«ҚАЙСАРҒА» ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

48

0

Өткен аптаның сенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қайсар» командасы басшылары, ойыншылары мен жергілікті жанкүйерлерді қабылдады. Жүздесу барысында жұртшылыққа жаңа бапкер таныстырылды. 
Алдағы жылы қызылордалық клубты қазақстандық белгілі маман Дмитрий Огай жаттықтыратын болды. Бұл есім еліміздің жанкүйерлер қауымына жақсы таныс. Ол 1960 жылы 14 мамырда Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында дүниеге келген. Футболшылық өмірін өзінің кіндік қаны тамған қаланың «Химик» командасынан бастаған. Бас бапкер есебіндегі еңбек жолын 2000 жылы Петропавлдың «Есіл-Богатырь» клубынан бастап, алғашқы жоғары табысы – күміс жүлдегер атанды. 2002, 2003 жылдарда Павлодардың «Ертісін» екі мәрте алтын медальға қол жеткізді. 2005 жылы Қостанайдың «Тобылының» тізгінін ұстаған Д.Огай аталмыш ұжыммен бірге үш күміс, бір қоланы еншіледі. Одан кейін Қазақстанның «Қайрат», «Тараз» клубтарында бас бапкер болды. Сондай-ақ, Ресейдің «Урал» және «Нефтехимик» клубтарына жетекшілік жасады. 
Облыс әкімі жаңа бапкер алдына жоғары міндеттер жүктеліп отырғанын жеткізді. Келер жылы үздіктер қатарына қайта қосылған «Қайсар» жанкүйер сенімінен шығып, табысты ойын көрсетуге тырысады. Оған барлық қамқорлық жасалады. Қазіргі таңда команданың базасы қайта жөндеуден өткізіліп жатыр. Алдағы уақыттың еншісінде 3 мың адамға лайықталған жабық стадион салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, команданың өткен жылдан қалған берешегі жақын арада толықтай өтелмек.  
Келесі кезекте Д.Огай өзіне сенім білдірген аймақ басшысы мен барша қызылордалықтарға ризашылығын білдірді. Сол сенімді ақтауға күш салатынын жеткізді. Жүздесу барысында «Қайсар» командасының жанкүйерлер тобын біріктірген «Дала қасқырлары» фан-клубының жетекшісі Ерік Теңізбаев облыс әкімне жергілікті жұртшылық атынан алғысын білдіріп, құрмет көрсетті. 
Жүздесуден кейін Д.Огай «Қайсардың» бас бапкері есебінде жергілікті журналистерге алғашқы сұхбатын берді. Алдағы желтоқсан айының 7-сі күні команда жаңа маусымға алғашқы дайындығын бастайды. Үш оқу-жаттығу жиынының екеуі Түркияда өткізіледі деп ойластырылып отыр. Сол әзірлік барысында әрбір шепке қажетті футболшылар таңдалады. 
Әділжан ҮМБЕТ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз