетін арттырады. Әри­не, логистикасыз бизнес жоқ, инфрақұры­лымсыз
даму болмайды. Ал солардың қатарында «Бей­неу-Бозой-Шымкент» газ құбыры облыс
елді мекендерін газдандырып қана қоймайды, сонымен бірге аймақ экономикасына қо­сым­ша
қуат береді. Қазіргі таңдағы әлем эко­номикасындағы өсімнің баяулай түскен
шағында Елбасы бастамасымен республикамызда ірі инфрақұрылымдық жобалардың
жүзеге асып жатуы өңірлердің экономикалық қуатын ашу­ға қолайлы жағдайлар
туғызуда. Оның мысал­дарын біздің облыстан да жеткілікті көруге болады.

Мұхитқа шығар жолы жоқ Қазақстан Шы­ғыс пен Батыстың
байланысар тиімді кө­пі­ріне айналуына барынша әрекет етіп келе жат­қаны барша
әлемге мәлім. Осынау ұлы мақ­са­тын жүзеге асыру үшін «Жаңа Жібек жо­лы»
бағдарламасы қолға алынып, жүзеге асырыла бастағанына да біршама жылдың жүзі
болды. Игілігі мол болар бағдарлама толық іске қо­сылғанда әлемдік экономиканың
дамуына оң ықпалын тигізетін болады. Одан, әрине, Қа­зақ­станның ұтары көп
болмақ. Оның ішінде, әлбетте, біздің Сыр өңірі де бар.

Елбасымыз күні кеше ғана Қазақстан хал­қына жариялаған
«Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында былай деді. «Қазақстандықтар
салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жа­ңар­тады.
Олар біздің еліміздің барлық түкпір­лерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк
тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің аза­маттарымыз
заманауи және сапалы авто­ма­гистральдармен жүріп, кез келген өңірге қау­іпсіз
және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және зама­науи
мектептер мен ауруханалар жоғары са­па­лы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол
әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады.»

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз